Құлсары қаласында стоматолог болып жұмыс істейтін Мақсат НАЙЗАБЕКОВ бос уақытын аңшылықпен өткізеді. Оның айтуынша, аңшылық - асқан төзімділік, байыптылықты қажет ететін өнер. Сондай-ақ, көпшілік ойлайтындай аң мен құсты қырып салу емес, із кесіп, айлаңды асырып аулап, ләззат алу.
Оның осы саятшылыққа қызығуын кішкентайынан аңшы әкесі оятқан екен. Бала кезден әкесімен ілесіп жүріп, зейіні аңшылыққа мықтап ауады, содан бері қаншама жылдар өтті, ол бұл хоббиын еш ауыстырған емес.
Жылыой өңірінде қабан, қоян, қарсақ, қасқыр, түлкі, жабайы үйрек, шіл көптеп кездеседі. Ақпанның ортасында қасқырдан басқасыны аулау мерзімі бітеді. Сондықтан Мақсат өзімен аңшылыққа жиі бірге сапарлататын Мәсімхан БЕРДІҒАЛИЕВ, Сабыр ҚАНАТБАЕВ болып қыстың қансонарын қалт жібермейді. Оған алдын-ала дайындалады, мылтығын оққа толтырады, жанар, жағармайды еселеп сатып алып, бөшкеге толтырады, қажетті қалың киімдер, палатка, аулау құралдарын, басқа да қажеттіліктерін алады. Себебі, кейде аңшылыққа әуестеніп, үш күндеп далада жүріп қалуы мүмкін.
- Негізі аңға қар жауып, тынған келесі күні шыққан жақсы, іздер сайрап жатады. Көлікті тастап сол ізге түсеміз. Біз көбіне қоян аулаймыз. Ол да өзінше қулыққа басады, жүріп кеткен ізімен кері жүруі мүмкін. Болмаса ойқастап, шиырлап сан із салады. Болмаса бір жерге тоқтап, секіріп ойып, қар астына тығылады. Жыңғылдардың түбінен аңғару қиын. Қанша дегенмен қорқақтығы бар ғой, дауыстап дабырлап үркітеміз. Сол кезде қалт жібермей, атып алу керек. Кейде қақпан, тұзақ құру арқылы ұстауға болады, дегенмен маған ізге түсу қызықтырақ,-дейді М. Найзабеков.
Ал жабайы қаз бен шілді атып түсіру асқан шеберлікті қажет етеді. Құстар бейқам жерде жайылып жүргенде жақындап, дыбыс беріп ұшырады.
- Аңның қашып, тығылуына мүмкіндік берген дұрыс. Мен қанша аң алғанымды айтқым келмейді. Әңгіме олжаңның көптігінде емес. Аңға шығып келудің өзі бір ғанибет, ғажап күш-жігер береді, ойың сергектеніп, санаң жаңарғандай күй кешесің,- дейді Мақсат.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА