Жақында өткен ҚР су саясаты бойынша ұлттық диалогы жұмыс тобының отырысына «Су бастамалары орталығы» қоғамдық қорының сарапшысы Мейрам АРЫСТАНОВ та қатысқан еді. Онымен «АЖ» тілшісі тілдесіп, ең алдымен Жайықтың тағдырына қатысты сұрақтар қойды.
- Жайық проблемасы РФ трансшекаралық өзендер жөніндегі комиссиямен бірге үнемі қарастырылып отырады. Бірлескен зерттеулер нәтижесіне сәйкес, Орынбор қаласы мен Орынбор облысының шекарасында бастауы Жайық сағасынан 327 км қашықтықта орналасқан Сақмар өзенінің Жайық ағынына ықпалы зор. Сақмардың өзі салыстырмалы түрде бөгелмеген десек те, оның сансыз салаларында су қоймалары көп. Бәлкім, Жайықпен шекаралас тұстарда ағынның аз болу себептерінің бірі осында шығар. Бұл әзірге алдын-ала болжам ғана, бірақ Трансшекаралық өзендер жөніндегі комиссия шеңберінде Сақмар бассейніндегі барлық су қоймаларының Жайықтың гидрологиялық режиміне әсерін бағалайтын кез келді деп ойлаймын.
- Ириклинск су қоймасы да бар ғой.
- Ол су ағынына әсер етеді, бірақ әсері Сақмар салаларындағы су қоймасындай емес.
- Қазақстан аумағындағы проблемалар қандай?
- Олардың бірі – Жайық бойында көптеген гектар орман-тоғайлар жойылды. Сарапшылардың пікірінше, орман-тоғай өзен суын көбейтуге септігін тигізеді. Жағалау бойындағы орман белдеуі қажетті мөлшердегі қарды ұстап тұрады, көктемде ақырын ғана ағаштардың көлеңкесінде еріп, өзенді қоректендіреді. Ал қазір орман-тоғай жоқ, қар тұрмайды. Бұл мәселеге де назар аударып, проблеманы мемлекеттік деңгейде шешу керек.
- Біздің балықшыларымыз не дейді?
- Балық қорларын толтыру үшін олар жыл сайын 9 текше/км су сұрайды, бірақ Ресеймен 1996 жылы жасалған хаттамаға сәйкес, бұл көлем 7,8 текше/км және қазіргі су шаруашылығы жағдайына қарай одан көп күтіп қажет емес.
- Шекаралас Қиғаш өзеніндегі жағдай қандай?
- Қиғаштың орташа су көлемі жылына 6-7 текше/км - мұны Жайық ағынымен салыстыруға болады. Өз тарапымыздан, біз қоғамдық ұйым ретінде Қиғашты ұтымды пайдалану туралы бірлескен хаттама жобасын әзірледік, бірақ ресейлік тарап әзірге оны үкіметтік деңгейге шығарғысы келмейді. Олар өзен толық зерттелмеген деп есептейді. Су шығынын бақылау екі жыл бұрын ғана басталып, гидропост салынды.
- Қазақстан аумағында Жайыққа жаңа гидронысандар салу жоспарда бар ма?
- Менің білуімше, еліміздің батыс облыстарының аумағында ескі суармалы жерлерді қалпына келтіру және жаңасын енгізу, тиісінше, су қоймаларын салу жоспарланып отыр. Бұған асығуға болмайды, Жайықтың су балансы үшін алдымен барлық тәуекелдерді бағалауға тиіспіз деп есептеймін. Әрине, суармалы жерлердің алаңын ұлғайту қажет, бірақ бұл таяқтың екі ұшы ғой.
- Ал Ресей аумағында ше?
- Қиын жағдай. Бір жағынан, жоғарыда айтылған трансшекаралық өзендер жөніндегі бірлескен комиссия бар, екінші жағынан - Ресейдің жекелеген өңірлерінде ағындарды реттеу жөнінде белсенді саясат жүзеге асырылады. Осылайша, соңғы 10-15 жылда Башқұртстан Республикасында Ақжар, Бузавлык, Таналык, Макан секілді әжептәуір ірі су қоймалары құрылды. Ал су объектілерін кешенді пайдалану және қорғау сызбасының жобасына сәйкес 2020 жылға дейін Малый, Бескекті, Зелаир, Ташла, Үлкен Ақмұрын, Малый Седяк, Таналык, Үлкен Кизил, Аюла, Үлкен Ускалык өзендеріне гидротехникалық құрылыстар салу жоспарлануда. Үлкен Кизилді қоспағанда бұлардың барлығы - Жайыққа су жеткізетін Сақмардың салалары.
- Сонымен Жайықтың тайыздануына кім кінәлі?
- Қазір біз кінәлілерді іздемей, Ресеймен бірлесіп, осы өзенді сақтауға ықпал ететін тетікті әзірлеуіміз керек.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ