Атырау, 24 қараша 22:20
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Жағалауға құжатсыз шығуға болады

2 821 просмотра

Әуесқойлықпен балық аулау үшін енді балық қорғау қызметінің жазбаша рұқсаты қажет емес. Бұрынғыдай бес келіден артық балық аулауға рұқсат жоқ, яғни лимит сол күйінде сақталады. 

Ағымдағы жылдың 3 қыркүйегінде «Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы» 2004 жылғы 9 шілдедегі ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң («Егеменді Қазақстан» газетіне жарияланғаннан кейін 10 күннен соң) күшіне енді. Оның 26-бабында былай делінген: «Жануарлар дүниесiн жалпы пайдалану, оның ішінде балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерiнiң резервтiк қорында  бір балықшыға бір шыққанда 5 келіге дейін әуесқойлықпен (спорттық) балық аулау қандай да бiр рұқсатсыз жүзеге асырылады».

Бұрын балық қорғау қызметі 2010 жылдың 14 шілдесінде үкімет қаулысымен бекітілген Балық аулау ережесін басшылыққа алатын. Оның 25-тармағында: «Балық шаруашылығы су айдындарының резервтік қорында әуесқойлық (спорттық) балық аулау аумақтық бөлімшенің рұқсаты болған жағдайда балық ресурстарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салулардың талаптарын сақтай отырып, бір балықшыға бір шыққанда 5 келіге дейін тегін жүзеге асырылады» деп көрсетілген. Бұл жаппай қолайсыздық тудырған еді. Атап айтқанда, өткен жылдың аяғында «Балық шаруашылығы су тоғандарында балық және басқа су жануарларын аулаудың 2012 жылға арналған лимиттерін бекіту туралы» үкімет қаулысы кеш шыққан еді.

Мәселе мынада болатын: «Жануарлар дүниесі объектілерін алып қоюға арналған квоталарды бөлу қағидаларының» 3-тармағына сәйкес, лимит бекітілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде әуесқойлық, ғылыми-зерттеу, бақылау, мелиоративтік және балық аулаудың басқа түрлерін жүзеге асыру үшін мөлшері жалпы лимиттің 2 пайызын құрауы тиіс квота бекітіледі.

Аталмыш үкімет қаулысы тек үстіміздегі жылдың 16 қаңтарында ғана шықты. Ал балық шаруашылығы инспекциясы әуесқойлықпен балық аулауға рұқсат беруге 31 қаңтардан бастап кірісті. Қолдарында рұқсат болмағандықтан, әуесқой балық аулаушылар бір ай бойына үйлерінде отырды. Енді осынау қажетсіз процедураны алып тастады.

Естеріңізге салсақ, «Балық аулауға салынатын шектеулер мен тыйымдар туралы» үкімет қаулысына сәйкес, Атырауда әуесқойлықпен балық аулауға рұқсат етілген аймақ ММС-тен Нижняя Татарскаяға (Ақжар поселкесіндегі әскери бөлімше маңы) дейінгі Жайық арнасының учаскесі белгіленді.

Алайда, Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының мониторинг бөлімінің бастығы Мәншүк ТЕМЕШЕВАНЫҢ айтуынша, мұның бәрі 5 келі шекті салмаққа қатысты балық аулау қағидасының талаптарын жоймайды екен.

Егер ұсталған балық салмағы 5 келіден асып кетсе, артық салмақ балық ауланған сәттен бастап 2 жұмыс күнінен кешіктірілмей төленуі тиіс. Салық кодексінің 501-бабына сәйкес, ірі қара балықтың (сазан, тұқы, ақмарқа, беріш, жайын, дөңмаңдай, шортан, көксерке және т.б.) әрбір артық салмағы үшін төлемақы 0,017 айлық есептік көрсеткіш (АЕК), ал ұсақ қара балықтардың (ақтабан, аққайран, мөңке, алабұға, қылышбалық, торта және т.б.) артық келісі үшін төлемақы 0,008 АЕК құрайды

2012 жылға бекітілген бір АЕК мөлшері 1 618 теңге құрап отыр. Осылайша, егер сіздің жолыңыз болып, Жайық өзенінен жаппай күзгі балық жүру кезінде жалпы салмағы 10 келі болатын ақмарқа ұстаған болсаңыз, онда қалалық балық қорғау бөліміне (обаға қарсы күрес стансасының маңындағы жағалау) барып, 0,017х1618 (артық келінің құны) х 5 (нормативтен тыс ауланған балықтың салмағы) = 137 теңге 53 тиын формуласы бойынша белгіленген салықты төлеуге тура келеді. Сондықтан заңды сақтап, 5 келі балық аулап, үйіңізге апарып, жағаға қайта келген жеңілірек.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

25 қыркүйек 2012, 11:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.