Атырау, 26 желтоқсан 18:32
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

От кешкендер

3 073 просмотра

Қазіргі уақыт сумаңдаған тілсіз жаудың нағыз қызған шағы. Бөлімшенің кезекші қосынына күніне 8-ден астам қоңырау келіп түседі екен. Құтқарушылар «АЖ» тілшісіне өрт сөндіру қызметінің күнделікті жұмысындағы қиындықтары мен қуаныштары туралы әңгімелеп берді.

ЖАЛЫНСЫЗ ТҮТІН

Өртпен күресушінің камуфляжын киюге рұқсат алу үшін бар ынтамды салуға тура келді:

- Қалеке... Өтіне-е-е-мін.

Ақыры қатал жауынгердің жүрегі жұмсарды-ау. Шамалы уақыттан кейін жігіттер ең ықшамын әкеліп берді, бірақ оның ішіне де сүңгіп кеттім. Комбинезон, күрте, карабині бар белдік, қолғап, бетперде, каска, бәтіңкелер мен он келілік оттегісі бар баллонмен қаруланғанда өзімді «темір ханымдай» сезіндім. Рас, өте икемсіз, қолапайсыз ханымдай: мұнымен қалайша жүгіріп, өрмелеп, сөндіріп, құтқаруға болады екен - ақылыма сыяр емес?! Клаустрофобия үрейі өн бойымды жайлап кетпес үшін өзімнің дайын екенімді білдіріп, белгі бердім. Ашық есіктен түтіннің иісі шықты да, келесі сәтте қараңғылықтың құшағына еніп кеттім. Бетперде киген өз демімді ғана естіп тұрмын. Бір-екі қадам басып, батылым бармай тоқтап қалдым. Содан соң мені: «мұнда жалғыз өзім кіргенмін бе?...» деген ой жегідей жеді. Қараңғылыққа мұқият зер салып, қолымды алға қарай созып, оң жаққа қарай, содан соң солға қарай жүрдім. Бұл кезде ішкі компасымның дәрменсіз екенін түсіндім, шығатын жердің қай жақта екенін білмей қалдым. Демімді ішке тартып, терең тыныс алдым.

- Эй!!!

Қараңғылықтан алақан пайда болды.

- Мен осындамын.

- Қайда жүрсіздер?

- Мен манадан бері қасыңызда жүрмін ғой,– деп таң қалды құтқарушым.

Өртпен күрес қызметінің аға лейтенанты Қалижан ҚАБДИЕВТІҢ (суретте сол жақта) неліктен мені жаттығатын түтін камерасына кіргізгісі келмегенін енді түсіндім. Тіпті мұның тек жаттығу екенін түйсінсем де, осы жерде қалып қоятындай үрей бойымнан кетпеді. Егер бұл жерде жалғыз екеніңді көз алдыңа елестетсең, шайтан алғыр, бұл шынымен де қиын екен. Өрт сөндірушілерді жалғап тұрған арқан осы үшін керек екен: егер біреуі құлайтын болса, өзімен бірге басқаларын да ала кетеді. Өйтпесе болмайды, сондықтан не жолдасыңды құтқарасың, не мерт боласың. Ғимараттан тыс қалған адам туралы да ұмытуға болмайды. Ол «қауіпсіздік орны» деп аталады. Ол бәрін белгілеп, өрт сөндірушінің әрбір әрекетіне бағыт беріп отырады.

Сонымен не керек, құтқарушының қолына мықтап жармасып алып, әрі қарай аяқ бастым. Тепловизормен қозғалу оңайырақ болды, айналама да көз сала бастадым. Түтін камерасы - өртеніп жатқан бөлменің үлгісі. Оған тек лабиринт арқылы ғана баруға болады. Бөлменің өзі голливудтың үрейлі киноларындағыдай: теледидардың, шкафтың, керуеттің және бір бұрышта жатқан манекеннің түстері сұрғылт-ақ. Тек зәрені алатын күлкі ғана жетіспейді. Ақылдан адасуға болады. Бірақ алдымен «жапа шегушіні» аяқ-қолынан ұстап сыртқа шығару керек.

Түкпірдегі қабырға бойында бөшке орналасқан, онда тұтанған өрттің жарығы түсіп тұр, өртену ошағы – осы. Датчиктегі температура 50°C-ден асып кетті.

- Бұл жабдықсыз адам қанша уақытқа төзеді?

- Ешқандай. Мұндай жағдайда адамды табу өте қиын, әсіресе балаларды. Олар, әдетте, қауіпті сезінсе, жасырынып қалады. Тепловизор адамды керует астында жатса да көрсетеді... Лабиринт арқылы өтейік пе?

Кезекші қарауылмен осылай таныстым. Өрт сөндірушілерге енді таңданыспен қарайтын болдым.

ДИСПЕТЧЕРЛІК БӨЛМЕДЕ

Өрт сөндірушінің жұмыс тәулігі қарауыл ауысымынан басталады. Бұл жерде оны «алмастыру» деп атайды. Өрт сөндірушінің күнделікті жұмысынан бейхабар сырт адам ретінде дабыл сигналын беретін түйменің қай жерде екенін сұрадым. Ол диспетчерлік бөлмеде екен. Оның қожайыны – байланысшы Анаргүл БАСАРОВА (суретте). Жалпы, ерлер ұжымындағы әйел адам дала түймедақтарының арасындағы раушан қауызы секілді ғой. Дегенмен, бұл қыз еркетотай емес. Өзінің жұмыс тәулігіндегі 24 сағат ішінде Анаргүлдің креслодан тұруға қақысы жоқ. Ал айнаға қарау туралы әңгіме қозғаудың да жөні жоқ. Барлық қажетті жағдайлар аралық бөлмеде жайластырылған. Ұйықтауға арналған уақыт – 3 сағат. Онда да шыдау мүмкін болмағанда ғана демалады. Бұл уақытта телефоншы үшін қарауыл бастығы кезекшілік етеді.

- Бір ұзақ гудок – бұл дабыл белгісі,- деп түсіндірді қыз. – Үш қысқа гудок – сап түзеу.

Оны ұзақ қолқалаудың қажеті болмады, дабыл жүйесіне қатысты тәжірибе сәтті өтті. Санаулы секундтарда жігіттер өз орындарымен қаз-қатар боп сапқа тұра қалды.

- Кешіріңіздер, тексеру ғой,– деп шынымызды айттық.

Олардың жүздеріндегі жымиысқа қарағанда, ешкім де ренжіген жоқ деп топшыладым. Жаттығу дабылы бойынша тәуліктің кез-келген уақытында сап құру олар үшін үйреншікті жағдай.

ТІРШІЛІК ҮШІН КҮРЕС

Біз келген күні кезекші болған тағы бір әйел адам – дәрігер Алмагүл ҚАНАТОВА. Күн сайын таңертең жауынгерлердің хал-жайын тексеру - оның міндеті. Негізінен қан қысымын тексереді. Олардың біреуі ауырып қалса да, жұмысқа келуге міндетті. Егер таблетка да, система да құтқарушыны аяғынан тұрғыза алмаса, онда ол профильдік медмекемеге жіберіледі. Оның орнына демалған қарауылдың өрт сөндірушісі ауысады. Мұндай адам бар болғаны төртеу. Сол үшін бұл жерде үшеуі тәулікпен жұмыс істейді.

Жұмыстары рахат қой деп ойлайсыздар ма? Олай емес. Біздің кез-келгенімізге толықтай қаруланып алып жүгіріп, түтін жұтып, содан соң бір апта бойына өз-өзіңе келу үшін жарты сағат жетіп жатыр. Қарапайым адамға ауыр болатын физикалық күш олар үшін дағдыға айналған: ұзақ және қысқа қашықтықта жүгіру, тартылу, уақыт бойынша мұнараға батыл әрекет жасау... Мұның бәрін толықтай киім киіп, оған қоса 50 градус ыстықта 11 келілік баспалдақты көлденеңінен қоса арқалап алып атқарады.

- Жаттығуда қиын болғанымен, ұрыста оңай болады,- деді Қалижан мен жігіттерге демалыс берейік деп өтінгенімде. – Менің жігіттерім ыстыққа үйренген. Физикалық күшке де солай. Олар құтқарушылар ғой. Осымен әңгіме тәмам.

РЕДУТСКИЙДЕГІ ӨРТ

Кешке қарай өрт сөндіру бөлімінің тыныштығын бір ғана ұзақ сигнал бұзып жіберді. Ақ деподағы Редутский өткелі, №3 жеке үй өртеніп жатыр екен. Бұл №9-ыншы мектептің маңы. Көз ілеспес шапшаңдықпен өрт сөндірушілер қаруланып, арнайы киімдерін киіп алды. Сиренаның ащы дауысы, құтқарушылардың ширыққан жүздеріне қарағанда, шамасы қиын жағдай секілді.

Айтылған мекен-жайға қарай бет алдық. Диспетчер рация арқылы дәл жолын нақтылады, солға қарай, оңға қарай – содан соң түтін құшағындағы бір қабатты ағаш үйге келіп тоқтадық. Сиренаның гуілі, рацияның шартыл-сұртылы, қарауыл бастығының бұйрығы – бәрі бір демде араласып кетті. Үй бұрынғы теміржол шпалынан салынған деп айтып жатқан сөздерін естідім. Қара май сіңген мұндай үйлер сіріңке секілді тез тұтанып, санаулы минуттарда жанып кетеді екен.

- Үйде біреу бар ма?

- Ж-ж-жоқ,– деді сенімсіз дауыспен ер адам. Үрей толған көзі мен абыржыған түріне қарағанда өртеніп жатқан үйдің қожайыны секілді. Бір кезде сартылдаған сұмдық дауыс естілді – дәліз құлап түсті. Қарауыл бастығы ішкі кіруге шешім қабылдады. Рация арқылы жолай басқа өрт сөндіру бөлімшелерінен жәрдем сұрады. Бірер минуттардан кейін «Атырау-Жарықтың» және газ қызметінің жасақтары келіп, ток пен газды ажыратулары тиіс. Бірақ оларды күтетін уақыт жоқ, үй ішінде адамдар болуы мүмкін. Қарауыл бастығы мен тағы бір өрт сөндіруші үй табалдырығынан аттап, сұрғылт тұманның құшағына еніп кетті.

Бұл кезде өрт үйдің төбесіне өршіп, шатырға ауыз салды. Сәл-пәл тына қалды да, жаңа күшпен сыртқа қарай ұшқындар шашылып, жалын ата бастады. Көрші үйлерге жалын тиіп кетуі мүмкін. Бір кезде су күшті ағынмен шатырға қарай емес, көрші үйдің қабырғасына шашылды.

- Шатырды сақтап қала алмаймыз,– деп комментарий берді өрт сөндіруші. – Ал қабырға ылғал болса, біраз уақыт тұтанбайды.

Өрт сөндірушілер үйден шығып кетті. Олар өрт ошағын тауып, оны сөндірді. Бақтарына қарай, үйде адамдар болмады. Мен де босаңсып, тершіген алақанымды сүрткен болдым.

Жақындаған сиренаның сарнаған дыбысы естіліп, тағы екі машина көмекке келді. Өрт сөндірушілер толып кетті, 16 адам екен. Қолғаптары судан ісініп кеткен. 20 минуттай уақыттан кейін жалынның сумаңдаған тілі шыжылдап барып өшті. Қара күлдің ұшқындары үрейлене қарап тұрған адамдардың төбесінде біршама уақытқа дейін айнала ұшып жүріп, бастарына, киімдеріне қонып жатты.

– Рахмет!– деді кетіп бара жатқан қызыл машинаның соңынан айқайлаған біреуі қажетті сөзді есіне түсіріп.

ҚҰТҚАРУ - ПАРЫЗЫ

Біз бөлімшеге дабыл сигналынсыз оралдық. Машинаға мінген кезде терге малынған жігіттер ауыр киімдерін шешіп, өрт сөндіру машинасының шағын салонында арқаларын кеңге салды. Бәрі орындарына жайғасқанда, қойын дәптерімді қолыма алдым:

- Неше адамның өмірін құтқардыңыздар? Санайсыздар ма?

- Бұл біздің жұмысымыз ғой. Жалпы, қанша адамды құтқарып, қанша өртті сөндіргеніңді есептеп, жазып отыру жақсы нәрсе емес.

- Ал сіздердің араларыңызда әке жолын қуған өрт сөндіру-шілер бар ма?

-  Болмағанда  ше!

Асқар ТӨЛЕБАЕВ (суретте) әңгімелегендей, оның әкесі Берік өмір бойы Атырау МӨЗ-ның өрт сөндіру бөлімінде еңбек етіпті. Бала кезінде Асқар өзінің әкесін мақтан тұтатын, бірақ ұшқыш болуды армандаған. Айта кетелік, телефоншыны қосқанда жігіттердің барлығы бала кездерінде милиционер, ғарышкер, құтқарушылар боп армандаған екен.

- Әкем көз жұмғанда, ол мені мақтан тұту үшін өрт сөндіруші болуым керектігін түсіндім. Содан кейін осы жерге келдім, білесіз бе, өкінішім жоқ. Адамдарды құтқару – менің парызым.

- Ал өрт сөндірушілердің ұйқысы қатты дегенге не айтасыз?

Бұл сұрақ оларды ығыр қылған секілді. Олардың күні минуттармен бөлінгенін өз көзіммен көрдім. Сарбаздар сағат 23.00-ден таңғы 6-ға дейін ұйықтайды. Ал дабыл қағылса, ұйқы болмайды...

Өрт сөндірушілер ырымдарға сенбейді екен. Олар қара мысықтан, бос шелек ұстаған әйелден қорықпайды. Бұл ер адамға тән емес. Өртеніп жатқан үйге кірген бұл адамдар ең алдымен ақша туралы емес, өртте қалған адамдар жайында ойлайды. Кетіп бара жатып, сарбаздардың бірінен «мұның бәрі неге керек, қиын ғой» деп сұрадым. Ал ол:

- О дүниеге барғанда менен бұл өмірде не істедің деп сұрайды. Сонда оларға ондаған адамның өмірін құтқардым, жүздеген үйлер мен пәтерлерді сөндірдім, сегіз мысықты, үш итті және бір  тотықұсты құтқардым деп айтамын,- деп жауап берді.

Суреттерді түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

     «АЖ» редакциясы Атырау облыстық ТЖД-нің «Өрт сөндіру және апаттан құтқару жұмыстарының қызметі» ММ-не, қызмет бастығының орынбасарына, командиріне және №1 «СПЧ» жеке құрамына  материалды дайындауға көмек көрсеткені үшін алғыс білдіреді.

22 тамыз 2012, 20:09

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.