Каспий – Қашаған теңізасты кенішінен өнеркәсіптік мұнай өндіру 2005 жылы жоспарланған болатын. Сол кезде көпшілік енді керемет өмір сүреміз деп үміттенген еді. Енді 2013 жылы көктемде мұнай көп болады деп уәде етіліп отыр. Болатыны шүбәсіз, алайда масайраған көңіл жоқ. Қазақстанда мұнай табыстарының жұмбақ жолдармен өтіп жатқаны сондай, халық олардан өздеріне түсетін ешқандай да пайда көретін жағдайда емес.
Өткен жылы Қазақстанда өндірілген 80 млн тонна мұнайдың тек 20 млн-нан сәл астамын ғана Қазақстанның меншігі деп есептеуге болады. «Біздің инвесторлар әрекетін бақылауға алуға қақымыз жоқ», - деген еді конференциялардың бірінде ҚР Білім және Ғылым министрлігінің Экономика институтының нақты секторды дамыту проблемалары бөлімінің бас ғылыми қызметкері Олег ЕГОРОВ республиканың жер қойнауын пайдаланушылармен жасаған келісім-шарттарының ерекшелігін нұсқап.
Қазақстанның шетелдік жер қойнауын пайдаланушылармен тонаушылық тұрғыдағы шарттары ашық жасалмады, жұртшылық пен сараптама қоғамдастығы тартылмады. Мұның нәтижесін республика үлесінің Теңізде - 20%, Қарашығанақта – 10% және Қашағанда – 17% (16,81%) пайыз шамасында екендігінен байқауға болады. Қашаған жобасындағы үлестің аз болуы мұнай өндірушілердің қорық аймағына аяқ басқандығымен қиындап отыр. Ол жерде бір үлкен апат орын алып, бекіре тұқымдас балықтардың қорлары жоғалуда. Бұл ретте бекіре тұқымдастар мемлекеттің 100 пайыздық пакеті бар Қашағанға қарағанда, епті адамдардың қолында мемлекетімізге анағұрлым алуан түрлі пайда әкеледі.
Сонымен, елімізде өндірілетін мұнай көлемінің көбейері сөзсіз. Бірақ бұл не өзгертеді? Республикадағы үш АМӨЗ КСРО құлағаннан кейін қалай тұрды, әлі солай тұр. Павлодар мұнай-химия зауытында мұнай өңдеу тереңдігі 80 пайыз, Атырау мен Шымкентте 60-70 пайызды құрайды. Еуропада мұндай көрсеткіш 92 пайыз болады. Қарабатанда мұнай-химия кешені салынады деп айтылғаннан бері алты жыл өтті. Бірақ декларациядан әрі қарай іс жүрмеді.
Қазақстандағы мұнай қорларын игеру тәсілдемесінің өзі қисынға келмейтін көмескі боп қалып отыр. Егер көмірсутек шикізаты алдымен елдің ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, ал артылғаны қажетті импортты қамту үшін экспортқа жұмсалса, онда өз орындарында бір нәрселер болар еді. Ал қазір шикі мұнай оффшорлық бағамен кетіп жатыр, ал еліміздің ішкі нарығында импортты бензин сатылуда.
Сондай-ақ «Теңізшевройл» компаниясы Атырау облысындағы әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға – мектептерге, жолдарға, көпірлерге түрлі бонустар бөледі. Бірақ түптеп келгенде мұның бәрі өндіріс шығындары ретінде кері қайтарылады. Бұл ақшаларды жалпы негізде бюджетке жолдап, содан кейін олардан әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландырған дұрыс емес пе? Қашағанның мұнайы кіріс өтуі тиіс құрылымдар мен ағындар пішіні өзгерген жағдайда ғана көмектесе алады. Ал ештеңе өзгермейтін жағдайда бүкіл қашағандық мұнай долларлары құмға сіңген судай жоқ болады. Әрі кетсе, оларға Астанадан министрліктердің бірер ғимаратын ғана салар. Мұнай табыстарын қабылдау инфрақұрылымын дәл бүгінгі күннен бастап өзгерту керек. Өйткені, ертеңгі күні кеш болады.
Ұғымды және ангажирленбеген сарапшылардың барлығының айтары біреу: елімізде әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту үшін өз аумағымызда мұнайды өңдеу керек.
Қазіргі қалыптасқан ахуалды сақтап қалуға мүдделі жандар өте аз және бәрін өзгерткісі келетіндер өте көп. Өзгерістерге қатысты мәселе ашық күйде қалып отыр, өйткені бірі исламдық жолмен жүруді мақсат етсе, ал енді бірі... Негiзiнде варианттары онша көп емес, әрқайсысына тағы да әр түрлi трайбалистық-сепаратистік қосалқы варианттарды қосуға болады. Қашаған бұл ретте кезекті тұрақсыздандырушы фактор ретінде көрініс табады. Сондықтан мұнай долларларымен жұмыс істеудің қолданыстағы моделінің сәтсіздікке ұшырап, күші баяғыда жойылғанын, өйткені оның бүкіл жүйенің тұрақтылығына қатысты жұмыс жасамай отырғанын толықтай сезіне отырып, Қашаған табыстарынан түскен ақша дорбаларын бүгін дұрыстап жайластыру керек екендігін тағы да еске саламыз.
Spik.kz