Атырау, 28 желтоқсан 01:46
 ашықВ Атырау -2
$ 521.81
€ 543.67
₽ 5.05

Қолға алмасақ, кеш болады

1 920 просмотра

Ежелгі Сарайшық қалашығының басына қайғылы күн туды. Әзірге біздің шенеуніктеріміздің қолы ұрлықтан босамай, дау-дамай одан әрі шиеленісіп жатқанда біздің ежелгі тарихи қаламыз көз алдымызда жойылып барады. 

Өткеннен бізде не қалды, біз нені сақтай алдық? Қандай ескерткіштер бар? Бізге, атыраулықтарға басқа өркениетті ұлттардың алдында Сарайшықтан өзге мақтана алатындай қандай жерлеріміз бар?

Үкім шығарылды. Біздің өткенімізден сыр шертетін жалғыз тірегіміз Сарайшық  үнсіз ғана  өшіп барады. Біздің мәдениетімізге деген сезімдеріміздің жоқтығы селқостықты тудыруда.

Жалпы Атырау, баяғыда-ақ, дайын асқа тік қасық болған адамдардың, яғни, біздің жерімізге, тарихымызға еш байланысы жоқ адамдардың қаласына айналды. Кеңес дәуірінің тұсында билік басындағылар зейнеткерлікке шыққанда Алматыға барып қоныстанатын. Өйткені, олар бұл жерде уақытша болатын. Ал қазіргі шенеуніктерге шетелдің өзі «ойыншыққа» айналды.

Бізге өзіміздің тарихымыз бен игіліктеріміздің қаншалықты бағалы екендігін пайымдай алмайтын ұсақ саудагер санасын міндетті түрде өзгерту керек. Біз өзіміздің нені жоғалтып жатқандығымызды сезіне білуіміз тиіс, сонда ғана, бәлкім, бір нәрсе өзгерер.

Мүмкін, тарихи ескерткіштерге немқұрайлы қараудың салдарынан олардың бұзылуына жауапкершілікті жүктейтін заңды қабылдаудың уақыты жеткен болар. 

Сонау 1998 жылдан бері ежелгі Сарайшық қалашығын сақтап қалудың түрлі нұсқалары ұсынылды. Бірақ бірде-бір ұсыныс кезекті облыс шенеуніктерінің қасақылығы мен немқұрайлылықтарынан, ұсынылған жобалардың құнының жоғарылығынан, нысанның тарихи құндылығының аса маңызды еместігі және басқа да кедергілерді алға тартудың салдарынан жүзеге асырылған жоқ.

2007 жылы облыстың үкіметтік емес ұйымдары ежелгі Сарайшық қаласын сақтап қалу жөніндегі идеяларын бірнеше компанияларға, оның ішінде ұлттық мұнай компаниясына да көрсетіп еді. Қоғамдық ұйымдағылар компанияларға проблеманы шешудің арзанға түсетін гидротехникалық жобасын да ұсынды. Бұл жоба халықтық тәжірибеден алынған, өзеннің ең қауіпті деген жағалауларында орналасқан жеке үйлер мен бақтарды қорғау барысында бірнеше рет сыналған жобалар еді.

Тек бір ғана компания – Аджип бұл мәселеге қызығушылық танытты, тіпті, олар Бесікті ауданында жағалауды бекіту жұмыстарының тәжірибесі мен техникасын қолдана отырып, ежелгі қаланы құтқарып қалудың бірнеше нұсқаларын жасақтады.

Жобаның құны шамамен 1 млн долларға бағаланды. Бірақ, Қашаған жобасына жұмылдырылған шетелдік компаниялардың келісім-шартының міндеттері қайта қаралғандықтан, 2007-2008 жылғы жағдайларға байланысты Аджип жоба бойынша жұмысты  жалғастыра алмады.

Зинат ОРЫНБАСАРОВА

19 қыркүйек 2012, 23:01

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.