Атырау, 11 желтоқсан 11:34
 бұлыңғыр боладыВ Атырау 0
$ 508.05
€ 534.82
₽ 5.06

Ақылы су мен астрахандық қызанақтар

3 791 просмотра

Ұзаққа созылған аптап ыстық дәнді-дақылдарды өсірушілерге проблема туғызып отыр. Ал жем-шөп дайындаушылардың жағдайлары қалай?  Қала іргесіндегі ауылдарды шөппен қамтамасыз етіп отырған «Алғабас» ЖШС директоры Үмбет СҰЛТАНОВ биылғы жылы көктемнен бастау алған қуаңшылықтың пішен сапасына кері әсерін тигізіп отырмағандығына сендіреді.

«ПІШЕН САПАСЫ БАҚЫЛАУДА»

«Алғабас» ЖШС-імен байланысты даулы оқиғаны естеріңізге салайық. Жылдың басында Маңғыстау облысының Бейнеу ауылындағы «Әбен» шаруа қожалығының бірден 62 түйесі өлген болатын. Алматы ғылыми-зерттеу институтының мамандарының сараптама қорытындысында түйе малының шөптен уланғандығы жазылған. Қожалық иелері болса, шөпті «Алғабас» ЖШС-нен сатып алғандарын айтқан болатын.  

Біз Бейнеу ауылындағы қожалық иелеріне хабарластық. Қожалық иелерінің бірі Әбен ӘБДРАХМАНОВ мұндай жағдайда ештеңе істей алмай отырғандығын мойындайды. Ол жергілікті биліктен де, үкіметтен де мал шөптен уланғанда ешқандай көмек берілмейді деген жауап алған. Ал оның жұбайы және қожалықтың заңды иесі Камила ӘБДУАЛИВА «Алғабас» ЖШС-ін Ақтау облыстық сотына бергенде, «Атыраудағы мекеменің үстінен Атырау қалалық сотына арызданасыз» деген анықтама алған.

- Біз шөпті «Алғабас» ЖШС-нен сатып алған болатынбыз. Енді олар өздерінің айыбын мойындарына алмай отыр. Мен осы мекемені сотқа беруім үшін Атырауға баруым керек екен. Одан ұтсам жақсы, мекеме бәрін келістіріп қоя ма деп те ойлаймын. Қазір 5түйем ғана қалды. Түйелерімнің бәрі уақытында дәрін алып, егіліп тұрған. Егер түйелердің қандай да бір ауруы болса, олар бірнеше күн ауырып жататын еді, ал олар екі күннің ішінде өліп қалды,- дейді К.Әбдуалиева. 

Ал «Алғабас» ЖШС директоры Үмбет Сұлтанов «Әбен» шаруа қожалығынан ешкім де өздерінен шөп сатып алмағанын және осының бәрі өтірік екенін айтты.

- Олар менен шөп сатып алған болса, олардың қолында бізден сатып алғандығын растайтын қағаздары болуы керек, ол жоқ. Біз екі-үш рулон пішен сатсақ та, құжат толтырамыз. Олар 20 рулон алдық деп отыр. Мұндай шамадағы пішен 60 түйеге бір күнге де жетпейді. Бұл ақылға сыймайтын нәрсе. Оның үстіне мен шабылған шөптің сапасын үнемі тексертіп тұрамын. Сол үшін арнайы комиссия құрып, анализ жасатамын.

Дәлел ретінде «Республикалық ветеринариялық зертхана-сының» РМК Атырау филиалы-ның 3 тамыздағы сынама қорытындысымен таныстырды. 

ПІШЕН НЕГЕ ҚЫМБАТТАДЫ?

«Алғабас» ЖШС жылына 2 000 тонна пішен шабады. Мекеме басшысы шөпке сұраныс болмаса, пішен шабу жұмысын да тоқтатынын атап өтті. Оның үстіне, биылдан бастап шөп бағасы қымбаттады. Былтыр бір рулон пішен 2 500 теңге тұрса, биылдан бастап оның бағасы

4 000теңге болған. Бірақ, жақын маңдағы ауыл тұрғындарының басқа барар жолы жоқ, малын аш өлтірмес үшін шөпті қай бағаға болса да сатып алуға мәжбүр. Ал шөптің қымбаттауына биылдан бастап суарма суына ақы төлеуге тура келіп отырғандығы себеп болып отыр.

- Биылғы жылы Жайық-Каспий бассейндік су инспекциясының бастығы Бисен ҚУАНОВ бізге суға ақша төлетіп отыр, бұрын біз оны тегін пайдаланатынбыз. Бұл АЖЭО-ның «жылы каналындағы» шартты тазартылған қалдық су. Мен жылда шабындық алқабына 53 млн текше метр су жіберемін. Ал менен қазір 1 текше метр су үшін 0,615 тиын алып отыр. Сондықтан, биыл шөп сондай қымбат. Оған қоса, биыл ауа-райы өте қолайсыз болды. Көктем болған жоқ, қыстан кейін бірден жаз шықты. Ол да дәнді-дақылдар мен шөптің шығуы мен өсіруге кері әсер етті,- дейді Ү.Сұлтанов.

Сондай-ақ, ол АЖЭО-нан су алып отырған шаруа қожалықтары көп болғанымен, олар суға ақша төлеп отырмағанын және су ақысын төлеуді тікелей өзіне ғана міндеттеп қойғанына көңілі толмайды.

ШӨП ШАБУДЫҢ ҚИЫНЫ-АЙ...

Бір кездері Алғабас ауылында мал бордақылаумен айналысқан «Алғабас» совхозы болған. Бұл қазіргі «Алғабас» ЖШС. Бұрынғы атауы - «Алғабас мемлекеттік мал бордақылау бірлестігі». Мұнда ірі көлемдегі малға пішен дайындау - басты міндет саналатын. Сол кезде қожалықта 160 механизатор (!), ал қазір жем-шөп дайындайтын ЖШС-те небары 4 механизатор жұмыс істейді. Бірақ, шөп шабатын кезеңде жұмысшылардың саны 120-ға дейін жетеді. Орташа жалақы 45 мың теңгені құрайды. ЖШС директоры Ү.Сұлтанов механизаторлар бұл жерде тұрақтамай отырғанын және олардың жұмысы ең ауыр екенін тілге тиек етті.

- Трактор ішінде мынадай ысықта отыру оңай емес. Бұл жұмыстан бәрі қашады. Күндіз 40 градус ыстықта трактор 80 градус ыстыққа дейін барады, іші қайнап кетеді!

ШАРУАҒА БАЗАРДАН ОРЫН БЕРІҢІЗДЕР!

«Алғабас» ЖШС пішен дайындаумен ғана емес, көкөніс дақылдарын өсірумен де айналысады. Біз серіктестіктен 10 шақырымдай қашықтықтағы егін алқабында болдық. 30 га егін алқабында қазір қызанақ, баклажан, қияр, бұрыш пісіп жатыр.

Дамбы ауылының тұрғыны Қымбат ҚҰБИЕВА (суретте)2005 жылдан бері қарай «Алғабас» ЖШС-не тиесілі 1 га жерді жалға алып, егін өнімін көріп келеді.

- Кедендік Одаққа кіргелі өнімімізді сатуға шығару мұң болды. Сауда жасайтын орын таба алмай әлек болып жүрміз. Барлық орындарды Ресейден әкелінген көкөністерді сатушылар басып алған,- дейді Қ.Құбиева. - Екі жыл бұрын, Кедендік Одаққа дейін бақша өнімдерімізді сатып, науқан кезінде 800 мың теңгедей ақша таптық. Ресейден өнім қалай әкелінді, біз де кейінгі жылы бір науқанда 200-300 мыңтеңге табатын болдық. Қазір базарда ондаған машинаның үстінде помидорды, бірнеше КамАЗ-бен бақша дақылдарын сатып жатыр. Менің саясатта шаруам жоқ, бірақ меніңше Ресейден келетін машиналар санына қандай да бір шектеу қою керек сияқты.

Кедендік Одаққа тосқауыл қоя алмайсың әрине, бәсеке де пайдалы нәрсе. Бірақ, бәрін өз бетімен жіберуге де болмайды. Үмбет Сұлтанов диқаншылар ауыр еңбекпен өсірілген бақша өнімдерін шаң-тозаңда тұрып арзанға сатуға мәжбүр болса, олардан көтеріп алғандар көлеңкеде, салқын жерде екі есе бағамен сататынын әңгімеледі. Қалай десек те, біздің егіншілер өз көкөністерін базарда делдалсыз, өздері сатуға мүмкіндіктері болуға тиіс.

- Бірде базар сыртында сатылып жатқан 40 теңгенің помидорын көтеріп алып, базардың ішінде 80 теңгеге сатып тұрғанын көрдім,- дейді Ү.Сұлтанов.

Айтпақшы, делдалдар туралы. Білетін адамдар кейбір шаруа қожалықтары жергілікті билікті неше түрлі бақша өнімдерін өсіріп отырмыз деп алдап, іс жүзінде оларды науқан басталғанда қалаға Ресейден жүк көлігімен алып келеді екен. Бизнестің өз заңы бар, алайда, мемлекет нарықты реттеуден және өзінің тікелей міндеті – отандық өнім өндірушіні қорғаудан шет қалмауы тиіс.

Айнұр САПАРОВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

16 тамыз 2012, 19:58

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.