Атырау, 28 желтоқсан 08:55
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Педагогикалық «оқыту» әдістемесі

5 162 просмотра

Атыраулық екінші сынып оқушысының анасы облыстық прокуратура мен балалар құқығын қорғау департаментіне мұғалімнің әрекетіне қатысты шағым берді. Ол педагогты баласына қол көтерді деп айыптап отыр.

АУЫР АПТА

Екінші сынып оқушысы Айгүлді (осы жерде және әрі қарай есімі өзгертілді – З.И.) 1 қыркүйектен бастап жаңа сыныпқа ауыстырыпты. Содан бері қарай, анасының айтуынша, зерек әрі үздік оқушының мектепке деген мүлдем қызығушылығы жоғалып кеткен. Оның үстіне, қыз бала сабақ оқудан бас тартып, үнемі жабырқаңқы болып, сәл нәрсеге көзі мөлтілдеп шыға келеді екен.

– Айгүл әрдайым сабағын өзі құлшына орындайтын. Ал енді  сол жақ құлағыммен нашар естимін деп жылайтынды шығарды. Не болғанын сұрай бастадым. Естіген нәрсем тұла бойымды шымырлатып жіберді. Сөйтсем, тақта алдына шыққанда мұғалімі Ольга Петровна Айгүлдің құлақ шекесінен ұрып жіберген екен. Қызымның айтуынша, жаңа сыныпта бір апта болған кезде мұғалімі басқа да балаларға қол көтеріпті, - дейді қыздың анасы Гүлсім.   

Сол күні кешкісін Гүлсім ҚІІБ-не шағым бермек болады. Ондағылар оны мекен-жайы бойынша Алмагүл-2 ықшамауданындағы тірек қосынына жіберіпті. Ол жердегілер қалада күш құрылымдарының жұмыстарын күшейту шаралары жүріп жатқандығына сілтеп, таңертең келуді өтінген. Келесі күні өзіне керек қызметкерді текке күткен Гүлсім облыстық прокуратураға бет алады. Бір сөзбен айтқанда, шағымды ресми түрде рәсімдеп, қолына шағымды қабылдағандығы туралы хабарлама-талонды алу үшін әйелдің екі күн уақыты кеткен.

 

«АШУҒА БЕРІЛГЕН ШЫҒАР»

Ананың педагогқа қатысты шағымды оңайлықпен рәсімдемегеніне әдейілеп тоқталып отырмыз. Балабақшалар мен мектептерде балаларға қол көтеру мәселесі өте шетін мәселе. Көптеген балалар тәрбиешілер мен мұғалімдер тарапынан дөрекі қарым-қатынасқа жиі ұшырап жатады. Бұл мәселе ата-аналар арасында жиі талқыланады, бірақ көпшілікке жария етілмейді. Бұл жолы да азаматтардың, әсіресе балалардың құқығын қорғауға міндетті ресми тұлғалар тілшіге жалпы бұл мәселені көтерген жөн бе деген күмәндарын білдірді. Тікелей айтуға батылдары бармағанымен, «сонда қыз бала естімей қалатындай мұғалім қызды қатты ұрған ба? Мектеп басшылығы деңгейінде бұл мәселені шешуге болмайтын ба еді?» деген сұрақтарынан «онда тұрған не бар, мұғалім айқайлап, ашумен соғып жіберген екен, кімнің басында болмайды» дегендей сарын сезіліп тұрды. Егер педагог сәбиді мүгедек етіп тастамаса немесе кешірім сұраса, әңгіме сонымен тәмам болатындай.   

– Ал психикасы ше?! Біздің таяуда ғана жүргізген сауалнамамыз балалардың онсыз да мұғалімдер тарапынан жасалатын психологиялық қысымды, педагогтың өздеріне зекіріп, ұрсуы мүмкін екенін күйзеліспен қабылдайтынын дәлелдеді, - дейді психолог Нелли КУЛИКОВСКИХ. – Ал мұғалімнің осындай кішкентай балаға қол көтеруіне мүлдем жол беруге болмайды. Өкінішке орай, біздің мектептерде осындай оқиғаларды тексерумен және дау-жанжалды шешумен айналысатын арнайы комиссия жоқ. Алайда қазіргі мектептерге олардың қажет екендігін тәжірибе көрсетіп отыр. Бұл жағдайда осы мәселені бейбіт жолмен шешу үшін барлық қатысушылармен психолог және медиатор жұмыс жасауы тиіс. Бәлкім, ата-аналар ашық әңгімені, шынайы кешірім сұрар деп күткен болар немесе сәбиді  басқа сыныпқа ауыстырғысы келетін шығар. Бүгінде педагогтардың үлкен физикалық және моральдық жүк көтеріп жүргенін де қаперге алған жөн, олар да психологтардың көмегіне мұқтаж.    

 

ҚОЛДАНБАЛЫ ЛИНГВИСТИКА

Мектеп басшылығы болған оқиғаға қатысты қандай да болмасын түсінік беруге ықылас білдірмеді. Директор алдымен: «шағым болған жоқ, мұғалім қол көтерген жоқ» деп, бәрін теріске шығарды. Содан соң мұның пайдасыз екенін түсініп, енжарлықпен қорғануға көшті. Біз тек педагогтың мол тәжірибесі бар екенін, бұрын-соңды оған ата-аналардан шағым түсіп көрмегенін ғана білдік. Аталмыш сәби де жақсы, салмақты, өте жақсы оқитын және бұрын мұғалімдерін әуреге салып көрмеген оқушы екен.

– Мәселенің анық-қанығын тексереміз, – деп түйіндеді ол сөзін.

Ольга Петровнамен де әңгімеміз әріге өрбімеді. Ол оқиғаның орын алғанын жоққа шығармады, бірақ бұл жағдайға «ұрды» деген сөздің сәйкес келмейтінін айтты. Мен болған жағдайды өзінің айтып беруін, лайықты сөзді өзі таңдауын өтіндім. Ол үндемей қалуды жөн санап, бар болғаны:

– Ондай күшті соққы болған жоқ, - деп қайталай берді.

– Демек, соққы болған ғой?

– …

– Мен балаларды ұрып көргенім жоқ, бәлкім, өзімді ұстай алмаған шығармын...

Мұғалімнің әлі сабақ беріп жүргенін білдік. «Мектеп әкімшілігі бұл мәселені психологтың көмегімен шешуге әрекет жасады ма?» деген сұрағыма, неліктен екені белгісіз, Ольга Петровна:

– Сіздіңше, енді осы үшін мен психологқа баруым керек пе?!  – деп ашуланды.

– Біз шағымды қабылдадық, мұғалімнен түсініктеме алдық, мектеп басшылығымен сөйлестік. Шағымға жауап дайындап жатырмыз, - дейді балалар құқығын қорғау департаментінің мониторинг бөлімінің бастығы Асан РАУШАНОВ. Алайда мұндай жағдайда тергеу қалай жүргізіледі және сәби мүддесіне қатысты қандай шара алынады деген сұраққа ол жауап беруге қиналып қалды. Бар болғаны мұндай сипаттағы шағым оның тәжірибесінде бірінші рет болып отырғанын айтты.

 

БАЛАҢЫЗДЫ ҚАЛАЙ ҚОРҒАУҒА БОЛАДЫ?

Біз комментарий алуға жүгінген адвокат Гүлсім САБИРОВА ересек адам сәбиге қол көтерген жағдайда сәби құқығын қорғаушы заңды тұлғалар аяқтарынан тік тұрулары тиіс екендігін атап өтті. Алдымен мектеп директорына жазбаша арызбен шығу керек. Лауазымды тұлға қол қоюы тиіс жазбаша талаптың екінші данасын өзіңізде қалдырыңыз. Жазбаша талапқа оқу орнының әкімшілігі жазбаша жауап қайтаруға міндетті. Ең бастысы, ата-аналар әкімшілік сотта (ал бұл іс осы санатқа жатады) балаңызды жәбірлеуші тұлға жазалануы үшін дәлелді негіз керек екенін түсінуі қажет. Директормен және мұғалімдермен айтылған әңгімені диктофонға жазып алған,  мұғалім тарапынан қысым көрген басқа балалардың ата-аналарын да куәгер ретінде іске тартқан жөн, бейнетүсірілім жасауға болады екен. Алайда сот ісінде осындай мәселеге қатысты мұндай шағым болған жағдайды есімізге түсіре алмадық. Мұғалім оқушы балаға балға лақтырып, оның бас сүйегін сындырған сұмдық жағдай ғана бар.

Гүлсім полицияға өз шағымын беріп, сот-медициналық сараптама жасау үшін жолдама алуға оқиға болғаннан кейін төрт күннен соң ғана қол жеткізді. Дегенмен ол үшін қызына тигізілген залалдың ауырлық деңгейін дәлелдеу маңызды емес. Әңгіме соққының күшінде емес, принциптің өзінде жатыр. «Мұғалім сәбиге қол көтермеуі тиіс» дейді ана.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Саша ДЕНИСОВТЫҢ коллажы

P.S. Бет қатталып жатқанда біз Гүлсіммен хабарласқан едік. Ол мұғалім әлденеше рет және қайта-қайта өтініш білдіргеннен кейін онымен кездескенін хабарлады:

– Мұғалім өз әрекеті үшін қатты өтініп кешірім сұрады. Ол шынайы көрінді. Қызын бір өзі тәрбиелеп отырғанын, ал жұмыстан кету ол үшін масқара екенін айтты. Дәрігерлер қызымның есту қабілетіне қатысты проблема соққының салдары екенін растап отыр, бірақ бұл емделеді екен, - дейді Гүлсім. – Мен кешірім беруді ұйғардым, арызымды қайтарып алмақпын. Бірақ енді бұл мектепте және бұл сыныпта Айгүл оқымайды, оның өзі де оқығысы келмей отыр, мен де оқығанын қаламаймын. Басқа мектепке ауыстырмақпын.

Осы жайтқа қатысты соңғы сәтте мақаладан нақтылықтар (фамилиялар, мектептің атауы) алынып тасталды. Алайда «педагогтың оқушыға қол көтеруі» салмақты проблема күйінде қала береді.

26 қыркүйек 2012, 20:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.