Атырау, 27 желтоқсан 00:43
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Балықшылардың шыдамында шек жоқ

2 602 просмотра

16 тамызда Жайық және Қиғаш  өзендерінде күзгі балық аулау маусымы басталды. Бірақ қазірдің өзінде балық аулау кооперативтерінің жылдық лимитті орындай алмайтындығы көрініп тұр.

Балықшылар өздерінің жоспарды орындай алмағандарының басты себебі көктемгі балық аулау маусымының қысқа және өндірілген биоресурстар салығы үшін балық аулау алдында алдын-ала төлем төлеудің міндеттілігінен деп отыр.

2012 жылға арналған балық аулау лимиті мынадай: Жайық өзені бойынша – 10 657 тонна, Қиғаш өзені сағасы бойынша (Жайық сағасында балық аулауға қатаң тыйым салынған)  – 5 084 тонна. Оның ішінде көктемгі балық аулау маусымында ауланғаны: Жайық өзені бойынша -  3 078 тонна, яғни,  28,9%, Қиғаш өзені бойынша – 1 880 тонна, яғни 37%. Көктемгі балық аулау маусымы қашан да жыл ішіндегі балық мол болатын науқанды кезең деп есептеледі.

«Балық ресурстары мен өзге су жануарлары, олардың бөліктері мен дервиаттарды пайдалануға шектеулер мен тыйым салу, оларды пайдалану орны мен мерзімін белгілеу туралы» үкіметтің 2012 жылғы 7 наурыздағы қаулысына сәйкес, көктемгі балық аулау маусымы мұз кеткен сәттен бастап 25 сәуірге дейін созылатын болады. Бұдан басқа, ереже бойынша көктемде 5 күн балық аулағаннан кейін 3 күн «балыққа демалыс» беру, яғни демалыс күндері (күзде 5 күн балық аулау және 2 күн демалыс) қарастырылған.

Биылғы жылы Жайық өзеніндегі мұз 1 сәуірде кетті, сол себептен балықшылар бар-жоғы 15 күн  ғана балық аулап үлгерді. Балық аулау кооперативтерімен жасалған келісім-шарттарға сәйкес, балық қорғау инспекциясы лимиттің 35% орындамаған кооперативтердің лимитін қайта бөлуге құқылы. Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бастығының орынбасары Әлібек БҰХАРБАЕВТЫҢ айтуынша, көктемде белгіленген көлемді тек 3 кооператив қана орындады. Олар: «Ракуша», «Амангелді» және «Абылайхан». Алайда, аутсайдерлерді нанынан айырып және олардың белгіленген көлемдерін «алдыңғы шептегілерге» беруге ешкім де құлықты емес.

Кеңес дәуірі кезінде балықтың өзенге кіріп, уылдырық шашуы үшін өзен сағасын тереңдету жұмыстарын жүргізуге жыл сайын бір күн берілетін. Ә.Бұхарбаевтың айтуынша, өткен жылы Төменгі Зарослый, Сасық өзек, Левый№2 және Левый№5 каналдары қазылды. Бұдан «Абылайхан» кооперативі ұтып кетті, өйткені олардың балық аулайтын жері  Төменгі Зарослый каналында бірінші болып орналасқан. Көктемде балықтың көп жүрген уақытында аталмыш кооператив балықшылары бір тартымда 60 тоннаға дейін табан аулады. Басқа балық аулау кооперативтерінің ұжымына мұндай сәттілік тек түстеріне ғана кіретін...

Күзгі ау тартымы 16 тамызда басталды, алайда бүгінгі күні балық аулауға рұқсат алу үшін тиісті құжаттарды тек «Амангелді» кооперативі ғана берді. Басқа артелдер балық аулауға қыркүйектен бастап кірісуге дайындалуда. Өйткені, 1 қыркүйектен бастап Каспий теңізінің ашық бөлігінде балық аулауға рұқсат берілетін болады. Оның үстіне қара балықтың да жаппай  жүретін мезгілі осы айдың ортасынан басталмақ.

Тамызда балық аулаудан бас тартуға артелдердің балық аулауға рұқсат алу алдында өндіретін биоресурстар үшін міндетті салық төлеуі себеп болып отыр. Алдағы күндері қандай және қанша балық аулау  мәселесін шешу қиынға соғып тұр. Егер балық аулау табыссыз болса, онда салық түрінде төленген ақшаны қайтару мүмкін емес. Міне, сондықтан да кооператив басшылары салықты бөліп төлеу және балықтың жүрген уақытында жұмысқа шығу үшін балық аулауға рұқсатты бірнеше рет алуға тырысады. Жайық өзеніндегі 9 кооператив те, Қиғаш өзеніндегі 5 артел де осылай жасайды. Балықшылар балық шаруашылығы комитетіне биоресурстар үшін салынатын салықты балықты аулап болғаннан соң төлеу туралы бірнеше рет өтініштерін жолдады. Бірақ әзірге одан ешқандай қорытынды шыға қойған жоқ.

Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ

30 тамыз 2012, 00:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.