2 қыркүйекте «Ренессанс» қонақ үйінде «Ембімұнайгаз» ӨФ 90 жылдығына және еңбегі сіңген мұнайшы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Бөлекбай АҒЫНҒАЛИЕВТІҢ 85 жылды ғына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
«ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасы төрағасының орынбасары Құрманғазы ЕСҚАЗИЕВТІҢ (суретте) айтуынша, Қазақстан мұнайының алынатын дәлелденген қоры 5 млрд тоннаны құрайды, болашақтағы болжамды мәліметтер одан да көп – 17 млрд тонна, олардың негізгі бөлігі Каспий маңы ойпатына, оның ішінде Солтүстік Каспий акваториясына көзделген. Бүгінгі күні «ҚазМұнайГаз» 800 млн тонна көлемдегі мұнайдың алынатын дәлелденген жиынтық қорына ие. Компания таяу бесжылдықта геология-барлау жұмыстарына 500 млрд теңге бөлмекші, бұл қаржыға 440 ұңғы бұрғыланатын болады.
ҚМГ басшылығы 2016 жылға қарай «қара алтын» қоры айтарлықтай артады деп үміт артып отыр.
2011 жылы жүргізілген мұнай қорларының халықаралық аудиттеріне сәйкес, Каспий теңізіндегі қазақстандық сектордың ықтималдығы Солтүстік-Каспий жобасын есепке алмағанда (Қашаған, Қайран, Ақтоты, Қаламқас-теңіз) 2 млрд 288 млн тонна мұнайды құрап отыр. 2000 жылы Қашаған ашылғаннан кейінгі Қазақстан мұнайшыларының қол жеткізген жетістігі 2007 жылғы Жемчужина (Хазар және Әуезов құрылымдары) және N блогындағы мұнайдың табылуы болды.
ҚМГ Жемчужинаны игеру тұжырымдамасын жасақтауға кірісіп кетті. N блогы бойынша өкілетті органдарға Қайыршақты-теңіз және Нұрсұлтан құрылымдарында мұнайдың ықтималды коммерциялық табылуы туралы хабарлама жіберілді. Бұдан басқа, Жамбыл, Сәтбаев, Махамбет жобаларында сейсмикалық бұрғылау жұмыстары аяқталып, барлау-бұрғылау тұжырымдамасына дайындық жүргізілуде.
Алайда, барлау жұмыстарының басталуына «ҚазМұнайГазда» Каспий теңізінде өздерінің меншікті бұрғылау қондырғаларының жоқтығы кедергі келтіруде. Ұңғыларды бұрғылау үшін компания ресейлік және әзірбайжандық бұрғылаушыларды тартуға мәжбүрлі. Қазір ҚМГ 2014 жылдың аяғында салынатын өздерінің өзі көтергіш теңіз бұрғылау қондырғысының құрылысы үшін қаржы бөлді. Бұдан басқа, ҚМГ Корей ұлттық мұнай компаниясымен бірлесе отырып, Құрық портында жіберу-реттеу жұмыстарын жүргізіп жатқан Caspian Explorer бұрғылау баржасының құрылысын аяқтауда. Баржа алғашқы ұңғыны Жамбыл құрылымында бұрғылап бастайтын болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ