Атырау, 27 желтоқсан 16:25
 ашықВ Атырау -2
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Құлсарыда су тапшы

3 527 просмотра

Жылыой ауданындағы Құлсары қаласы мен Жаңа Қаратон селосының 50 мыңға жуық тұрғыны сусыз қалуы мүмкін.Су мен кәрізжүйесіне жауапты «Жылыойсу» КМК қарыздың астында қалған.

КІМГЕ СЕНЕМІЗ?

«Жылыойсу» КМК бастығы Балтабай ИБРАЕВ (төмендегі суретте) бұдан бұрын тәулігіне5 мың текше метр су жіберіледі, яғни таңғы сағат 7.00-ден кешкі сағат 20.30-ға дейін үздіксіз су беріледі дегенді сенімді түрде жеткізген болатын. Бірақ мұны халықтың бір тобы жоққа шығарып отыр.

- Бұл жалған, су сағатпен ғана беріледі. Таңертең, түсте, кеште, барлығы 6 сағат қана су беріледі.  Мәселен, мен 4-ші қабатта тұрамын. су жүйелерін пластикпен ауыстырғанбыз, бірақ суға телміріп отырмыз. Туалетке шелектеп су тасимыз, ал ыссы су арман болып қалып отыр. Салқын су жүретін кезде үйден қарға аттам шыға алмайсың, өйткені сусыз қалуың ғажап емес,- дейді 1-ықшамауданы №29 үйдің тұрғыны Ұштап ПЕНСКАЯ (жоғарыдағы суретте).

Осы үйдің 1-ші қабатында тұратын Айнұр ИМАНКУЛОВА да суды сағаттап алып отырғанын айтты. Ал көпқабатты тұрғын үйлердегі жертөлелер адам көргісіз жағдайға жетті. Олар қоқысқа толған, мүңкіген иісі адамды жақындатпайды. Оны тазартуға тұрғындардың әлі келмей отыр. Мәншүк ТАИПОВА ашық-шашық қалған жертөлелердегі кәріз жүйесі қатып қалып, қыстай қорлық көргенін айтып отыр. Қауіпті нысанға айналған жертөлелер (суретте) адам зәресін алуда. 1-ші ықшам ауданындағы бірнеше үйдің жертөлесі антисанитарлық жағдайға жеткен. Жазда иістен, қыста масадан арылмайды. Қаланың лас суларды айдайтын стансасының жайы да сын көтермейді. Қатты желден ғимараттың шатыры ұшып кеткен, лас суды айдайтын жалғыз сорғы (насос) бар. Ол істен шықса, қалаға қауіп төнбек.

 

ҚАРЫЗДЫҢ ҮСТІНЕ ТАҒЫ ҚАРЫЗ ЖАМАЛДЫ

«Жылыойсу» КМК тұрғын-дардан кәріз жүйесі мен су үшін алажағы 30 млн теңге шамасында. Есесіне, МКК су беруші «КазТрансОйл» АҚ-на берешегі - 125 млн теңгеге жеткен. Ал оны қалай өтейтінін МКК басшылығы шеше алмауда. «Жылыойсу» бастығы Б.Ибраев ай сайын 4 млн теңгеге жуық қарызға қалатынын айтты. Есептей келгенде, жылына 48 млн теңгедей шығынға батады екен.

Атырау облысы бойынша табиғи монополияларды реттеу Департаментінің 2012 жылғы 25 сәуірдегі №52 бұйрығымен осы жылдың 1 шілдесінен бастап, «Жылыойсу» МКК-ның ауыз су және сарқынды су бойынша көрсететін қызметтерінің тарифтері белгілі мөлшерде (қосымша құн салығынсыз) бекітілген болатын. Мәселен, ауыз су бойынша пайдалану көлемі айына 1 адамға2,5 текше метрден аспаған тұрғындар үшін - 50,10 теңге, 2,5 текше метрден жоғары тұрғындарға - 54,80 теңге, ал есептегіші жоқтарға - 60,80 теңге, бюджеттік мекемелерге - 96,24 теңге, заңды тұлғалар және жоғарыдағы топтарға жатпайтын тұтынушыларға - 100,10 теңге болып белгіленді. Бірақ екі ай өтпей жатып, инвестициялық бағдарламаның жоспарын орындамады деген себеппен қолданысқа енген тарифтер түсірілген болатын. ҚР табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облысы бойынша Департаменті «Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы» ҚР заңына қатысты заң бұзушылықтарды жою жөнінде «Жылыойсу» МКК-на ұйғарым түсіреді. Осы себептен осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап, тариф 30 пайыз көлеміне дейін төмендеп кетті. 

 

ИБРАЕВ САСПАЙДЫ

Б.Ибраев дағдарыстан шығу жолдары жөнінде былай деп жауап берді:

- Бұдан да қиын күндеріміз болған. Жалақы алмайтын кездер де болды, одан да аман шықтық. Онымен салыстырғанда, бұл қиындық дым емес.

Биыл «Игілік» бағдарламасы бойынша 248 км құбыр жүргізу жобасы аяқталып, су беру көлемі артатын болады, сонда қайтпек?

2006 жылы аудандық мәслихаттың 15-ші сессиясында депутаттар «Құлсарысуканал» КМК бастығы Ибраевқа сенімсіздік танытып, жұмысын қанағаттанғысыз деп бағалаған болатын. Айналғанда «Құлсарысуканал» КМК банкрот болып кетті. Араға үш жыл салып, Ибраев осы салаға қайтып келді. Осыған аудан әкімі Рахметолла НҰҒМАНОВТЫҢ қалайша жол бергендігі де түсініксіз. Біз осы сауалды аудан әкіміне қойғымыз келген, бірақ әкімдіктен оны кездестіре алмадық.

Ал Құлсары қаласы әкімінің коммуналдық сала бойынша орынбасары Еркебұлан АҚҚҰСОВ КМК жағдайы бойынша:

- Күні бүгінде «КазТрансОйл» АҚ қарызын қайтара алмағасын «Жылыойсу» КМК-ның үстінен сотқа талап арыз түсірді. Кәсіпорынды аяғынан тұрғызу үшін тарифті өсіру қажет. Өскен тарифтің төмендеуі МКК-ның 6 айлық есептерін дұрыс тапсырмағандықтан болды, - деп түсінік берді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

19 қыркүйек 2012, 22:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.