Атырау, 23 қараша 21:00
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Еңбек етсең ерінбей...

5 622 просмотра

Ол мақтанып-масаттануды білмейтін еңбекқор әрі өте жомарт жан. Бұл «Аман-Есен» шаруа қожалығының жетекшісі Мұрат ИСАҒАЛИЕВ (суретте) жайында айтылған.

ТЕМІРЖОЛШЫДАН ДИҚАНШЫҒА ДЕЙІН

Құлсары қаласының тумасы туған жерден қарға адым жырақ кеткен емес. Осы қаладағы училищеден тракторшы, шоферлік мамандығын алғасын, теміржолдан жұмыс тауып, сонда вагон қараушы болып еңбек етті. Бұл жүрісімен зейнет жасына дейін жүре берер ме еді, қоғамдағы қызу тірліктер жасы әбден 40-тан асқанда ойландырайын деді. Содан бері 6 жыл өтті. Мұраттың шаруа қожалығы да гүлденіп келеді.

- Көп ойландым, ақыры нар тәуекелге бел будым. Теміржолды тастап, жеке кәсіппен айналысуды көздедім. «Қарағай» учаскесінен азын-шоғын жер алып, іске кірістім. Бастапқыда қиын болды, бұл саладан хабарым жоқ мен ұйымдастыру ісіне келгенде шорқақтау едім. Бірақ адам не істі бастаса да, бір рет кеткен кемшілігін екінші рет қайталамаса, онда көшке ілесуіне мүмкіндік туады екен,- дейді Мұрат.

Бастамасында егіншілік қиынға соқты. Балаша баптауды уақыт өте келе үйренді. 

 

КӨКТЕМДЕГІ КҮЙБЕЛЕҢ

Мұрат өзінің шаруа қожалығын егіз ұлы Аман менЕсеннің атымен қойған. Алғашқыда бау-бақша өнімдерін егіп, бір жылдан кейін-ақ жемісін көре бастады.

- Бізде ауыл шаруашылығына көп көңіл бөлмейді. Көпшілігі мұнай кәсіпшілігінде еңбек етіп келеді. Ал ертеректе Жылыой өңірінде малмен, егінмен күнелткен. Ертегідей көрінгенмен, жылыойлықтар осылайша өмір сүрді.

- Қазір егін айналасында жұмыс істеу қиынға соқтырып отырған жоқ па?

- Бәрі суға байланысты. Жергілікті халықтың өзі ауыз суды сатып алуға мәжбүр ғой. Жем өзені табиғи су қоймасы болғандықтан, ол жоғарыдан келетін суға тәуекелді болады. Көктемде су келмегенде өзеннің бір арнасы құрғап қалып, адамдар егін шаруашылығымен айналысуды және балық аулауды тоқтатты. Бірақ, соңғы кезде Жемнен су көп келе бастаған. Біз соны тиімді пайдалануға тырысып келеміз.

- Сіз суды сатып алып отырсыз ба?

- Жоқ, біз оны тегін пайдаланамыз. Бірақ, суға ақша төлеген әлдеқайда жақсы болар еді. Оған қоса, біз келісім-шартқа отыратын мекеме суды жеткізіп беруге кепілдік беруді жауапкершілігіне алса құба-құп. Ал қазіргі таңда біз әр көктемде жер жыртқанымызбен, оны суара алатынымызға сенімсіз боламыз. Осылай жыл сайын қайталанып отыр.    

 

МАҚТА - ОНЫҢ МАҚТАНЫШЫ

Су болса, Мұрат үшін диқаншылық жұмыс түк емес. Ол бірнеше рет тәжірибе де жасап, бау-бақша дақылдарын егудің тәсілін үйренді. Енді оның сұрыптылығын арттыруға ден қойған еді. Өзбекстанда өсетін «Мырзашөл» дәнінен қауын өсірген. Оның тәттілігі сап-сары әңгелекке қарағанда бөлек, дәмі тіл үйіреді. Құлсарының базарына апарғанда жұртшылық «сырттан тасылған қауынды сатып» деп сенбеген. Кейін көздері жеткесін таласып алатын болды. Биыл 11 гектарға егін еккен Исағалиевтар отбасы өнімін жылыойлықтарға ғана емес, Атырауға, Маңғыстау облысының Бейнеу ауданына да апарып сатуда.

- Бұл жерге күріш те өсіріп көргенмін, жақсы шықты. Бірақ күрішке көп су қажет екен, үнемі ылғалда тұруы керек. Оған мол суды қайдан алмақпыз. Оны қойып, былтыр мақта егіп байқадым. Шықты. Биыл 1 гектарға мақта өсірдім.Өзбекстаннан бір агроном жігіт келіп, қалай егуді үйреткен-тұғын. Бұған су көп кетпейді екен әрі арамшөп жұлудың қажеті жоқ, - дейді диқаншы.

Қауыздан ағарып көрінген мақта тәуір өнім бере бастаған. Үш терімнен біраз өнім жинапты, әлі де қауызынан шығар мақта баршылық. Бірінші сортты мақтаға көрпе жасаушылар сұраныс та түсіріп қойған. Ал мақтаның дәнінен арнаулы аппаратпен «мақта майын» дайындауға болады екен. Мұраттың ендігі мақсаты - шағын май дайындайтын аппарат алу және мақта өсірудің гектарын арттыру. 

 

БІР БАС ЖАҚСЫ...

Исағалиевтар отбасы бірер тракторды лизингіге алғаны болмаса, техниканың денін өз қаржыларына сатып алған. Мұраттың жолдасы Айшагүл теміржол саласында жұмыс жасаса да, отбасын ырыздыққа бөлеген егіншілікті дамытудың жолдарын бірге ойластырады. Негізі Мұрат туған бауырларыСамат, Қанат және үлкен баласы Ануар ИСАҒАЛИЕВТАРМЕН бірге жұмыс жасайды.  Бес баласының ішіндегі Аман мен Есен Атырауда агроколледжде білім алуда.

- Балаларым осы кәсіпті жалғастырады деген үміттемін. Егіншілікпен қатар мал шаруашылығымен де қоса айналысудамыз. Сонда біз жылдың төрт мезгілі бос отырмаймыз,- дейді кәсіпкер М. Исағалиев.

Жылыой ауданы әкімінің ауыл шаруашылығы саласы жөніндегі орынбасары Нұрадин ӨМІРБАЕВ Мұраттың биыл тонналаған қауын, қарбызды халыққа тегін ұсынғанын қуана жеткізді. Тіпті ол түрлі шараларға демеушілік те танытады екен.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

26 қыркүйек 2012, 21:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.