Атырау, 24 қараша 23:19
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жалақының да сұрауы бар

1 819 просмотра

«Зеленстрой» ЖШС қызметкерлері «АЖ» редакциясына үш айдан бері жалақы ала алмай отырғандықтарын хабарлады.

 

ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ҮНСІЗДІГІ

«Зеленстрой» ЖШС – өткен жылы сол кездегі облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВТЫҢ бастамасымен Атырау қаласын және оған іргелес аумақтарды ауқымды көгалдандыру бағдарламасы аясында құрылған арнайы кәсіпорын. Оның отставкаға кетуіне және сыбайлас жемқорлық жанжалдарына байланысты қала көшелерін көгалдандырудан басқа мұнай астанасының төңірегінен қорғаныс белдеуін салуды қарастыратын бағдарламаның әрі қарайғы тағдыры не болады деген сауалдың көкейде қалары сөзсіз. Таяу болашақта АМӨЗ-де жаңа кешен іске қосылып, Қарабатанда мұнай мен газ өңдеу және газ-химия кешенінде полиэтилен мен полипропилен өндіру жұмыстары басталатынын ескерсек, бұл бағдарлама қажет-ақ.

– Жергілікті жұмысшылар «Зеленстройға» тұрақты жұмысқа орналасқан соң, қарызға кіріп, несиелер алған. Енді оны төлей алмай отыр. Ал басқа жақтан келгендер, өзбектер мен қарақалпақтар ешқандай келісім-шартсыз жұмыс жасайды. Күннен күнге  жұмысқа келушілер азайып бара жатыр. Адамдар кете бастады, - дейді «Зеленстрой» жұмысшылары (ешқайсысы есімдерін атағысы келмеді).

Ақпаратты тексеру үшін қаланы аралап, Жеңіс бағының жанындағы саябақтан көгалдандырушыларды кезіктірдік. Үшеуі тәлімбақта бейімделген үйеңкі, шетен көшеттерін таяуда ғана отырғызған атыздардың түбін қопсытып, көшеттерді суарып жатты.

Жұмысшылардың жанында тұрған «Зеленстрой» орман тәлімбағының шебері Мәди ЕСҚАЛИЕВ (суретте) алғашында сөйлесуден бас тартқан. Ал содан кейін бұл үшеудің жергілікті жұмысшылар еместігін, ал жалақының шынымен де кешіктірілгеніне бір ай болғанын енжарлана айтты. Содан соң жалақының кешігуі биліктегі атышулы оқиғаларға байланысты болар деген болжам жасады.

Есқалиевтың қарамағындағы-лардың бірінен жалақы туралы сұрағанымда, ол жұмысқа жақында ғана орналасқанын қинала түсіндірді. Қалғандары жақ ашпауды жөн көрді.

«Зеленстрой» директорының орынбасары Геннадий КИМ өз кәсіпорнындағы еңбек мигранттарының заңсыз қызметі туралы фактіні теріске шығарды:

– Бізде тек жергілікті жұмысшылар ғана жұмыс істейді, олар 85 адам. Ешкім ешқайда кеткен жоқ, бәрі жұмыс істеп жатыр. Ал жалақының кешіктірілуі біздің кінәміз емес. Біз тамыз айындағы орындалған жұмыстар актісіне өз тапсырыс берушіміз – «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС-мен бірге қол қойдық. Ал ол өз кезегінде ТКШ-мен бірге қол қойды. Маған түсіндіргендей, құжаттардың барлығын қазынашылық мекемесіне тапсырыпты, алайда мемлекеттік органдарда жүргізіліп жатқан тексерулерге байланысты төлемақы кешігіп жатыр.

 

ҰСТАТПАЙТЫН ҚОР

Естеріңізге салсақ, «Зеленстрой» ЖШС-дегі акциялардың 49 пайызы «Атырау» ӘКК-не және 51 пайызы – соңғы жылдары қала көшелерін көгалдандыру, бақтар салу мен алаңдарды абаттандырудың барлық тендерлерін бір өзі қанжығасына байлап жүрген «МұнайҚұрылысСервис» ЖШС-не тиесілі.

«МұнайҚұрылысСервистің» қосалқы компанияларының бірі -«Зеленстрой» ЖШС-ін «Атырау» ӘКК-не таңудың қандай мәні бар деген сұраққа жақын арада ғана тағайындалған  «Атырау» ӘКК басқармасының төрағасы Абат ТАСИМОВ «Зеленстрой» құру туралы директорлар кеңесінің шешімі Атырау және Маңғыстау облыстарының арасында ӘКК акциялары бөлінбес бұрын қабылданғанын айтты. Яғни, шешімді бұрынғы меншік иесі – «Каспий» ӘКК қабылдаған. Соның ішінде «Зеленстрой! ЖШС 2011 жылдың мамырында құрылды, ал акцияларды айырбастау сол жылдың маусым айының аяғында жүргізілді. Тасимов сондай-ақ, осы кәсіпорынды ұстауға ешқандай бюджет қаржысының ӘКК арқылы өтпегенін мәлімдеді.

Көгалдандыру бағдарламасына келер болсақ, облыстық табиғат пайдалану және табиғи ресурстар басқармасы бастығының орынбасары Орақ БИСЕМБИЕВТІҢ айтуынша, өткен жылы оны қаржылық тұрғыда бекітілмеген деп облыстық мәслихат құптамапты. Б.Рысқалиевтың кезінде осы мақсаттар үшін бюджеттен тыс «Жасыл Даму» қоры құрылған. Мұнда табиғат пайдаланушыларға қомақты қаржылар салуды қайта-қайта ұсынған екен. Алайда, Бисембиевтің сөзінше, экс-әкім отставкаға кетпес бұрын оған ешкімнің ештеңе аудармағанын хабарлаған. Қорды өзі қайда екенін және оған кім басшылық ететінін ешкім де білмейді.

Ал бейресми ақпарат бойынша, облыстың жаңа басшылығы көгалдандырудың ұзақ мерзімді бағдарламасынан бас тартуға ниет білдіріп отырған жоқ. Сондай-ақ, екі ірі жер қойнауын пайдаланушылар – ТШО мен Аджип ККО облыстық әкімдікті осы бағдарлама аясындағы өз жобаларымен таныстырыпты.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

Суретті түсірген автор

26 қыркүйек 2012, 23:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.