Атырау, 27 желтоқсан 17:07
 ашықВ Атырау -2
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Кәсіпкерліктің жаңа иірімдері

1 432 просмотра

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ ТШО-ның бүкіл тауарлары мен қызметтерін сатып алуда 4 пайызды құрайтын қазақстандық құрамын арттыруды мақсат етіп қойды. Бұл туралы ол облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының серіктестерімен болған кездесуінде мәлімдеді.

ӘКК БЕЛСЕНДІ ЕМЕС

Әкім орынбасары екінші деңгейлі банктердің, қоғамдық бірлестіктердің, «Атырау» ӘКК, «Даму» қоры, сауда-өнеркәсіптік палатасының, бизнес-инкубатордың өкілдерін, атамекендіктер мен болашақтықтарды жеке танысу үшін жинап, шағын және орта бизнесті дамыту саласындағы біріккен жұмыстарды жақсарту үшін олардың ұсыныстарын тыңдады.

Сөз алған Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Лариса ЖҰМАҒАЛИЕВА бастапқыда «Атырау» ӘКК жобалаған, бірақ неліктен екені белгісіз, жүзеге аспай қалған функциялар туралы еске алуды ұсынды:

– ӘКК алдында нақты міндеттер тұр: бәсекеге қабілетті жаңа өндірістерді құру және бар өндірістерді жаңарту; мемлекеттік активтерді іскерлік айналымға тарту; озат өндірістік және басқарушы технологияны енгізу; бюджеттен тыс инвестицияларды тарту;  бизнестің экономикалық белсенділігінің артуына, инновацияның (технопарктердің, арнайы экономикалық аймақтың, бизнес-инкубаторлардың және т.б.) дамуына қолдау көрсету. 

Енді ӘКК қызметін біз үйлестіретін боламыз. Олар әзірге мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырумен ғана айналысып, кәсіпкерлер бизнес-жобаларымен келіп, қашан ақша сұрар екен деп күтіп отыр. Іс жүзінде ӘКК ұсыныстар күтіп отырмаулары керек, олар экономиканың қозғалмаған саласын тауып, ТЭО мен бизнес-жоспар жасауға бастамалар көтеруі, рентабельділікке талдау өткізіп, тәуекелділікті есептеп, осы жобаларды орындаушыларды табуы тиіс. Ондағы ӘКК үлесі 49 пайыздан жоғары болмайды, 51 пайыз кәсіпкерге тиесілі, жобаның тәуекелін мемлекет өз мойнына алады. Алайда біздің менталитетіміз басқаша, адамдар ақшаларды депозитке салып немесе әрі кеткенде Түркиядан тауар әкеліп сатқанды жөн көреді. «Қасқырды азуы асырайды» деген принцип біздің кәсіпкерлер туралы айтылмаған. Мұнай долларының тұтқындарына айналған біз ештеңені өзіміз жасағымыз келмейді. Мен, әрине, әсірелеп отырмын, бірақ көпшілігі тәуекелге бел буғылары келмейді.

 

АҚЫЛ - ЖАСТАН

Әкім орынбасары Дүйсембаев ТШО-ға арналған қызметтер мен тауарларды ұсынатын қазақстандық жеткізушілер үлесі өте төмен екендігін айтып өтіп, осы цифрларды көтеруге қол жеткізу керектігін мәлімдеді. Бұл осы салаға қатысы барлардың бәріне тапсырма ретінде айтылды.

Содан кейін ол жергілікті банкирлерді жерге қаратты. Оның айтуынша, көрші Орал облысында екінші деңгейлі банктер шағын және орта бизнеске арналған несиелер бойынша өз маржаларын баяғыда төмендеткен. Бүгінде несиелер бойынша олардың мөлшерлемелері 12-12,5 пайыз шамасында, ал бізде жылдық 14 пайыздан кем емес. Дүйсембаев банкирлер алдына бас кеңседегі басшылықтарын қолданыстағы мөлшерлемені төмендетуге көндіру туралы мәселе қойды. 

Мемлекеттік «Болашақ» стипендиясының түлектері қауымдастығының өкілдері әлеуметтік жобалар саласындағы өз қызметтерін, бизнеспен және сараптамалық бағалау саласымен өзара әрекеттестік қызметтерімен таныстырып өтті. Әсіресе, осы тұрғыда бұл Дүйсембаевтың қызығушылығын тудырды. Ол әкімдіктің бизнесті жаңа бастаған кәсіпкерлермен біріккен қызметін жақсарту жөнінде идеялар ұсынуды өтінді, тіпті облыстық әкімдіктің штатына алуға уәде берді.

Жалпы облыстық әкімдік «Болашақтан» білім алған жастарға жақсы көзқараспен қарайды. Жұмағалиева былай деп мойындаған еді:

– Біз бүкіл іскерлік сұраныстар мен ұсыныстарды өз орталарында талқылау үшін Кәсіпкерлер одағына, сонымен қатар болашақтықтарға жіберген кезде, олар үнемі өте қызықты комментарийлер береді.

 

ТАҒЫ БІР ЕРКІН АЙМАҚ

Дүйсембаевтың айтуынша, шағын және орта бизнес үшін қосымша еркін экономикалық аймақ құру жоспарда тұр. Бұл мемлекет есебінен жүргізілген коммуникациялары бар, өз бизнесін ашуға жеткілікті үлкен учаске болуы тиіс (әңгіме мемлекет мүдделі болып отырған кәсіпкерліктің түрлері туралы ғана болып отыр, яғни, тауарлар мен қызметтер өндірісі). Алайда бұл әзірге идея деңгейінде ғана қалып отыр. Әкім орынбасары Атыраудан лайықты жер телімін табудың қиындығына шағымданды.

Қолданыстағы арнайы экономи-калық аймақ (Доссорская, 5), Кәсіпкерлер одағының жетекшісі Әлия БЕКҚОЖИЕВАНЫҢ айтуынша, өзін ақтамаған: 

– Мен сол жерге барып, бүкіл жердің бос емес екендігіне көз жеткізіп қайттым. Ондағы бизнесмендердің басым көпшілігі  басқа жақтан келгендер.

Істерін жаңа бастаған кәсіпкерлерді қолдаудың тағы бір формасы – «Даму» қорының тарапынан кепілдік беру. Оның шарттарына сәйкес, егер бизнеске бір жыл толмаған болса, бірақ ол жұмыс жасап тұрса және пайда түссе, мемлекет оны кеңейту үшін «Даму» қоры арқылы көмектесуге дайын. Егер кәсіпкерде несие алу үшін кепілзат жеткіліксіз болса, «Даму» оған несие сомасының 60 пайызына дейін кепілдік бере алады. Екінші деңгейлі банктер үшін бұл тәуекелі жоқ өнім, өйткені несие алушы ең болмағанда 2 ай несиесін төлемеген жағдайда, «Даму» қоры банкке өзінің 60 пайыз кепілдігін бірден төлеп тастайды.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

12 қыркүйек 2012, 23:46

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.