Атырау, 27 желтоқсан 16:26
 ашықВ Атырау -2
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Болашақтан келгендер

3 273 просмотра

Атырауда бүгінгі күні «Болашақ» мемлекеттік стипендиясының 70-тен астам түлектері бар. Олардың саны Астана мен Алматыда ғана басым. Атыраулық «болашақтықтар» да бірлесіп елге қызмет етуді ұйғарыпты. Не үшін? Бұл туралы олардың өздері әңгімелейді.

 

ӘКІМШІЛІКТЕГІ ТҰСАУКЕСЕР

Асылбек ЖАКИЕВЕгер сіз «Атыраудың қаншама баласы өз жеріне қайтып келген!» деп таң қалған болсаңыз, сәл ғана көңіліңіз түсуі мүмкін, себебі болашақтықтардың атыраулық «диаспорасында» тек жиырма шақты ғана жергілікті түлек бар.

– «Ақша ғой!» – деп жымияды өмір сүруге аса қолайлы емес қаламызға басқа жақтан келуші кәсіпқой мамандардың осыншама көп келуін түсіндірген сұхбаттасушыларым: Қазақстан Республикасы президентінің «Болашақ» халықаралық стипендиясы стипендиаттарының қауымдастығы Атырау филиалының көшбасшылары Рустам САЛАХОВ пен Асылбек ЖАКИЕВ.

Атыраулық болашақтықтар облыстық әкімдіктің таяуда болған кеңесінде өздерін жақсы көрсете біліпті. Олар өздері бірге жұмыс істеп келеді екен. Жастардың таныстырылымы жақсы әсер қалдырды: мақсаты – білікті сарапшылар қоғамдастығын қалыптастыру; миссиясы – стипендиаттардың күштері мен тәжірибелерін біріктіру, жастардың белсенділігін нығайту және арттыру. Мемлекеттік стипендия түлектері Рустам мен Асылбек итальяндық университеттерде білім алып, Еуропада тәжірибеден өткен. Туған жерлері Атырауға оралып, ірі компанияларда жұмыс істеген, таяу уақытта ғана өз күштерімен «қозғала» бастапты. Осылайша «Болашақ» арқылы білім алған кәсіпкерлердің 0,01 пайызын құрап отыр.

– 99,9 пайызы басқа біреулерге жұмыс істейді, - деп растады Жакиев.

– Бізде болашақтықтардың көбі қай мекемелерде жұмыс істеп жатыр?

– ТШО мен Аджипте.

 

НОБЕЛЬ СЫЙЛЫҒЫНЫҢ ИЕГЕРЛЕРІ ОҚЫТТЫ

Рустам САЛАХОВҚозғалыс белсенділерін жұ-мыс орны мен туған жерлеріне қарамастан алуан түрлі қайырымдылық тұрғыдағы мақсаттары біріктіреді. Бір жыл ішінде олар студенттер үшін семинарлар өткізіп, жетім балаларға арнап бірқатар акциялар ұйымдастырған. Бизнесті дамыту жөніндегі бірнеше стратегиялық жобаларды жасақтаған, жергілікті биліктің жобаларын жасауда сарапшылар ретінде қатысқан, облыстық әкімшіліктің өтініші бойынша облыстың инвестициялық атласын жасауға көмектескен... 

Жалпы мемлекеттік стипендия түлектерінің бәрі «Болашақтың» арқасында алған білімдерімен бөлісуге дайын, - дейді қарапайым төлемақыға екі университетте экономика мен мемлекеттік басқарудан сабақ беретін Асылбек. – Сеніңіз, біздің бөлісетін біліміміз баршылық. Менің өзіме Нобель сыйлығының бес иегері сабақ берді, бізге Феррари, Фиат секілді концерндердің басшылары тәжірибелерімен бөлісу үшін келетін...

– Қызығып отырмын. Стипендиаттар негізінен қандай мамандықтарды таңдайды?

– Негізінен бұлар мұнай-газ саласы мен ІТ мамандары, басқарушылар, қаржыгерлер.

Болашақтықтардың арасында суретшілер, ақындар мен басқа да романтикалық мамандық иелері жоқ па?

– Жоқ, – деп күлді жігіттер. – Дегенмен дизайнерлер, сәулетшілер бар, бірақ олар Атырауда жоқ. Өйткені олар бұл жерде өз білімдерін пайдаға асыра алмас еді. Бұл жерде дизайнерлік кеңселер жоқ. Ал бірегейлердің ішінен, мәселен, Ла Скалада ән айтатын Мария Мудрякты айтуға болады. Біз оқып жатқан кезде ол Италияда оқыды. Сондықтан өзгеше талант иелері де осы стипендиядан қолдау таба алады.

ЖОБАЛАР ЖЕТКІЛІКТІ

– Таныстырылымдар, дамыту жоспарлары шабыттандырады ғой, бірақ көпшілік нақтылықты ұнатады, соның ішінде мен де бармын.

– Инвестициялық бизнес-портал жасап, онда бизнесті, билікті және аналитиканы біріктіргіміз келеді. Оның контентімен өзіміз айналысатын боламыз.

Тағы бір бағыт –  Атырауда қызмет көрсету деңгейін арттыру: көлік жуу орындарынан бастап, супермаркетке дейін бізде тұтынушымен  дұрыс жұмыс жасамайды. Біздің діліміз және біздің сервисіміз, дәлірек айтқанда оның жоқтығы - бүкіл Қазақстанға ортақ әңгіме. Бірақ мұны түзетуге болады. Бұл - менеджмент мәселесі, қызметкерлермен жұмыс. Бәрін бірдей қамту мүмкін емес, бірақ біздің қыздар осыған мүдделі мекемелерге оқыту тренингтерін өткізгілері келеді.

Сондай-ақ, біздің екі университеттің базасында жоғарғы оқу орындарының түлектері үшін жеке даму тренингтерін өткізу туралы келісіміміз бар. Біз оларға сұхбаттасудан қалай өтуге болатынын, түйіндемені қалай жазу керектігін үйрететін боламыз. АМУ мен АтМжГИ ректорлары осындай сабақтар үшін орынжай ұсынуға дайын. Олар бізді жақсы қабылдайды және бірігіп жұмыс жасауға дайын.

Жастарды оқытудан басқа біздің қыздар жетім және аз қамтылған отбасылардың балалары үшін әлеуметтік жобалар жасақтайды.

22 қыркүйекте «Кемел-Атырау» әлеуметтік жобасын іске қосамыз. Аптасына бір рет біздің топ (бәріміз жұмыс істейтін адамдар болғандықтан) балалар үйіне, мектептерге барып, ағылшын тілін оқытады немесе көшбасшы болу қасиеттерін дамытатын болады. Сондай-ақ, ісін жаңа бастаған кәсіпкерлер үшін тегін бизнес-консалтинг өткізетін боламыз: бизнес-жоспарлар, маркетингтік және қаржы жоспарларын жасау, корпоративтік басқару, сапа жүйелерін басқаруды енгізу, IT-консалтинг…

– Мен «Болашақ» қауым-дастығының сайтында болдым.  Онда «консолидация, қалыптастыру, миссия...» деген салмақты сөздер жазылған. Қозғалыс белсенділерінің арасында биліктің жоғарғы эшелондарының: президент аппаратының өкілдері, облыс әкімі орынбасарлары деңгейіндегі саяси тұлғалар, «Самұрық-Қазына» бөлім-шелерінің басшылары бар.

– Иә, «Болашақ» бойынша оқығандар арасында көрнекті тұлғалар көп. Мұның әлеуметтік жеделсаты екені белгілі, бірақ ұрпақтар сабақтастығы дүние жүзі бойынша қалыпты тәжірибе. Біз жақсы білім алдық, елімізге пайдамызды тигізе аламыз деп есептейміз. Болашақтықтар – ондаған жылдардан кейін елді қалыптастырушылар, негізгі тізгінді ұстайтындар. Олар өз сөздерінде «отансүйгіштік» және «елге қызмет көрсету» деген тіркестерді жиі қолданады. Олардың ауыздарынан «тағдыр тәлкегі» деген сөзді естісе көпшіліктің жүзіне күлкі үйірілер еді.

- «Болашақ» түлегін мемлекеттік қызметке қалай тартуға болады? Өз басыңыз бюджет қызметкері ретінде елге қызмет етер ме едіңіз?

- Мүмкін, жасым 40-қа келіп, тәжірибе жинақтағанда болмаса... Жалпы, біз мемлекеттік қызметке қолынан іс келетін адамдарды тарту үшін қазіргі жүйені қайта қарау керек деп есептейміз. Материалдық ынталадырудан басқа, қандай да болмасын жеңілдіктер енгізуге болады.

 

 «БҰЛ - БІЗДІҢ ЕЛІМІЗ»

– Сіздерге деген жұртшылықтың көзқарасы да әркелкі. «Мажорлар» деген сөз сіздер туралы айтылғандардың ең жұмсағы шығар, ал көпшілік кейбіріңізді білім алғаннан кейін шетелде қалып қойғандарыңыз үшін сатқындар деп атайды,

– Иә, бұл бізге таныс. Біз өзіміз қарапайым, орташа атыраулық отбасынан шыққанбыз. Бізбен бірге ауылдың балалары, жетімдер оқыды... Болашақтықтар арасынан «мажорларды» көп кездестірмедім, - дейді Рустам.

– Ал отансүйгіш емес дегендері бос сөз, - деп қызулана сөзін жалғастырды Асылбек. – Менің байқағаным, үйіңнен жырақта оқысаң, қалай патриот болғаныңды өзің де байқамай қалады екенсің. Ол жерге барған кезде отаныңа деген сүйіспеншілік баурап алатыны сондай, тезірек білім алып, елің үшін қолыңнан келгенді жасағың келіп тұрады. Біздің әрқайсысымыз жақсы жерге орналасқанбыз, табыстарымыз да жақсы, бірақ бұл іс жүзінде жеткіліксіз. Елдің қалыптасуына, азаматтық қоғамның дамуына өз үлесіңді қосқың келеді. Біз әлеуметтік бағдарламалар ұсынамыз, сабақ береміз – бұдан бізге түсер ештеңе жоқ, басты мақсатымыз – қоғам дамуына өз үлесімізді қосу. Біз болмасақ, оны кім жасайды?

Әрине, бір тентегі бар отбасында «қашып кету» үшін кез-келген мүмкіншілікті пайдаланатын біреу қашан да табылады ғой. Бірақ бұл көбінесе бастапқы кезеңдерде болды, өйткені мемлекет қазіргі қолданыстағыдай шарттар қоймаған еді.

– Сонда егер мемлекет жақсылыққа жақсылық жасау керек деп шарт қоймаса, стипендиаттар елге сәлемін ғана жолдап қалып қояр ма еді?

– Қазір кері тренд жүріп жатыр – бәрі де кері қайтқысы келеді, оралып жатыр, - дейді Рустам. - Әр болашақтықтың бөлмесінде мемлекеттік ту ілініп тұрады, мен мұны сізге сенімді түрде айта аламын.

– Мен негізі сапарлап шыққанда да тумен ажырасқан емеспін, бүкіл Еуропаны аралағанда өзіммен бірге алып жүрдім, - деп күледі Асылбек.

 – Бірақ отансүйгіштік сыни көзқарасты да жоққа шығармайды, әр нәрсеге парасаттылықпен қарау керек, - дейді Рустам қостап. – Бәрі де салыстыру арқылы танылады ғой, бір нәрсенің дұрыс емес екенін, бірдеңе жасау керектігін түсіне бастайсың. Қалыс қалып жатқанымыздың несін жасырамыз. Туған-туыстарымыздың жақсы қоғамда өмір сүргенін қалаймыз.

– Ал өз туыстарың мен жақын-дарыңды жинап, жақсы жерге кетіп қалғыларың келмей ме?

– Жоқ-жоқ, біріншіден - бұл біздің еліміз, екіншіден – біздің ол жаққа керегіміз жоқ, онда біз ешкім емеспіз. Біз қазір осы жерге қажетпіз, бұл өзімізді көрсету үшін жақсы жағдай.

Біз үлкен күш ретінде, жастар ретінде, жас сарапшылардың, кәсіпқойлардың қозғалысы ретінде елімізге қажет екенімізді көріп отырмыз. Біздің қауымдастығымыз билікпен түрлі деңгейде жұмыс істейді. Әсіресе, бұл Астанада байқалады. Бірақ Атырауда да жергілікті билік біздің берген бағаларымызға құлақ асып, бізбен жұмыс істеуге дайын.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

Суретті түсірген автор

 

«Болашақ» түлектеріне арналған осынау әзіл үндеу жаппай пікірталастар тудырып, ғаламторды шарлап жүр. 

БОЛАШАҚТЫҚТАР, БАЛАЛАРЫМ МЕНІҢ!                                                         Шетелде оқыған кезде (мейлі, АҚШ-та, Англияда немесе Шенгенде болсын) өздеріңнің мемлекет ақшасына оқып жатқандарыңды ұмытпаңдар. Мемлекет шәкіртақысына кезекті айфонды сатып аларда немесе ФБ-ға кезекті Еуротурда түскен фотосуреттеріңді орналастырған кезде, бұл ақшалардың қарапайым салық төлеушілердің ақшалары екенін естен шығармаңдар. Құрылыста жұмыс жасайтын жұмысшының, дүкендегі жүк тиеушінің, мейрамхана даяшысының немесе супермаркеттегі кассирдің жүздерін еске алыңдар. Аз ғана (30-60 мың теңге) жалақысы бар олардың барлығы мемлекеттік бюджетке 10 пайыз жеке табыс салығын төлейді. Әрине, сіздер олардан ақылдырақсыңдар, мақсаткерсіңдер, бірақ мәртебе жоғары болған сайын жауапкершілік те көп болады. Жерлестерің өз күндерін әрең көріп жүргенде, бөгденің есебінен рахаттанып жүрген жараспайды.

Сондықтан оқыңдар, білім алыңдар, жақсы маман болыңдар, көп рахаттанбаңдар, шөп шекпеңдер, Қазақстанды аяғынан тұрғызу үшін кері оралыңдар. Қазақстанның жауынгері болыңдар!                                

Немесе, әрі кеткенде, елге оралған кезде қабақтарыңды қарс жауып, Қазақстанда бәрі нашар, ал Еуропада бәрі керемет деп оңды-солды мылжыңдаудың қажеті жоқ, бұл өтініш.

19 қыркүйек 2012, 21:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.