Атырау, 22 желтоқсан 11:47
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Балыққа не болған? Суға батты. Белгілі нәрсе осы ғана

3 035 просмотра


Жайықта мұз ерігеннен кейін балықтың жаппай қырылуына қатысты ахуал шиеленісе бастады: мұз астынан әлі қаншасы жүзіп шығатыны және қаншасы мұз құрсауында қалғанын білмейміз, бірақ қазір көзге көрініп тұрғанының өзі шошытпай қоймайды. Ең оптимист сарапшылардың болжамы бойынша, балық қорын өткен жылдың деңгейіне дейін қалпына келтіру үшін кем дегенде бес жыл қажет дейді.

Қазір бұл апаттың ауқымын ешкім, соның ішінде Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының Атырау филиалы бағалай алмай отыр.

- Тіпті, ғылыми тұрғыдан да ештеңе айта алмаймын, - дейді Ихтиология жөніндегі аға ғылыми қызметкер Елена БОКОВА. - Біз үшін балықтың жаппай қырылуы - күтпеген факт. Бірінші рет осылай болып отыр. Қыста балықтың қырылуына не себеп болғанына қатысты, тіпті, ешқандай болжам жоқ, күзде химиялық элементтер құрамы ШРК шегінде болған.

- Аммиакқа қатысты нұсқа туралы не айтасыз?

- Бұл талдауларды біз алған жоқпыз, қолда нақты нәтижелер болмаған соң жорамалдап айту өте қиын. Аммиак шын мәнінде себеп болды ма, әлде хлоридтер мөлшері асып кеткен бе, айта алмаймын.

- Сонда сіздер бұл бағытта жұмыс істемейсіздер ме?

- Мүдделі тараптар шақырса ғана, біз осы бағытта жұмыс істейміз. Бізді балық қорғау қызметі сынама алу үшін шақырды, біздің қызметкерлер балық қырылған жерлерге барды, ал нәтижелерді бізге емес, басқа ұйымға берді.

Балық өнеркәсібінің ардагері Бостан СҮЛЕЙМЕНОВТІҢ айтуынша, балықтың 2018 жылғы деңгейіне жету үшін үш жылдан бес жылға дейін уақыт керек.

- Әрине, қынжыларлық жағдай. Балық саласы үшін, балық аулау өнеркәсібі үшін бұл қасірет. Ең оптимистік болжам бойынша, балықты қалпына келтіру үшін кем дегенде үш жыл, қаракөз үшін - 2-3 жыл, сазан, көксерке, ақмарқа үшін 5 жыл қажет.

Аммиак салдарынан осындай мөлшерде балықтардың қырылуы мүмкін деп айта алмаймын - бізде мұндай кәсіпорындар жоқ. Мұнай өнімдерінің де себеп болуы неғайбыл - кез келген талдау олардың бар екенін көрсетер еді, мұны еш жерге жасыра алмайсың. Бұл басқа нәрсе болуы ықтимал.

Бірақ қазір негізгі міндет - балықтың шіруіне жол бермей, Жайықты тазалау. Баршасын, жұртшылықты, балық аулау кооперативтерін тарту қажет.

Себептерге келетін болсақ, NСOC компаниясымен тығыз қарым-қатынаста болу керек: оларда ихтиолог-мамандар көп, мониторинг жасау үшін олар норвегиялық, голландиялық ұйымдар мен ғылыми-зерттеу институттарын тартады.

- Әрине, қорқынышты жағдай, - дейді Жайық-Каспий Орхус орталығының директоры Шынар ІЗТІЛЕУОВА. - Бірақ қазір ең бастысы дүрлігу емес, балық қорларын қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуге, жұртшылықтың ақпаратқа қолжетімді болуына және бақылау мүмкіндігі болуына әкімдік пен үкіметті мәжбүрлеу. Міндетті түрде тәуелсіз сараптама қажет. Қолданыстағы Экологиялық кодекс бойынша кез келген азамат әкімдікке сауал жолдауға және тіпті сотқа беруге құқылы екенін ұмытпаған жөн. 

Сәуле ТАСБОЛАТОВА 

11 наурыз 2019, 17:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.