«Аман-саулық» қоғамдық қорының мамандары балалардың С гепатитін көп жағдайда медицина мекемелерінен жұқтыратындығына сенімді болып отыр. Біздің облысымызда да ауруханаішілік жұқпалы аурулардың құрбанына айналған балалар бар.
ЕМДЕЛЕМ ДЕП БАРЫП, АУРУ ЖҰҚТЫРДЫ
Жуырда редакцияға «С» гепатитін жұқтырған қыз баланың анасы хабарласты. Отбасы үшін бұл диагноз төбеден жай түскендей болыпты. Қыздары ештеңеге шағымданбайтындықтан, оның сырқатынан ата-анасы бейхабар екен. Педиатрға қаралуға барған кезде медбике «қызыңыз стоматологқа емделіп пе еді?» деп сөз арасында сұраған. Емделгенін естіген соң, «тексеріліп көріңіздер» деп, анализ тапсыруға жолдама беріпті. Анализ қорытындысы ауру жұқтырылғанын анықтайды. Баласының бүкіл өмірін көз алдынан өткізген ана қызы тісін жұлдырған кезде ауру жұқтырды деген қорытындыға келеді. Басқаша жұқтыруы мүмкін еместігіне анасы сенімді. Жақын туыстарының дендері сау, ауруханаға жатқан жоқ, дене қуыстарына операция жасалған жоқ. Бүгінде қыз бала әлденеше рет тексеруден өтіп, есепке қойылған, енді емдеуді бастамақшы.
МЕРЗІМІ ӨТКЕНДІКТЕН
Атырау облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитеті департаментінің жазбаша жауабына сәйкес, өткен жылы денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен Атырау облысында 7572 бала скринингтік тексеруден өтуге тиесілі екен. Бұлар ағзаларына қан мен оның компоненттері құйылып, ұзақ уақыт стационарлық және амбулаториялық ем алған, операция жасалып, тістерін емдеткен балалар. 37 баланың анализінде болымды нәтиже бар боп шыққан. Оларды қайта тексеруге жіберіп, содан кейін 15 балада диагноз расталыпты. Кесімді диагнозды қою үшін консилиумға жиналған. Бүгінде осы тізімдегі 3 балаға созылмалы «В» вирустық гепатиті, 12-іне созылмалы «С» вирустық гепатиті деген диагноз қойылған.
Әр жағдайға қатысты тергеу жүргізіліп, эпидемиологтар жұқтыру жолын анықтауға тырысты. Төрт баланың 2003-2010 жылдар аралығындағы әртүрлі уақытта Алматыдағы педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында емделгенін анықтады. Біреуіне 2010 жылы Пәкістанда бүйрегіне аллотрансплантация жасалған. Ақыл-ойы кем дамыған балаларға арналған интернаттағы Даун сырқатына шалдыққан жеті бала түрлі ем алған. Екі балаға 2008 және 2010 жылдары облыстық балалар ауруханасында операция жасалған. Тағы бір бала Екатеринбургте операциядан өткен.
- «С» гепатитінің ауруханаішілік инфекциясының үлесі өте жоғары, - дейді сеніммен «Аман-саулық» ҚҚ жобаларының менеджері, дәрігер-инфекционист, аккредиттелген сарапшы Мәдина ЧУАКОВА. – Ресми тіркелгендерге қарағанда іс жүзінде аурулар көп болуы мүмкін. Өйткені біздің елімізде зертхана қызметі әлі күнге дейін нашар дамыған.
Сырқат созылмалы түрге көшкендіктен, эпидемиологтар ауру көп уақыт бұрын жұқтырылған деп жорамалдап отыр. Жүргізілген операциялардың мерзімі ескіргендіктен медицина мекемелеріне тексеру жүргізілмеді.
АЛДЫМЕН ДАЙЫНДЫҚ КЕРЕК
- Бізде ақырғы диагнозды растаумен және ем тағайындаумен арнайы комиссия айналысады. Оның құрамына облыстық денсаулық сақтау басқармасы бастығының орынбасары, жетекші маман, штаттан тыс инфекционист, ҚР ДМ медициналық және фармацевтикалық қызметті бақылау комитеті департаментінің өкілі кіреді. Содан соң гепатолог болуы тиіс, бірақ бізде мұндай маман жоқ, - дейді облыстың бас педиатры Гүлфара ӨМІРБАЕВА.
Науқас балалардың бәрі бірдей емдеуден өтпейді. Вирусқа қарсы терапия мұқият тексеру жүргізілгеннен кейін тағайындалады. Алдымен баланы дайындау керек, негізгі және ілеспе сырқаттарын емдеп, жағдайының және анализдерінің жақсаруына қол жеткізу қажет. Терапия генотипке байланысты 6 айдан бастап уақыт алады. Емнің арнайы алгоритмдері болады. «В» гепатиті кезінде дәрігерлер вирустың күші мен сырқаттың белсенділігіне байланысты емді бастау және оның мөлшері туралы мәселені шешеді.
ТҰМАУМЕН ШАТАСТЫРАДЫ
- Жыл сайын бізде В және С гепатиттерімен сырқаттанушылар көп тіркеледі, - дейді жұқпалы аурулар аруханасының бас дәрігерінің орынбасары Нұрфия АЛЕНОВА. Мамандар көрсеткіштердің өсуін вирустық гепатиттерге қатысты тегін скринингтік тексерудің енгізілуімен және зертханалық тексеру жұмыстары сапасының жақсарғанымен байланыстырып отыр. Скринингтен өткізу қажеттілігі еліміздегі өлім себептерін талдау нәтижелері бойынша туындап отыр: қан айналымы сырқаттарының құрылымында гепатиттің салдарынан туындайтын инфекциялық жұқпалы аурулар басты орында тұр. С гепатитін осыдан 20 жыл бұрын ғана зертханалық тексеру жұмыстарының жаңа мүмкіндіктері пайда болғаннан кейін қарқынды түрде анықтай бастады. Ол анағұрлым тіршілік етуге қабілетті вирустар тобына жатады: үнемі өзгеріп, жаңа түрге ие болады. Сондықтан осынау ауыр кеселдің вакцинасын ойлап табу мүмкін емес. Сырқат ешқандай белгілерсіз дами береді, сол үшін С гепатитін «мейірімді жан алғыш» деп атайды. Ауру жұқтырылғаннан кейін кешікпей асқынған кезеңде жалпы әлсіздік пайда болып, қатты шаршап, бұлшық еттері мен буындары ауырады. Әдетте адамдар бұған аса назар аудара қоймайды. Жай тұмауратқан шығармыз деп есептейді. Ал бір аптадан кейін сырқатынан айығып кетеді. Бірақ сыртқы белгілері ғана жоғалады. Ал сырқаттың өзі білінбейтін созылмалы кезеңге өтеді. Вирус бауырға орналасып, сол жерде көбейіп, қабынып, ағза жасушаларын бүлдіреді. Процесс ондаған жылдарға созылып, фиброз, цирроз, тіпті бауыр қатерлі ісігіне апарып соқтыруы мүмкін.
ҚАЙДАН ПАЙДА БОЛАДЫ?
Бүгінде Атырауда жұқпалы аурулар ауруханасында 200-дей адам есепте тұр, оның ішінде 38 бала бар. Кішкентай емделушілердің арасында алғашқы сырқаттар тек 2010 жылы ғана тіркеле бастаған. Ел деңгейінде балаларды скринигтен өткізу өткен жылдан бастап қолға алынды. В және С гепатитін жұқтыру жолы біреу ғана - ол қан арқылы жұғады. Бірақ В гепатитін жұқтыру оңай, өйткені вирус кішкентай мөлшердегі қан арқылы тасымалдануы мүмкін. Мамандардың растауынша, науқасы бар отбасында 7-8 жылдан кейін үй ішіндегі адамдар да ауырады екен. Вирус жалпы тұрмыстық аспаптар, қайшы және т.б. арқылы жұғуы мүмкін. Ал С гепатиті үшін қанның көп мөлшері қажет. Вирус, мәселен, қан мен оның компоненттерін құю кезінде таралады.
Ересектерде сырқатты жұқтыру жолы ауқымды. Вирусты олар татуировка, маникюр, педикюр жасату, құлақ тестіру кезінде жұқтыруы мүмкін. Нашақорлар бір инені бірнеше адам пайдалану арқылы жұқтырады. Жыныстық қатынас арқылы да бұл ауру белең алады. Бірақ балаларды теріс өмір салтын ұстанады деп айыптай алмайсыз, сонда оларға қалай жұғады?
- Вирус анадан балаға жұғуы мүмкін, - дейді Нұрфия Аленова.
- Ал осы 38 баланың отбасында аналары гепатитпен ауыра ма?
- Жоқ.
- Басқа отбасы мүшелері ше?
- Білмедім, эпидемиологиялық тексеру жұмыстарымен СЭС қызметкерлері айналысуы тиіс. Сол үшін де біз оларға сырқат анықталған жағдайда шұғыл хабарлама жолдаймыз. Біз тек оларды емдеумен ғана айналысамыз.
ҒЫЛЫМҒА ҮМІТ АРТУ
Қазіргі кезде вирусқа қарсы терапияны үш бала қабылдап, тағы үшеуі тексеруден өтіп, емдеуді бастауға дайындық жасауда. Қалған балаларға әзірге терапия жүргізуге болмайды. Өйткені олар негізгі сырқаттары бойынша ем алып жүр екен. Емдеуге қатысты қарсы көрсетілімдер мен жанама әсерлер көп екендігін Нұрфия Аленова жасырмады. Бұлар гемофилия, қант диабеті, қалқанша безінің, көздің зақымдануы, анемия және т.б. Сондықтан да ата-аналар емдеуге жазбаша келісімдерін береді. «С» гепатиті ағзадағы вирус мөлшеріне қарамастан міндетті түрде емделуі тиіс. Өйткені, аурудың салдары өте қауіпті. Дәрігерлер теориялық тұрғыда толықтай сауығуға болатынын айтады, бірақ біздің облысымызда әзірге мұндай жағдай болмаған.
- Өздеріңіз көріп отырсыздар, бізде балалар тек 2010 жылы ғана тіркеле бастады. Әзірге тексеру, емдеуге дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр, сондықтан нәтижелерін күту ертерек.
- Неліктен алғашқы сырқаттар 2010 жылы анықталған, бұрын бізде балалар ауырмаған ба?
- Бұл балалардың барлығы түрлі республикалық емдеу орындарында емделген, соның ішінде Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы орталығы да бар. Сырқаттар сол жерлерде толықтай тексеру кезінде анықталған. Содан соң олар балаларды бақылауға алып, өз профиліміз бойынша емдеу үшін бізге хабардар етті.
- Демек, олар гепатитті ауруханада жұқтыруы мүмкін бе?
- Әзірге бұл туралы айту ертерек. Кейбір ата-аналар Алматыда сотқа беріп, балалардың ауру жұқтырғанына медиктерді айыптап отыр. Бірақ аурухананың кінәсі дәлелденген жоқ.
- Бұл балаларды ер жеткен кезде не күтіп тұр, олар вирустан біржола құтыла ала ма?
- Ғылым бір орында тұрып қалған жоқ. Жақын арада мен Қазақстанның гепатологтарының бірінші съезінде болдым. Қазақстандық дәрігерлер мен жақын және алыс шетелдегі жетекші мамандар гепатологиялық проблемаларды талқыға салды. Мысалы, қазір жаңа препараттардың қабылданып жатқандығы айтылды. Кішкентай балалардың емделуге мүмкіндіктері бар, үміттенеміз...
Зульфия ИСКАЛИЕВА