«Атырау облыстық перинаталдық орталығында соңғы 20 күнде дүниеге келген 20 шақты сәби шетінеді деген ақпарат шындыққа сай келмейді, сәби өлімі анағұрлым аз болды», - деп мәлімдеді Атырауда арнайы шақырылған брифингте орталық директоры Қуаныш НЫСАНБАЕВ. Бірақ ол деректердің он күн сайын жиналатындығына сілтеп, нақты санын атамады, статистика сәл кейінірек белгілі болады. Нысанбаевтың айтуынша, шетінеген нәрестелердің барлығы мерзімінен бұрын дүниеге келген және оларға барлық қажетті медициналық көмек көрсетілген.
Содан соң ол журналистердің сұрақтарына жауап берді.
- Босанған әйелдердің барлығына бірдей диагноз қойылған. Бұл мүмкін бе?
- Жоқ, диагноздары әртүрлі болған, бәрі анасына байланысты. Мысалы, осы әйелдердің барлығы мерзімінен бұрын босанған, олардың көбі жүктілік аралығын сақтамаған. Өткен жылы бірінде жатырынан тыс жүктілік болған, ал егіз баласынан айырылған әйел 2017 жылы босанған, биыл бізге келіп түскенде жүктіліктің екінші триместрінде болды. Үшіншісі үнемі мерзімінен бұрын босанады. Біз сәбилер өлімінен кейін анализдердің бәрін зерттейміз. Әр нақты жағдайда олардың ерте босануына не түрткі болған? Бәлкім құрсақішілік инфекция ма? Қазір осы зерттеулермен айналысып жатырмыз.
- Паталогоанатомиялық сараптама жасалды ма?
- Бір әйел сараптама жасатудан бас тартып, сәбиінің денесін алып кетті. Ал қалғандары келісім берді, нәрестелерде ішкі жүрек ақаулары болғаны анықталды.
- Босануға дейінгі кезеңде осы әйелдер УЗИ-ге түсірілді ме, олардан генетикалық анализдер алынды ма?
- Иә, Қазақстанда жүкті әйелдердің барлығы генетикаға анализ тапсырады, ол бойынша шарананың жай-күйін анықтауға болады. Серікбаеваға УЗИ кезінде балада жүрек кемістігі бар екені айтылып, түсік жасау ұсынылды. Ол бас тартты.
- Атырау облысы сәби өлімі бойынша қандай орында?
- Республика бойынша біз 16-орындамыз, яғни, сәби өлімі бізде ең төменгі орындардың бірінде.
- Жоспарланбаған жүктілік қаншалықты қауіпті?
- Бұл ерекше фактор, өйткені жүктілікті жоспарлау кезінде аралықты сақтау керек. Босану аралығы бір жарым жылдан аз болмауы тиіс.
- Шетінеген сәбилердің салмағы қанша?
- 1,1-1,4 кг. Бұл өте аз салмақ. Қалыпты салмақ 2,5 келіден басталады.
- Сәби өлімі бойынша статистика қалай жүргізіледі?
Бұл сұраққа облыстың штаттан тыс бас педиатры Раиса БАЙМҰХАНОВА жауап берді:
- Статистика жасы, диагнозы бойынша жүргізіледі. Атырау облысында 2018 жылы 5 жасқа дейінгі 206 бала қайтыс болды, оның ішінде 176-сы – бір жасқа дейінгі балалар. 2017 жылы – 146, оның 114-і бір жасқа дейінгі сәбилер. Осындай жағдайлардың көбінде сәби аурушаң боп дүниеге келеді, мәселен, 70 пайызын жүрек кемістігі құрайды. Бұл жерде дәрігерлердің біліксіздігі туралы айту орынсыз болар еді. Олар өз міндеттерін жақсы атқарып жатыр, барлық қажетті медициналық көмекті көрсетеді. Әрбір сәби өлімі олар үшін үлкен қайғы.
Сәби өліміне қатысты өз пікірін облыстық перинаталдық орталығының неонаталогия бөлімінің меңгерушісі Гүлмира ӘБІКЕЕВА да білдірді:
- Біздің перинаталдық орталықта ерте босану саны, соның ішінде өте аз салмақтағы сәбилердің дүниеге келуі көбейіп кетті. 2018 жылы орталықта 300-ден астам сәби шала туылды. Бұлар иммундық жүйесі өте төмен балалар. Аналарында да, тиісінше, экстрагениталды аурулар анықталды. Сәбилердің барлығы алғашқы тәуліктерде тексеруден өтеді, құрсақішілік инфекцияға қатысты да анализдер алынады. Өткен жылы перинаталдық орталықта 108 шарана көз жұмды.
Фархат ӘБІЛОВ
Суретті түсірген автор