Атырау, 25 қараша 02:58
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Исатай батыр кесенесі туралы

9 934 просмотра


Биыл Ұлы дала батыры Исатай Тайманұлы жерленген жерге кесене тұрғызылғанына 5 жыл толады. Кезінде мұның өзі тарихи оқиға болған еді. Біз осы  мақаламызда батырға кесене тұрғызу төңірегінде  атқарылған қыруар жұмыстар туралы сөз етпекпіз.

2013  жылы 1836-1838 жылдардағы Бөкей ордасы мен Кіші жүзде болған  халық-азаттық көтеріліс көсемі Исатай Тайманұлының қаза тапқанына 175 жыл толды. Алайда, осыншама  уақыт өтсе де, батыр жерленген  жерге кесене тұрғызылмаған болатын. Мұның өзі Атырау жұртшылығын, соның ішінде батыр ұрпақтарын қатты алаңдатты.

2011-2013 жылдары Исатай батырдың 5-ұрпақтары Ғазиз Шамақов, Аманғали  Құрманов және осы мақала авторы әр мезгілде Атырау облысының әкімі Б.Ізмұханбетовке, облыс  әкімінің орынбасары Ш.Мұқанға кіріп,  Исатай  Тайманұлына кесене тұрғызу төңірегінде ұсыныстар жасадық. Облыс әкімдігінің  бізге берген жауаптарында  бұл мәселемен Исатай ауданы  әкімдігі айналысатындығы туралы айтылды. Ал, Исатай ауданының әкімі Т.Сұлтанбеков А.Құрмановтың хатына «кен орындары аудан  аумағында орналасқан мұнай компанияларына батырдың бейітінің  басына кесене тұрғызу мақсатында  ашылған «Исатай»  қоғамдық  қорына  демеушілік  қаржы аударуға ұсыныс етіліп, қордың деректері  жеткізіледі», - деп  жауап берді. 

2013 жылдың күзінде Исатай ауданының әкімі Н.Ж.Ожаевтың басшылығымен  Исатай батырға  кесене тұрғызу жұмыстары басталды. Алдымен  Исатай батырға  кесене  қай жерде  тұрғызылатындығы жөніндегі мәселені шешу керек болды. Бұл жерде менің 2009 жылы 26 желтоқсанда «Атырау» газетінде жарияланған «Исатай батыр қоры құрылса...» деген мақаламның үлкен көмегі болды. Ол мақалада батырға кесене тұрғызу үшін алдымен қоғамдық қор құру, сонымен бірге И.Тайманұлының қаза тапқанына 175 жыл толуы қарсаңында батыр  жерленген жерге кесене тұрғызу қажеттілігі  айтылған болатын. Осы мақаладан кейін көп кешікпей Ақтөбе қаласында Е.Құрманбековтың басшылығымен «Исатай батыр» қоғамдық  қоры құрылды. Сондай-ақ, сол кезде кейбір баспасөз беттерінде Исатай батыр жерленген жерге (Ақтөбе облысы, Қобда ауданы, Шейітсай қорымы) күмән келтірілген мақалалар да жариялана бастады. Сондықтан 2013 жылғы 6 тамызда мен «Исатай батырға кесене қашан тұрғызылады?» деген тағы бір мақала жарияладым. Онда И.Кенжалиев, Н.Көшекбаев, Ә.Сарай және басқа да исатайтанушы ғалымдардың еңбектеріне сүйене отырып, Исатай Тайманұлы жерленген жерді Ақтөбе облысы Қобда ауданы аумағындағы Шейітсай қорымы деп тану қажеттігі туралы нақты пікір білдірдім. Осыдан кейін көп кешікпей Исатай ауданының басшылығы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ректоры Б.Б.Мамраевқа жолығып,  Исатай батырдың  Шейітсайда жерленгендігі туралы ғылыми түрде нақтыланған ресми  қаулы керектігі жөнінде пікір білдірді. Ректор Б.Б.Мамраев бұл мәселе төңірегінде тарихшы ғалымдармен ақылдаса келе, 2013 жылдың қараша  айында Атырау университетінде  республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізу туралы шешімге келді. 

Ғылыми конференция қарсаңында «Прикаспийская коммуна» газетінде исатайтанушы А.Шамғоновтың Исатайдың Шейітсайда жерленгендігі  ғылыми негізделген «Исатай  батыр захоронен в Шейітсае» атты мақаласы жарияланды.

Конференцияға Астана, Алматы, Ақтөбе қалаларынан тарихшы ғалымдармен бірге Ақтөбе облысы Қобда ауданы және Атырау облысы Исатай аудандары әкімдіктерінен қонақтар  шақырылды. «Ұлттық тарихты зерделеудегі өлкетанудың рөлі» атты конференциядағы тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Б.Табылдиев жетекшілік еткен секция мәжілісінде тарихшы ғалымдар, ақтөбелік және қобдалық қонақтар батыр жерленген жер Шейітсай қорымы екендігі туралы пікірдің дұрыстығын дәлелдеп сөз сөйледі.

Конференция 1836-1938 жылдардағы халық-азаттық көтеріліс басшысы Исатай Тайманұлының жерленген жері - Ақтөбе облысы, Қобда аумағындағы Шейітсай қорымы деп тану туралы  қарар қабылдады.

Атырау университетінде қабылданған ғылыми тұжырымдамадан кейін  Исатай  ауданында  Батыр кесенесін тұрғызуға байланысты қор құрылып, оған аудан  тұрғындары, ірі кәсіпорындар әртүрлі мөлшерде қаржы  аудара бастады. Аудан халқы мен мұнай өндіруші  компаниялардың демеушілігімен жиналған қаржыға Маңғыстаудан әрқайсысының салмағы 2,5 тонна болатын 52 дана ұлутас Шейітсайға жеткізілді. Кесене Атырау облысы Құрманғазы ауданының тумасы Нұрсұлтан Имашевтің басшылығымен тұрғызылды.

2014 жылы  20 қарашада Исатай батырға  тұрғызылған  кесенесінің ашылу рәсімі болды. Шараға Атырау облысынан, Ақтөбе қаласынан және Қобда ауданынан барған делегациялар қатысты. Исатай Тайманұлының бесінші ұрпағы Ғазиз Шамаховтың сөзі жиналғандарды қатты толқытты: «Мен Исатай Тайманұлының бесінші ұрпағымын. Жасым 80-ге толды. Атамыздың басының қарайтылмай жатқаны біздің қабырғамызға  аяздай батып жүретін. Бүгін қуаныштан не дерімді білмей тұрмын. Ұрпақтары атынан осы іске атсалысқан ел азаматтарына алғысым шексіз»,- деді ол.

Кесененің лентасын қобдалық еңбек ардагері, антрополог Н.Шаяхметовпен бірге Шейітсайда Исатай батырдың жерленген жеріне қазу жұмыстарын жүргізген Жауғашты Жұмағазиев пен Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қиды.

Кесене 8 қырлы, ені 6 метр, биіктігі 11,5 метр етіп салынды. И.Тайманұлы мен баласы Оспан басына 1991 жылы салынған ескерткіші бөлігінің негізгі элементтері – бетіне Махамбеттің:

Арыстан туған Исатай

Дегеніне жете алмай,

Арманда өтіп кетті деп,

Қиналсаңыз біздерге,

Мың рахмет Сіздерге,-

деген жыр шумағы ойып жазылған биіктігі 2 м 30 см қара гранит тас кесененің  ішінде қалдырылды. Яғни, кесене бұған дейінгі ескерткіш белгілердің үстіне тұрғызылды.

Исатай батыр жерленген Қобда ауданы мен Атырау облысы арасындағы мәдени байланыс казір де жалғасын табуда. Мысалы, 2017 жылы «Нұр Отан» партиясы АОФ төрағасының бірінші орынбасары Н.Ж.Ожаевтың жетекшілігімен «Қарой-Шейітсай- Қарой» автоэкспедициясы Шейітсайға барып қайтты. Бұл  экспедицияның мақсаты – Исатай мен Махамбет батырлардың рухын жаңғырту, олардың жерленген жерлерінен топырақ  алмасу болатын. 2017 жылғы 31 шілдеде экспедиция мүшелері Индер ауданындағы Махамбет батыр жерленген Қаройға келіп, кесенеден топырақ алып, оны 1 тамызда Шейітсай қорымындағы Исатай батыр мен Оспан кесенесіне жеткізді. 2 тамызда экспедиция Қаройға келіп, Исатай батырдың кесенесінен алынған топырақты Махамбет батыр кесенесіне салып, екі Ұлы дала батырларының рухын мәңгіге қосты.   

Амангелді Шамғонов, тарихшы-исатайтанушы, Махамбет атындағы сыйлықтың  иегері.

28 наурыз 2019, 16:24

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.