Жетім балалар мен ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған №1 мектеп-интернатқа жақсы желеумен аяқ бастым. Бұл жерде жуырда асырап алушы ата-аналар мектебі ашылды. Интернаттың әлеуметтік педагогы Айсұлу ҚАДЫРЖАНОВА жаңа мектеп жұмысы туралы әңгімелей бергенде, кенет кабинеттің есігі жайлап ашылды да, бір тентек балақайдың басы жылт етті...
АРТЕМНІҢ ЖӘНЕ БАСҚАЛАРДЫҢ АРМАНЫ
– Сәлеметсіз бе! Мен сізді білетін сияқтымын, - деді ол маған қарап көзін қысып. – Айсұлу апа, мен осы жерде болам. Шақырасыз ғой, жарай ма?
Менің сұхбаттасушым басын изеді.
– Артем КАРИПАНОВ (суретте), біздің тәрбиеленушіміз. Сәбилер үйінен осы жерге жіберілді. Интернатта он жылдан бері тұрып келеді. Оны танығаннан бері басты арманына қанық болдым, – деп бөлісті Айсұлу Жұмапиқызы бала есіктің ар жағына шығып кеткен кезде. – Ол үнемі әзір тұрады. Интернат аумағына бөгде адамдар пайда болса, отбасылы болғысы келетінін есіме түсіру үшін маған қарай алып ұшады. Өкінішке орай, бізде асыраушы ата-аналар кішкентай балаларға назар аударады. Ал Артемнің жасы 13-те. Бірақ ол да біз сияқты жуық арада оны жақсы көретін отбасы пайда болады деген үмітін жоғалтпайды. Өте еңбекқор, жылы шырайлы және адамға үйір, көпшіл бала...
Осы кезде есік сәл ашылды, бұл тағы да Артем болатын:
– Айсұлу апа! Сіз мен туралы ұмытқан жоқсыз ба?
Бірер секундтан кейін ол менің қасымда отырды:
– Бәрінен бұрын отбасым болғанын қалаймын. Анам, әкем, ағам, апам, бауырларым болса... Мен жақсы ұл боламын. Адам тілегім орындалса деп армандайды ғой. Менің өмірімде де отбасым пайда болатынына сенемін.
Бүгінде №1 мектеп-интернатында 3-тен 18 жасқа дейінгі 114 бала тәрбиеленуде. Бұл балалардың барлығының арманы осы.
ЕМТИХАНСЫЗ ОҚУ
– Айсұлу Жұмапиқызы, асырап алушы ата-аналар туралы айтсаңыз.
– Біз асыраушылар немесе қамқоршылар болуды ұйғарған адамдарға, сондай-ақ, патронаттық тәрбиеші болуға үміткерлерге қол ұшын береміз. Қамқорлыққа алу немесе баланы асырап алу – игі іс, бірақ бұл үлкен жауапкершілікті талап етеді. Үміткер ата-аналардың бәрі бірдей өздерінің нақты мүмкіндіктерін бағалай алмайды. Көпшілігі өздері бетпе-бет келуі мүмкін қиыншылықтарды жете түйсіне алмайды.
Оқу барысында біз әр жағдай үшін түрлі кеңестер жиынтығын ұсынбаймыз, бірақ әр жағдайдан жол тауып, оңтайлы шешім қабылдауды болашақ ата-аналардың өздеріне қалдырамыз.
Мектеп тыңдаушылары бізге қамқоршылық және қорғаншылық органының жолдамасы бойынша оқуға келе алады. Оқу міндетті емес, бірақ оқыған дұрыс.
Асыраушылардың көбі асырау құпиясын сақтағысы келетінін атап өткім келді. Біз мұны түсінеміз де, құжаттар талап етпейміз. Оларға құпиялылық жағдайында қатысуға болады. Оқу аяқталғаннан кейін тыңдаушыларға курсты аяқтағандығы туралы куәлік беріледі. Отбасы сәбиді қабылдауға дайын болу үшін ешқандай бітіру емтиханын тапсырып, тестілеуден өтпейді.
Айсұлу ҚАДЫРЖАНОВА– Сіздің тыңдармандарыңыз не оқиды және қандай формада?
– Оқу заңгерлердің, медиктердің, педагогтардың, психологтардың қатысуымен дәрістер, семинар сабақтары, психологиялық тренингтер түрінде өткізіледі. Заңгерлік бөлімде қамқорлыққа алу мен асырап алу мәселесіне қатысты толық заңнама қорына түсінік беріледі. Курстың ауқымды бөлігі педагогтармен және психологтармен өткізілетін сабақтарды қамтиды. Бұл жерде отбасына сәбидің бейімделуіне, соның ішінде сәбиді қабылдауға отбасының өзі қалай дайындалуы керектігіне қатысты көп сұрақтар қарастырылады. Оқу барысында тыңдаушылар өздерін мазалайтын мәселелерді көтере алады. Сабақтардан бөлек әр адам қосымша кеңес ала алады.
ҚИЫН МӘСЕЛЕЛЕР
– Көптеген мүмкіндігі бар ата-аналарды интернат мекемелеріндегі тәрбиеленушілердің тұқым қуалаушылық мәселесі тоқтатады. Өйткені олардың көпшілігі бейберекет отбасынан шыққан ғой.
– Бұл қалыптасып қалған түсінік. Мұны да біз сабақ барысында қарастырамыз. Біздің әрқайсысымыз берекелі отбасында да күрделі жанжалдар ширығып кеткен кезде өте қиын балалар өсетіндігі туралы бірер мысал келтіре аламыз ғой. Сондықтан бұл жерде тұқым қуалаушылық бірінші орында тұрған мәселе емес. Бастысы - отбасындағы тәрбие мен өзара қарым-қатынас.
– Көптеген асыраушы ата-аналарды асырап алу құпиясы қызықтырады. Сәбиге оны асырап алғандығы туралы айтқан жөн бе әлде құпияны сақтау керек пе?
– Бұл сұраққа жауапты асырап алушы ата-ана өздері табуы тиіс. Біз тікелей кеңестер бермейміз. Алайда сабақ барысында асырап алу құпиясына қалай қарау керектігі – жасыру керек пе, әлде мақтан тұту керек пе, егер ата-аналар құпияны ашқысы келсе, сәбидің жанын жараламас үшін мұны қашан және қалай жасау керек деген мәселелерді қарастырамыз.
– Менің түсінуімше, асыраушы ата-аналар сәбилерді таңдайды. Көбінесе одан үлкен жастағы балалардың мінез-құлқы мен әдеттері қалыптасып қалғандықтан оларды түзеу өте қиынға түседі деген қорқыныш болады...
– Асыраушы ата-аналар мектебіне арналған әдістемелік жұмыстармен айналысатын біздің тәрбие жұмыстары жөніндегі директордың орынбасары Айман НЫҒМЕТОВА ұзақ уақыт бойына девиантты балаларға арналған интернатта жұмыс істеді. Ол «қиын» баланың қандай болатынын бес саусақтай біледі. Егер адамның өзі тырысса, кез-келген қиын жасөспірімнің тілін табуға болады. Өйткені, бұл балалар ең алдымен неге зәру? Махаббат пен мейірімге зәру. Мұны интернат мекемесінің тәрбиеленушілері, интернат қанша керемет болса да, түгел сезіне алмайды. Сабақ барысында біз нақты мысалдар арқылы сәбидің тосын мінез-құлқына қандай нәрсенің себеп болғанын, белгілі бір жағдайлар орын алғанда ата-аналарға өздерін қалай ұстау керектігін, мұндай жағдай қайталанбас үшін не істеуге болатынын талдайтын боламыз.
ТАҢДАУДА ҚАТЕЛЕСПЕУ КЕРЕК
– Асыраушы ата-аналар сәбидің тілін ақыры таба алмастан, оны интернатқа кері тапсыратын жағдайлар кездесе ме?
– №1 мектеп-интернатта жұмыс істеп жүрген кезімде мұндай жағдайлар болған жоқ. Бірақ бұл ондай проблема мүлдем жоқ деген сөз емес. Бұл сәби үшін үлкен психологиялық соққы. Асыраушы ата-аналар мектебіндегі оқу курсы осындай жағдайлар орын алмас үшін өте қажет. Тыңдаушылардың кейбірі мұндай қадамға дайын емес екендігін түсініп, асырап алу процесін кейінге қалдыруы мүмкін. Енді біреулер, керісінше, өзінің дайын екендігін сезініп, шешім қабылдауға сенімді болады. Қалай еткенде де, бұл сабақтарға кеткен уақыт зая болмайды.
Тамара СУХОМЛИНОВА
Суретті түсірген автор