Шіріген жұмыртқаның иісі мұнайлы астананың визиттік кәртішкесіне айналғалы қашан. Қала тұрғындары үнемі, әсіресе, түнгі уақыттарда түрлі кәсіпорындардан шығарылатын улы заттардың иісінен тұншығып жатады. Айта кету керек, Атырау басқа ірі өнеркәсіп ошақтары орналасқан қалаларға қарағанда желдің арқасында барынша қолайлы аудандардың бірі болып есептеледі. Алайда, жел бізді қорғап қана отырған жоқ, зиянын да тигізіп келеді.
ЖЕЛ ҚАЙДАНСОҒАДЫ?
АМӨЗ қаланың оңтүстік бөлігінде орналасқан. Сондықтан да зауыттан шыққан шығарындылар оңтүстіктен соққан желдің арқасында бүкіл қалаға тарайды. Ал оңтүстік-шығыстан соққан жел зауыт шығарындыларын Балықшы, Жеңіс саябағы, Авангард, Лесхоз және Сарықамыс ықшам аудандарына жеткізеді. Оңтүстік-батыстан соққан жел иісті Химпоселкеге, одан әрі далалыққа айдайды. Солтүстік бағыттағы жел газды теңізге алып кетеді, бізді ол алаңдатпайды да.
Сонымен, «Қазгидромет» РМК облыстық филиалының мәліметтері бойынша 2011 жылы Атырау қаласында жел көбіне оңтүстік-шығыстан және оңтүстік-батыстан тұрып келді; біздің бақытымызға қарай оңтүстіктен соққан жел сирек болды (жел раушанының сызбасын қараңыз). Бірақ, бұл «аурухана бойынша орташа температура».
Біз үшін ең қолайсыз жел - оңтүстіктен соққан жел (жыл мезгілінің бар-жоғы 4%), ол көбіне ақпан, наурыз, шілде, қыркүйек және қараша айларында (шамамен бір айда 2-2,5 күн) орын алады.
Ал Авангард және басқа да қаланың солтүстік-батыс бөлігіндегі аудандар үшін қауіптісі - оңтүстік-шығыстан соққан жел (жыл мезгілінің 9%), ол көбіне желтоқсан-қаңтар (бір айда 6 күн), қазан (4 күн) айларында болады. Тек маусым мен тамыз аралығында ғана хош иістер зауыт жақтан айына 1-2 рет қана соғып кетеді.
Химпоселкеге қарай оңтүстік-батыс жақтан соғатын желге келсек, «сасық» (буландыру стансасы емес, нақты АМӨЗ кінәсінен) күндер сәуір (айда 4 күн), маусым, қыркүйек, қазан, қараша (3 күннен) айларында самал желмен еседі. Қалған басқа айларда да зауыт жақтан жел жиі есіп тұрады. Тек қаңтар айында ғана Химпоселкеге зауыт жақтан иіс мүлдем келмей қалады.
СОНДА НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?
«Таң» экологиялық ҮЕҰ жетекшісі Шынар ІЗТІЛЕУОВА:
– Біз өз кезінде АМӨЗ-ден елді-мекендерге қатысты жел раушанының сызбасын беруді сұрадық. Сондай-ақ, экология департаментіне сұрау салып, ірі өнеркәсіп орындарының (жұмыс істеп тұрған және болашақтағы) орналасу сызбасын да өтіндік. Бірақ, бізге олар тек кәсіпорындардың тізімін ғана жолдаған. Бізде экологиялық медицина туралы түсінік жоқ. Дамыған елдерде ауруларды сол немесе басқа да жерлердегі қоршаған ортаның ластану дәрежесімен байланыстырады. Бізде ондай тәжірибе жоқ. Егер ондай болған жағдайда біз концентраттардың рұқсат етілген шекті мөлшері туралы емес, адам ағзасына зиянды әсер ететін шығарылымдардың жиынтық үстемелері туралы айта аламыз. Бізге удың жиналуы барысында бір жылда, 5 немесе 10 жылда не болатынын білген болар едік.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Меңдіхан ӨТЕПҚАЛИЕВ:
- Сырқаттарды экологиямен байланыстыру үшін күрделі ғылыми зерттеу жүргізу керек, маңызды дәлелдеуші база қажет.
Атырау облысы бойынша экология департаментінің директоры Ербол ҚУАНОВ:
– Мен Америкаға барған сапарымда ғалымдармен кездескен едім. Олардың біреуі де менің «нашар экологияға байланысты сырқаттардың дәлелденген себептері бар ма?» деген сауалыма жауап бере алмады. Көптеген ғылыми орталықтардың осындай зерттеулер жүргізетіндігін білеміз, бірақ, одан шыққан қорытындыны ешкім көріп отырған жоқ. Айталық, біздің дәрігерлерімізді алыңыз, олар қашанда емделушінің айтуы бойынша жазады. Әдетте, сырқат адам неге шағымданады? Балмұздақ жеп қойған, салқын су ішкен және тағы басқа. Ешкім де күкіртсутегімен демалып, соның салдарынан баспа сырқатым асқынды деп айтпайды. Сондықтан да біз онымен байланысты себептерді білмейміз. Біз сырқаттың өсуін, мысалы, тыныс алу органдарының сырқатын күкіртсутегі бойынша концентраттардың рұқсат етілген шекті мөлшерінің артуымен байланыстыра алмаймыз. Республикалық атмосфералық ауаны қорғау орталығы АМӨЗ және басқа да қала маңындағы өндірістік нысандардың қоршаған ортаға және Атырау халқының денсаулығына әсері бойынша зерттеу жүргізгендеріне міне, екінші жыл болды. Егер қаржыландыру болса, 2013 жылы зерттеудің медициналық бөлімі аяқталуы тиіс. Сол кезде бәрі белгілі болады.
КӘСІПТІК АУРУ? БҰЛ МАҒАН ЖАТ
Кәсіптік сырқаттарға келетін болсақ, зауыт пайда болғаннан бері бірде-бір ондай жағдай анықталып көрген емес.
– Біз кәсіптік ауруларды анықтамаймыз, - дейді Атырау облысы бойынша мемлекеттік эпидемиологиялық бақылау комитеті департаментінің өнеркәсіптік кәсіпорындарды бақылау жөніндегі бөлім бастығы Айгүл ЫСҚАҚОВА. - Зауыттың өз медициналық қосыны және өздерінің ведомс-тволық зертханасы бар, онда дәрігерлер қызмет етеді, мониторинг жасайды, еңбекке жарамсыздық бетшелері бойынша есептерін тапсырады. Жыл аяғында біз сырқат жағдайларын талдап, есептемелер жазамыз, бірақ, зауыт жұмыс істегелі бері бірде-бір кәсіптік сырқатқа қатысты жағдай болып көрген емес. Біз бұған аса сене бермейміз, өйткені, бұл өнеркәсіптік нысан болғандықтан кез-келген жағдайда онда зиянды факторлар болады.
Облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің мәліметтері бойынша, уақытша еңбекке жарамсыз сырқаттар АМӨЗ-да 729-дан 1 051 жағдайға дейін өсті (2010 және 2011 жылдардың алғашқы жартыжылдығының мәліметтері). Көз, құлақ, жүйке тамырларының шеткі жүйесі, гипертониялық сырқат жағдайлары, жүректің ишемиялық сырқаты, өткір фарингит және басқа да жоғары тыныс алу органдарының, асқазан және ұлтабар ойық жарасы ауруларының өскендігі байқалады.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының 2010 және 2011 жылдардағы мәліметтері бойынша, облыста мынадай сырқаттардың өскендігі байқалады: қан айналымының бұзылуы 1 907-ден 2 229 жағдайға, қатерлі ісік – 164-тен 165-ке дейін, туа біткен ауытқушылықтар – 98-ден 132-ге, тыныс алу органдарының сырқаты – 11 156-дан 11 494, қант диабеті – 128-ден 136. Қатерлі ісіктен болған өлімдер бір жылда 88-ден 91 жағдайға дейін артты, ал тыныс алу органдарының сырқатынан болған өлім – 9-дан 20-ға жетті.