Атырау, 12 желтоқсан 18:41
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +2
$ 516.93
€ 542.52
₽ 4.98

Диқандар тығырыққа тірелді

2 288 просмотра

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы диқандарға 46 млн теңге субсидия қаржысын төлей алмады. Осының кесірінен «Қазсушар» РМК Атырау филиалы Махамбет, Индер және Атырау қаласы диқандарын сотқа бермекші.

ҮКІМЕТ БӘРІН ШАТЫСТЫРДЫ

2011 жылы ҚР премьер-министрі Кәрім МӘСІМОВ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру жөніндегі қызметтердің құнын субсидиялау Ережесіне өзгерту енгізу туралы қаулыға қол қойған болатын. Осыған сәйкес, субсидия қаржысы тікелей Қазсушарға емес, егіншінің есепшоты арқылы сушарлықтарға төленуі қажет болды. Бұл процесс істі күрделендіріп жіберді. Шаруалар бұдан үкімет не ұтып отырғанын түсінбей дал. Енді суды пайдаланған егінші төлемақының 50 пайызын алдын-ала төлеуі тиіс. Мемлекет содан кейін ғана субсидия төлейді. Облыс шаруалары мемлекет өткен жылы субсидияларды төлемегеннен кейін алдын-ала төлемді өз қалталарынан төлеген.

- 2011 жылы 88 млн теңге субсидия төленуі тиісті еді. Бастапқыда оның 41 миллионнан астам теңгесі есепшотқа келіп түсті. Өткен жылдың соңғы тоқсанындағы 46 млн теңге субсидияны Индер, Махамбет ауданының егіншілері төлей алмай отыр. Соның кесірінен «Атырау-Жарық» мекемесіне 53 млн теңге бережақ болып қалдық, - деп комментарий берді «Қазсушар» РМК Атырау филиалының бас гидротехнигі Балатай ЖҰМАБАЕВ.

Диқаншыларға да оңай емес. «Владимир» ШҚ төрағасы Қалығыз ЕСҚАЙЫРОВА субсидияның уақытында аударылмауынан өзінің алдын-ала аударылған 40 мың теңгесін ала алмай отыр. 

- Мен 10 жылдан аса уақыт егіншікпен айналысамын. Бірақ биыл егіншілікті тастауыма тура келді. Себебі, дәл осындай қалыппен қазір жұмыс істеу мүмкін емес. Өткен жылы субсидияның есепшотқа түспеуінен «Қазсушарға» 2 млн 60 мың теңге қарыз болып қалдым. Оны қалай өтеймін деп басым қатты. Егер шаруалар осылай зардап шеге берсе, онда ауыл шаруашылығы саласы дамымайды. Сонда үкіметтің шаруаларға миллиардтаған қаржы бөліп жатырмыз дегені қайсы, - дейді Махамбет ауданындағы бұрынғы «Бекет» ШҚ төрағасы Әбілқайыр СҰПЫҒАЛИҰЛЫ (суретте).

 

СУБСИДИЯ ҚАЙДА КЕТТІ?

Ендеше егіншілерге төленуі тиіс субсидиялар қайда кетті? Біз осы сауалмен облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына екі рет хат жолдағанбыз. Басқарма бірінші хатымызды алған жоқпыз деп азар да безер болғасын, факсы үнемі қосулы тұрған 35-45-90 телефонына қайтадан хат жібердік.

Бірақ басқарманың атынан келген жауап түсініксіздеу болды. Нақтылық жоқ, бұлыңғыр жауап.

- 2011 жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге су беру бойынша қызметтер құны субсидиялауға бөлінген қаржының 39 млн теңгесінің (бұл санды гидротехник Б. Жұмабаев 46 млн теңге деп түзетті. - Л. Қ.) игерілмей қалу себебі - аталған су пайдаланушы кәсіпорындар тұлғалары тиісті су пайдалану төлемдерін тек қана қараша-желтоқсан айларында тапсырып, бізге төлегендігі туралы түбіртектерін тапсырған болатын. Алайда есепті жыл мерзімі аяқталуына (?!) байланысты субсидия мөлшерін төлей алмадық. Себебі, осыған дейінгі «Ауыл шаруашылығы субсиядиялау Ережесін бекіту туралы» қаулысына өзгеріс енгізілуін жергілікті жердегі шаруашылықтар түсінбей, қаржы тапшылығына байланысты төлемдерін кеш аударды. Осының салдарынан жоғарыдағы жағдай қалыптасты, - дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Серік СӘРСЕКЕНОВ.

Бұл жауапқа толық қанағаттанбаған соң С.Сәрсекеновтың өзіне телефон арқылы  сауал қойдық:

- Бұл қаржы енді қашан егіншілердің есепшотына түседі?

- Осы жылдың 23 сәуірінде ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Су ресурстары комитетіне №2214 хатпен шығып, келесі жылдың ішінде төлеуге ұсыныс бердік. Себебі, егістікпен айналысатын су пайдаланылушылардың егістіктен тапқан пайдалары жыл аяғында болатындығы барлығымызға мәлім, - деп жауап берді ол. 

Ал егіншілер басқарма жауабына кері жауап қайтарды: «келесі жылы дейді, бар ақша болса неге биыл бермейді». Соған қарағанда бұл ақшаны басқа бір жерге аударып жіберген ғой. О бастан субсидияға қаржы қаралды емес пе, олар із-түссіз жоқ болып кете алмайды.  

 

ІС СОТҚА ДЕЙІН ЖЕТТІ

Сонымен субсидия болмағасын диқаншылар тығырыққа тіреліп отыр.«Қазсушар» РМК Атырау филиалының Махамбет өндірістік уаскесі бастығының орынбасары Самат УАЛИДЫҢ айтуынша, «Атырау-Жарық» ток бережағы өтелмегендіктен жарықты кез-келген уақытта өшіретіндігін ескерткен.

- Сушар егіншілерді сотқа береміз деп отыр. Оларды да түсінуге болады, бірақ біздің жазығымыз не? Мен мойнымдағы 7 млн теңгені бәрібір өтей алмаймын. Сушар бізді сотқа берсе, біз ауыл шаруашылығы басқармасын сотқа бермекпіз. Сонда соттасамыз ба, жоқ, егін егеміз бе? 2007 жылдан бері егіншілікпен айналысып, бау-бақшаны 110 гектарға дейін жеткізгенмін. Егер су беру тоқтатылса, онда бар еңбек зая кеткені. Ал кінәлі ешкім болмай шығады, зардап шегетін біз ғана боламыз,- дейді Никита АН (суретте).

Шаруалар ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан еш көмектің жоғын алға тартты. Индер ауданы, Бөдене селосының егіншісі Санахмет ТӨЛЕГЕНОВ ақшасын көктемде төлеп қойған тыңайтқышты шілдеде әзер алғанын мұңая жеткізді. 

- Мен мұндай сұмдықты көргенім жоқ, тыңайтқышымды ала алмай аудан әкіміне, ауыл шаруашылығы бөліміне  сан бардым, айналғанда жетпей шықты. Шаруалардың мүддесін қорғайтын адам қалмапты, соған анық көзім жетті,- дейді С. Төлегенов.   

Сонымен, бұлыңғырлау қалған субсидияның шатағы шынында да, соттасуға дейін апаратын түрі бар.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

22 тамыз 2012, 21:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.