Атырау, 27 желтоқсан 01:00
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Сан соқтырып кетті

1 822 просмотра

28 тамызда №1 Атырау қалалық соты Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің шетелдік фирмалардағы алалаушылық фактісін тану туралы талап-арызын қанағаттандырудан бас тартуға шешім шығарды.

Сот ісіне облыстық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау департаментінің «Розетти Қазақстан» ЖШС мен «МАРТ машина жасау зауыты» ЖШС-нің біріккен кәсіпорны - «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» ҚБ-нен анықталған қазақстандық және шетелдік мамандардың жалақыларындағы айырмашылық себеп болғанын жазған едік. Атырау облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі департаментінің бөлім бастығы Әліпқали ДӘУЛЕТЬЯРОВТЫҢ айтуынша, бірдей орындарда бірдей жұмыс жасап жатқан қазақстандық және шетелдік мамандар мүлдем екі түрлі жалақы алып отырған. Мәселен, біздің құрал-сайман бойынша технигімізге 280 мың теңге, ал шетелдік маманға 1 млн 111 мың теңге төлеген.

Мәжіліс барысында өзінің шетелдік маман екенін, өйткені Белоруссия азаматы боп табылатынын атап өткен жұмыс беруші компанияның адвокаты Александр КОРОБЕЙНИКОВ бұл фактіні формалды қателік нәтижесі, шетелдік мамандар анағұрлым ауқымды міндеттемелерді атқарды, тек бұл штаттық кесте мен лауазымдық нұсқаунамада бейнеленбеген деп сендірді. Шетелдік мамандардың міндеттеріне жаңа міндеттер қосып, лауазымдық нұсқаунаманы қайта жазып шыққан компания еңбекақы төлеу бойынша алалаушылықты жою туралы департаменттің ұйғарымын орындадық деп есептеген.

Департамент директоры Темір ЕСТЕБАЕВТЫҢ пікірінше, жұмыс беруші осылайша алалаушылық фактісін жай ғана бүркемелеген, бірақ жоймаған. Бірнеше сот отырысынан кейін ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 217-221 бабының негізінде сот талап-арызды қанағаттандырудан бас тартуды ұйғарды. Шешім заңды күшіне енген жоқ және кері шағымдануға немесе наразылық білдіруге болады.

Түсінесіз бе, бұл сіздің еңбегіңіз емес. Жүйе сыр берді, - деді Темір Естебаев қуанышын жасыра алмаған Александр Коробейниковқа қарап. Содан соң журналистерге:

- Біз үшін бұл шешім – күтпеген жағдай. Біздің тарапымыздан алалаушылық фактісін тану туралы жеткілікті дәйектер ұсынылды. Бірақ осындай байламға келген прокуратураның нені басшылыққа алғанын білмеймін. Мұнымен сот процесі аяқталған жоқ деп есептеймін, біз басқа да фактілермен жұмыс жасап, басқа компанияларға тексерулер жүргізуді жалғастыратын боламыз. Өзіміздің дұрыстығымызды дәлелдеп, қазақстандық жұмысшылардың құқығын қорғап шығамыз деп үміттенемін, - деді.

Бұрын басқа тексерулер кезінде осындай алалаушылық фактілері анықталды ма деген сұраққа жауап бере отырып, ол былай деп атап өтті:

- Сіздер, журналистер, ресми түрде бұл фактіні анықтамағанымызды білесіздер, бірақ фактілер бар. Біз дәлелдегіміз келген, бірақ әзірге сот фактілерді таныған жоқ. Шамасы, бұл да нәтиже шығар...

Лауазымдық нұсқаунаманы қайта жазып, соның арқасында процессте жеңіп шыққан «Қазақстан Каспиан Оффшор Индастриз» компаниясының әрекеті шетелдік жұмыс берушілерде мұндай тәсілдердің көптеп табылатындығын көрсетіп отыр. Мәселен, жұмыс беруші экспаттардың ресми жалақысын жергілікті жұмысшылардың жалақыларына дейінгі мөлшерде азайтуы мүмкін, ал Отандарында оларға көп бонустар төлейді және т.с.с. Сондықтан бұл істе, шамасы, еліміздің үздік заңгерлерінің көмегі қажет болатын шығар.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген автор

29 тамыз 2012, 23:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.