Кішкентай Асхат САЛАУАТОВТЫҢ (суретте) ата-анасы өз балаларының мүгедек болып қалғанына кінәлі деп ойлаған адамдардың тиісті жазаларын алуына қол жеткізуді көздеп отыр. Олар сотқа облыстық балалар ауруханасының үстінен талап-арыз берді.
– Ол өте пысық, бір жасқа келген бойда өз бетімен жүгіріп кетті, - деп әңгімелейді Асхаттың анасы Нұржамал САЛАУАТОВА. Біздің редакциямыздың есіктерін ашып-жауып, сынап секілді зымырып тұрған балақайды қолда ұстап отыру мүмкін емес. Ол бөлмеден бөлмеге тез қозғалып, жүгіріп жүр, дегенмен оң аяғы сол жақ аяғына қарағанда қысқа және арық.
6 қаңтарда бір жасар сәби «аденофлегмона подчелюстной области справа» деген диагнозбен облыстық балалар ауруханасына түсті.
– Оның құлағының сыртынан бір ісік пайда болды. Хирургия бөлімшесінің дәрігерлері операция жасап, іріңді ісікті сылып тастады. Балама дәрі еккен соң жүре алмай, тамақ ішпей, ұйықтай алмай қалды. Дене қызуы жоғары болып, түспей қойды. Мұның себебін дәрігерлер білмеді. Оған тағы екі рет операция жасады, бірақ оның жағдайы өзгерген жоқ. Мен оларды балам неге жүрмей қалды деген сұрақтың астына алдым. Бірақ дәрігерлер бәрі жақсы деген кейіп танытты, тіпті бізді үйге шығарып жіберді,- дейді Нұржамал.
Асхатты анасы үнемі көтеріп жүрді және оның оң жақ аяғы-ның сол аяғынан салқын болып жүретіндігін, аздап қана қозғайтындығын байқады, оң аяғына қол тигізген кезде
ауырсынатын болды. Нұржамал өзінің байқағандарын емдеуші дәрігерлері Докторгүл ЖАПАРОВАҒА айтып берді. Кеңес беруге шақырылған невропатолог-дәрігер баланың нервісі байланып қалған деп, емдеу шараларын белгіледі. Баланың жағдайы бұрынғысынан да нашарлап кетті, ол оң аяғына қол тигізбей жылайтын болды. Сол кезде Нұржамал баланы Атыраудағы жеке клиникаға қаратты, ондағы невропатолог-дәрігер басқа бір диагноз қойды: оң жақ құйымшақ жүйкесінің зақым алғаннан кейінгі (инъекциялық) нейропатиялық ауруы.
Қойылған диагнозды растау үшін Асхатты ата-анасы Ресейдегі медициналық орталыққа апарды. Орталықта жасалған электромиографияда құйымшақ жүйкесінің зақымдану белгілері табылды. Ресейлік дәрігерлер ауруханада балаға салынған күшті антибиотиктер оның нерв жүйесіне қатты әсер еткен деді. Олар ұзақ емделу керектігін және одан жазылып кетуге ешкімнің де кепілдік бере алмайтындығын айтты.
Асхаттың оң жақ аяғы барған сайын семіп барады, бүгінгі күні жамбас айналасындағы айырмашылық 2 см құрайды. Жасы екіге де толмаған балақайды ресми түрде мүгедек деп танып үлгерді. Нұржамал баласын квота бойынша екі рет Астанаға тексеруге және емдетуге апарды. Онда тамыр-таныссыз және ақшасыз ештеңе істеуге болмайтындығын түсінді, сөйтіп баласын ақылы клиникаларда емдетпек болды. Отбасына көліктерін сатып, қарызға батуға тура келді. Таныстары баланы Қытайға апаруға кеңес беруде, бірақ оған қаржылары жоқ.
Асхаттың ата-анасы Атырау облысы бойынша медициналық және фармацевтік қызметті бақылау комитеті департаментіне шағым берді. Осыған байланысты тексеру жүргізіліп, меңгерушіге, хирургия бөлімшесінің дәрігерлері мен медбикелеріне, аурухананың дәрігер-неврологына ескерту берілді.
Атырау облысының бас педиатры Гүлфара ӨМІРБАЕВА аурухана дәрігерлерінің кінәсі әзірге дәлелденген жоқ деп сендіреді.
– Комитет жүргізген тексеру не болды?
– Иә, тексеру жүргізілді, бірақ облыстық аурухана тәуелсіз сараптаманы шақыртуды қалайды және оны төлеуге дайын.
Облыстық балалар ауруханасының бас дәрігері Нұрқабыл АЙТМҰХАМБЕТОВте аурухана дәрігерлеріне тағылған айыппен келіспей отыр және қосымша сараптама жүргізілуін талап етуде.
– Кеше соттың бірінші отырысы болды...
– Біз жаңа сараптама жүргізу жөніндегі өтінішімізді бердік. Ол сотта қаралуда. Егер сот келісім берсе, нәтижесін күтетін боламыз, - дейді ол.
Зульфия ИСКАЛИЕВА
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ