Атырау, 27 желтоқсан 16:19
 ашықВ Атырау -2
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Cөрелерде оқулықтар қат

6 665 просмотра

Әр оқу жылының басында «АЖ»-ға мектеп оқушыларының ата-аналары қоңырау шалады. Айтылатын проблемалар да сол баяғы - мектептерде оқулықтар жетіспейді. Тиісінше, тамыздың аяғы мен қыркүйекте кітап дүкендерінің оқулықтар бөлімінде сатып алушылар қаптап кетеді.

МАУСЫМДЫҚ СЕРПІЛІС

Мен бірнеше кітап дүкендерінде болдым, мектеп әдебиеттері мен қосымша құралдарды сатып алуға болатын базар сөрелерін де аралап шықтым. Қай жерде де қолдарына тізім ұстап торыққан ата-аналар жүр.

– Биыл бізге математика, қазақ тілі мен ағылшын тілі оқулықтары жетіспеді, - дейді екінші сынып оқушысының анасы Тұрсын КАМЕЛОВА. – Математика мен қазақ тілін 2500 теңгеге сатып алдық. Ағылшын тілінің оқулығы 3 500 теңге тұрады, бұл біз үшін қымбаттау. Әзірге ксерокөшірмелерді пайдаланып жүрміз...

Үшінші сынып оқушысының анасы Алена ГАЛИЕВА былай деп есептеді:

– Тек ағылшын тілі мен математика үшін 8 000 теңге бердім. Әлі музыка, қазақ тілі оқулықтарын сатып алу керек. Үш жыл болды оқығанымызға, жыл сайын оқулықтарды сатып алу қымбатқа түсуде.

Мектептерде осы проблеманы шешу әдістерін іздестіруде. Мұғалімдер өткен жылғы оқулықтарын екінші сыныптықтарға беріп, өз кезектерінде төртінші сыныптықтардан оқулықтар алу жөнінде үшінші сынып оқушыларының ата-аналарымен келісім жасайды. Кейбір ата-аналардың өздері өзара келісімге келіп, бұрын пайдаланылған бір-біріне қажет оқулықтарды қолжетімді бағамен сатып алады. Бірақ биыл мектептерде тек 2012 жылы шығарылған басылымдар ғана талап етіліп отырғандығы ата-аналардан көп шағымдар түсіріп отыр. Демек, оқулықтар алуға қаржы жұмсауға тура келеді.

«Атамұра» корпорациясының өкілдігі боп табылатын «Академик Зиманов» атындағы Кітап үйіне сатып алушылардың көп келуі 1 қыркүйектен кейін байқалған.

– Кейбір ата-аналар жүйкелерін жұқартпас үшін оқулықтарды алдын-ала сатып алуға тырысады. Басқалары мектеп кітапханасынан тегін кітап алуға тырысады. Бірақ күте алмай, дүкендерді аралауға мәжбүр болады. Ал ол жерлерде дүрбелең басталып, тапшылық туындайды, - дейді осы кітап дүкенінің сатушылары.

Бұл жерде бастауыш мектепке арналған құралдар үлкен сұранысқа ие болып отыр. Негізінен математиканы, орыс тілін, қазақ тілін сұрайды.

Сондай-ақ, ресейлік баспалардың өзін-өзі тану, ағылшын тілі мен математика оқулықтары сұранысқа ие.

 

АЗ ҚАМТЫЛҒАНДАРҒА ҒАНА ТЕГІН

Жыл сайын шенеуніктер мектептердің оқулықтармен жүз пайыз қамтылғандығы туралы мәлімдеп отырады. Алайда жылдан жылға ата-аналарға жетіспейтін оқулықтарды сатып алу қажет. Бұл неге байланысты? Білім беру саласында билігі барлардан, өкінішке орай, жауап ала алмадық. Сұхбаттасушыларым «Мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері мен мектеп оқушыларын оқулықтармен және оқу құралдарымен тегін қамту туралы» №173 үкімет қаулысы туралы еске алумен шектелді. Соған сәйкес, оқулықтар міндетті түрде аз қамтылған және көп балалы отбасылардың балаларына ғана міндетті түрде уақытша пайдалануға тегін беріледі. Қалғандары, егер бар болса, оқулықтарды мектептерден алады.

– Мен мектеп жағдайын түсіне аламын, - дейді ата-аналардың бірі. – Бірақ мектептер де ата-аналарға түсіністікпен қараса екен дейміз. Егер мектепте шынымен де оқулықтар жетіспесе, айталық, оқу жылының аяғында келесі жылы балалар белгілі бір баспаның оқулықтары бойынша оқитын болса, мынадай түрлерін сатып алу керек деп алдын-ала ескертуге болады ғой. Жаз ішінде ата-аналар қарбаласқа түспей-ақ, қажет нәрсенің бәрін бөліп-бөліп сатып ала алады. Бізді дүрбелеңге түсіру үшін бірінші қыркүйекті күтіп не керек? Кейбіреулер үшін 5000 теңге де көп ақша. Мектепте 2-3 баласы оқитын отбасылар да бар. Әрбіреуіне екі-үш кітаптан сатып алса, соның өзі қомақты ақша болады. Сол мезетте бұл ақша қалтада болмауы да мүмкін. Бұл уақытта дүкендерде де дүрлігіс басталады.

P.S. Шамасы, бізге тыныштық болмайтын сияқты. Өткен аптада үкімет отырысында ҚР білім және ғылым министрі Бақытжан ЖҰМАҒҰЛОВ Қазақстандағы мектеп оқулықтары кезең-кезеңмен жаңа «жеке бағытталған оқыту әдістемесіне» ауыстырылатынын хабарлаған еді. Ол авторларды, әдіскерлерді, баспаларды, сараптама жүйесі мен сапасын анықтауды жаңаша даярлау, осының негізінде мүлдем жаңа форматтағы оқулықтарды жасауды ұйымдастыру жұмыстары күтіп тұрғанын мәлімдеді. Ол үшін министрліктегілер «Дамытушы оқулықтар» жобасын жасақтауға кірісті.

Тамара СУХОМЛИНОВА

19 қыркүйек 2012, 18:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.