Атырау, 27 желтоқсан 16:27
 ашықВ Атырау -2
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Итальянша "ойыншық" - 2

1 747 просмотра

Биылғы жылдың шілдесінде біз Италия азаматы, «Аджип ККО» компаниясының супервайзері Орландо ИЕЦЦИ (суретте) туралы жазған едік («АЖ» №30, «Итальянша “ойыншық”» мақаласын қараңыз). Естеріңізге салсақ, мақала жарияланған кезде ол жұмыстан тыс уақытта жүріп-тұру еркіндігіне қатысты  өз құқығын қорғағысы келгені үшін Аджип ККО-дан жұмыстан шығарылған болатын. Өткен аптада О.Иеццидің талап-арызын оның адвокаты Нұржан ҚОЖАХМЕТОВ №1 Атырау қалалық сотына жолдады.

«Қашаған түрмесі» деген тақырыппен «АЖ» редакциясына жазған хатында Орландо Иецци Қарабатандағы «Самал» вахталық қалашығында жұмыс істейтін шетелдік азаматтарға «Аджип ККО» мен «Шелл» компаниясының басшылығы жұмыстан тыс уақытта еркін жүріп-тұруға (атап айтқанда, Атырау қаласына шығуға) рұқсат бермейтіндігін жазған. Басшылық мұны «қауіпсіздік тұрғысында» енгізілді деп желеуреткен. Иеццидің айтуынша, мұндай тыйым жұмысшыларды «Аджип ККО» басшылығына енгізілген шектеулерді негіздеуді талап еткен өтінішпен ұжымдық хат жазуға мәжбүрлеген. Алайда басшылықтың әрекеті тосын болады. Италиядан Атыраудағы кезекті вахтасына келуге 7 күн қалғанда Иецциге жұмыс беруші онымен еңбек келісім-шартын мерзімінен бұрын үзетіндігі туралы жазбаша хабардар еткен.

Талап-арызында О.Иецци оның жұмыстан шығуы мынадай себептерге байланысты заңсыз боп табылатындығын көрсеткен: ол жұмыстан шығарылған тұжырым жұмыс берушінің бастамасымен еңбек келісім-шартын бұзуға негіз болатын Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексінің 54-бабында көрсетілген тізімде жоқ. Бұдан басқа, жұмыс беруші еңбек тәртібінің бұзылғандығына дәлел келтірмеген. Естеріңізге салсақ, Иеццимен еңбек келісім-шарты компанияның ішкі құжаттарында қарастырылған тәртіп бұзушылықтар үшін: а) компанияның имиджіне және оның мүдделеріне сәйкес келмейтін әрекет жасағаны үшін және б) жаңа жағдайға/немесе жергілікті жұмыс жағдайына бейімделуге қабілетсіз болғандықтан бұзылған еді.

 – Мен компания имиджіне сай келмейтіндей ештеңе жасаған жоқпын. Қазақстанда ҚР азаматтарының баршасы және шетелдіктер басшылыққа алуы тиіс заңдар бар деп есептеймін. Ұнамсыз жұмысшыларды жұмыстан шығару үшін компания кодекстерін ойдан шығармау керек қой, -дейді О.Иецци. 

Жалпы ішкі құжатпен бекітілген нормаларды бұзғаны үшін жұмысшыларды жазалау және жұмыстан шығару тәжірибесі шетелдік фирмаларда әдеттегі құбылысқа айналған. Олардың заңды күші жоқ. Бірақ жұмыс берушімен соттасуға екінің бірінің батылы бармайды. Ал батылы жеткендерге күшті қысым көрсетеді. Кез-келген трансұлттық компанияның тоталитарлық секта секілді екендігі белгілі. 

Иецци талап-арызында өзін бұрынғы қызметіне қайта алуды және жауапкерден мәжбүрлі түрде жұмыстан қалғаны үшін орташа еңбекақысын өндіріп алуды талап етіп отыр.

Облыстық соттың баспасөз хатшысы Боранбай ҒАЛИЕВТЫҢ айтуынша, талап-арыз берушінің жауапкермен алғашқы кездесуі 17 қыркүйекке белгіленген. Істі судья Сәкен ЕРАЛИЕВ жүргізеді.

Осы іс бойынша жауапкердің пікірін білу үшін редакция НКОК-қа ресми сауал жолдаған болатын. Әдетте консорциумнан келетін жауапты айлап күтуге тура келеді.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

12 қыркүйек 2012, 23:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.