Атырау, 27 желтоқсан 16:39
 ашықВ Атырау -2
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Сирек болса да, айтпай келсін

3 344 просмотра

«Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары жүргізетін тексерулер саны бірнеше есеге қысқарды», - дейді Атырау облысының бас санитар-дәрігері Тимур СУҚАШЕВ.

Бұл үкіметтің мемлекеттік органдардың тексеру және бақылау функцияларын оңтайландыруымен байланысты. Айталық, жоғары тәуекелділік дәрежесі бар нысандар – балаларды сауықтыру ұйымдары және балаларға арналған сүт тағамдары бұрын жоспар бойынша ай сайын тексеріліп тұрса, енді тоқсан сайын тексерілетін болады. Орташа тәуекелділік  деңгейіндегі нысандар – азық-түлік өнімдерінің саудасы, қоғамдық тамақтандыру, тамақ өнеркәсібі, балабақшалар және мектептер, интернаттар, әсемдік салондары бұрын жылына 4 рет тексеріліп келсе, енді олар жылына екі рет тексерілетін болады. Тәуекелділіктің төменгі деңгейіндегі нысандар  - мұнай, газ өнеркәсібі, құрылыс, энергетика, байланыс жылына 1 рет тексеріледі. Бәрінен бұрын шағын бизнестің жаңа нысандарының жолы болды: 1 қаңтардан бастап оларды мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап 3 жыл бойына тексеруге рұқсат берілмейтін ереже күшіне енеді. Түрлі жұмыстар мен қызмет көрсетуге рұқсат беретін құжаттар тізімі де қысқартылды. Оның ішінде санитарлық-гигиеналық зерттеулерге (бактериологиялық, вирусологиялық, паразито-логиялық және т.б.) енді лицензия берілмейді. 

Санитарлық-эпидемиологиялық дәрігерлер бұл жаңалықтарға аса қолдау танытып отырған жоқ.

– Қазақстанның Бүкіләлемдік сауда ұйымына кіру дайындығы аясында біз Еуроодақ елдерінің, оның ішінде Италия мен Литвада семинарларда болдық, онда біз олардың азық-түлік өнімдері қауіпсіздігі саласындағы заңнамаларымен таныстық. Олар біздің тексеру субъектілерін күні бұрын хабардар етіп отыратындығымызды және бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті басқармасына тіркелетіндігімізді білгенде  қатты таңданды. Еуроодақ елдерінде тексеруді тіркеу секілді нормалар жоқ және олар кәсіпорынға күтпеген уақытта келе береді, - дейді Тимур Суқашев.

Қазақстан БСҰ-на кіре отырып, өз заңнамаларын Еуроодақ заңдарына бірыңғайлап өзгертуі де мүмкін болар. Әзірге санитарлық дәрігерлер жоспарсыз тексеруді тек халықтың дабылы оның ішінде де кейбір адам денсаулығы мен өміріне қауіп төнген  жағдайларда ғана жүргізе алады. Айтпақшы, олар тіпті, осы тексеруді де тиісті органдарда 24 сағат ішінде тіркетуге тиіс.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

19 қыркүйек 2012, 19:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.