Көрнекі суретКесір тілігін жасау жиілеп кетті
Соңғы жылдары облысымызда сәбиін кесір тілігімен босанған аналардың саны өскен. Әрине, табиғи жолмен босанғанға не жетсін. Бірақ облыстық перзентхананың бас дәрігері Ұлжан ХАСАНОВАНЫҢ айтуынша, медицина қызметкерлері кейінгі кездері босанушы аналардың денсаулығы нашарлап кеткендігінен кесір тілігіне жүгінуге мәжбүр.
Ол кесір тілігінің өте өзекті мәселе болып қалып отырғанын баса айтты.
- Босанар алдында кесір тілігі нұсқамасыз ешкімге жасалмайды, - дейді Ұлжан Ахметқызы. – Ал көпшілігі әйел өзі туғысы келмегенде кесір тілігін жасатады деп есептейді. Ол қате түсінік. Бұл әдісті қолдану үшін белгілі бір медициналық нұсқаулар қажет. Денсаулық жағдайын толық тексерген соң кесір тілігін жасауға тура келетінін түсіндіріп, келісімін аламыз.
Облыстық перзентханада кесір тілігі 2010 жылы 55 рет, 2011 жылы 122 рет жасалған. Демек, екі есе өскен. Ал биыл бұл көрсеткіштің әлде де өсетін түрі бар: 2012 жылдың бірінші жартыжылдығында ғана 78 әйел кесір тілігімен босанған.
Акушер-гинекологтар кесір тілігі, былайша айтқанда, сәбиді іштен жарып алу операциясы табиғи босану ананың денсаулығына қауіп төндіріп тұрғанда (жүрек-қантамырлары, бүйрек т.б.), жатырдағы баланың тұншығып қалу қаупі, жамбас сүйегі клиникалық жіңішке болуы, қан кету, қан қысымы жоғары және эпилепсиямен ауырған жағдайда жасауға тура келетінін айтады.
Айтпақшы, кесір тілігімен босанған аналарға бала туғанынан бөлек, тағы қосымша бір реттік жәрдемақы төленеді. Бұл баланы ауыр босанған жағдайдағы бала тууға және бала күтіміне байланысты берілетін жәрдемақының үстіне қосылатын коэффицент. Бұл жәрдемақының мөлшері көп емес, ананың табысына байланысты. Оны Атырау облыстық мемлекеттік зейнетақы төлеу жөніндегі орталықтан алады. Осы орталықтың заңгері Рысты ҚАЛИЕВАНЫҢ айтуынша, заңда көрсетілгендей босанушы аналарға берілетін 126 күндік демалыстың үстіне тағы 14 күн беріліп, жалақы табысынан сол күндердің ақысы есептеліп төленеді. Ол үшін ауыр босанған анаға акушер-гинеколог еңбекке жарамсыздық бетшесін толтырып береді. Ал сол бетшені босанған ана зейнетақы төлеу орталығына өзінің арызымен бірге әкеліп тапсыруы қажет.
Дәрігер Ұлжан Хасанова табиғи жолмен туған сәбидің кесір тілігімен келген балаға қарағанда дамып-жетілуі барысында өмірге тез бейімделетінін айтады. Одан бөлек, Ұлжан Ахметқызы жүктілікті жоспарлау кезінде болашақ аналар мен әкелерді алдын-ала медициналық тексеруден өтіп барып, денсаулығын дер кезінде емдеткен соң ғана жауапты қадам жасауға шақырады.
Айнұр САПАРОВА