Атырау, 25 қараша 14:27
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Түп-тереңіне дейін бойлап...

Бейнежазба
2 998 просмотра


Атырауда «Атырау облысының шегінде Жайық және Қиғаш өзендерінің суын молайту және олардың гидрологиялық режимін жақсарту» жобасы бойынша қоғамдық тыңдау «дөңгелек үстел» түрінде өтті. Оған облыстық әкімдіктің, мердігер - «Павлодар өзен порты» АҚ-ның  өкілдері және жергілікті қоғамдық белсенділер қатысты. Мұнда қазіргі кезде Қиғаш өзенінің Ганюшкин (100 км) және Жаркосин (26,7 км) каналдарында және Жайықтың Яицкий каналында (45,471 км) жүргізіліп жатқан тереңдету жұмыстары талқыланды.

- Бүгінгі тыңдаудың мақсаты - облыс тұрғындарына осынау ауқымды және өмірлік маңызды жоба туралы барлық ақпаратты ұсыну, - деді облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Сағадат ӘЖІҒАЛИЕВ кездесу басында.

Жобаға тапсырыс беруші - құрылыс басқармасының бас маманы Нұрлыбек САҚПАРОВ жұмысқа негізгі тапсырыс беруші оралдық «Уралводпроект» ЖШС екенін және Кеңес дәуірінен бері Жайық пен Қиғашта тазарту жұмыстары жүргізілмегенін хабарлады.

Содан кейін «Павлодар өзен порты» АҚ өкілі Ризабек ХОМАРОВ сөз алды:

- Яицкий, Ганюшкин және Жаркосин каналдары Каспий бассейні суларындағы балық ресурстарын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Олар бекіре тұқымдас және жартылай өрістегіш балықтардың аталықтары мен аналықтарының еңіске қарай Каспийдің солтүстік бөлігіне уылдырық шашуға кіруін және уылдырық шашқан балықтар мен шабақтардың өрістеуін қамтамасыз ету үшін теңіз регрессиясы кезеңінде салынған. Бүгінгі күні каналдарда өзен мен теңіз жақтан келетін судың қатты лайланғаны байқалады, суды қамыс басқан. Тайыздану проблемасы тереңдету және жер өңдеу жұмыстары арқылы шешіледі, соның нәтижесінде оңтайлы тереңдік, ағын жылдамдығы қалпына келеді, су көлемі артады. Мұның бәрі бекіре балығын және жартылай өрістегіш балықтардың айтарлықтай көбеюіне әкелуі тиіс. 

Қоғамдық белсенділерге сөз алып, сұрақ қоятын кезек келді.


- «Павлодар өзен порты» АҚ Жайықты тереңдету жұмыстары бойынша тендерді бірінші рет ұтып отырған жоқ. Бұрын олар бір жарым миллиард теңгеге тендерді ұтып алып, 16 қайраңды тазартуға тиіс болды. Бұл жұмыстарға қатысты шағымдар бар және конкурстарды неліктен бір компанияның жеңіп ала беретіні түсініксіз, - деді «Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының директоры Галина ЧЕРНОВА. - Бүгінгі күні Қиғашта лайлы массаны ғана шығаратын, бірақ өзен түбін тазартпайтын және топырақ шығармайтын екі Watermaster агрегаты жұмыс істейді. Ал Ресейден жеткізілген ДЭР-50-дің де өнімділігі аз, оның үстіне, қатты топыраққа арналмаған.

ЖОБАЛАУ НОРМАЛАРЫ УАҚЫТҚА САЙ ЕМЕС

 «Шығарылған топырақ қайда қатталады?», - деген сұрақ қойылды, оған Р. Хомаров:

- 2017 жылы жоба бойынша бөлінген 49 миллион теңгеге біз шаю картасын, шөгінділермен толтыру үшін арнайы алаңдар әзірледік. Шөгінділер тау боп үйіліп жатпайды, олар гидрошаю арқылы тегіс қабат болып қатталады, - деп жауап берді.

Келесі сұрақ көпшілікті қызықтыратын тақырып бойынша қойылды:

- Тендерге неліктен «Павлодар өзен порты» АҚ қатысады? Басқа жергілікті компаниялар бар ғой.

- Жұмыс тәжірибеміз мол, барлық қажетті техникаларымыз бар болғандықтан конкурсты адал жолмен ұтып аламыз, - деп жауап берді Хомаров. – Көпшілік айтып жүрген Махамбет ауданындағы Жайықта түзілген аралдар мен 16 қайраңға келер болсақ, жұмыстар 2016-2017 жылдары аяқталды. Жайықта да, басқа өзендер секілді өзен ирелеңдері пайда болады, су тасқынынан кейін жаңа қайраңдар түзіледі. Біз учаскені жоба бойынша игеріп жатырмыз. Егер бір жерлерде тереңдіктер жоба бойынша сәйкес келмей жатса немесе жобада әлдене қарастырылмаған болса, біз бұл үшін жауап бермейміз.

Қалалық мәслихат депутаты Салтанат РАХИМОВА мынадай фактіге комментарий беруді өтінді: жобада Қиғаш өзенінде 12 балшық сорғыш агрегаттың жұмыс істеуі тиіс екені көрсетілген, ал іс жүзінде бар болғаны 3-уі; Жайықта 8 техниканың 3-уі жұмыс жасайды.

- Жобада бастапқыда біздің қолымыздағыға қарағанда әлдеқайда қуаты төмен агрегат қамтылды. Ал біздің 1600 текше қуаты бар балшық сорғыш техникамыз осыған ұқсас ескірген агрегаттардың бесеуінің қуатынан асып түседі, - деп жауап берді Хомаров. «Уралводпроект» ЖШС өкілі Ғиният КЕНЖЕҒАЛИЕВ сөзге араласты:

- Жобаны әзірлеу кезінде біз бекітілген сметалық нормаларды басшылыққа аламыз, ал онда 80 текшеден артық қуаттағы техника қарастырылмайды. Олар ескірген, қазір бірнеше есе қуаттты жаңа техникалардың пайда болғанын түсінеміз...

БӘРІНІҢ КЕЛІСІМІН АЛДЫҚ

С. Рахимова:

- Келісімшарт бойынша жұмыс мерзімінің үштен бірі өтіп кетті, ал сіздер жобада қарастырылған теңіз бөлігіндегі жаңа каналдың құрылысын әлі бастаған да жоқсыздар. Қалған уақыт ішінде мұны қалай салып үлгересіздер?

- Бұл мүлдем жаңа канал емес, ол 50 жыл бұрын салынған балық өтетін жасанды канал. Ол жердің топырағы техникамен оңай игеріледі. Сондықтан бәріне де үлгереміз, - деп сендірді Хомаров.

- Ал «Ақ Жайық» резерватының аумағындағы ахуалға қандай комментарий бересіз? Ол жерде жұмыс жасауға рұқсатты қайдан алдыңыздар?

- Жер бөлу бойынша барлық келісімдер жобалау кезеңінде жасалады, - деп жауап берді Хомаров. - Қорытындыны Астана қаласының орталық мемлекеттік сараптамасы берді.

- Ол заңсыз, жергілікті билікпен келісілу керек еді, - деп Чернова наразылық білдірді.

- Бұл сұрақтарды жобалаушыларға қою керек, - деді Хомаров. - Біз бәрін жобаға сәйкес жасаймыз.

- Біз «ҚазБШҒЗИ» ЖШС есебін пайдаландық. Жоба облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясымен, сондай-ақ, су ресурстарын пайдалануды және қорғауды реттеу жөніндегі Жайық-Каспий бассейндік инспекциясымен келісілді, - деп түсіндірді Ғ.Кенжеғалиев. - «Ақ Жайық» резерваты мен Қиғаш аймағы ерекше қорғалатын аумақтар, оларды жергілікті деңгейде мақұлдату жеткіліксіз, сондықтан біз жобаны Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне де мақұлдаттық.

Зейнеткер Қали ӘУБЕКЕРОВ шараның ұйымдастырылуына риза болмады:

- Бұл мәселе тек мемлекет үшін ғана емес, әр отбасы, әр адам үшін өте өзекті. Ал бүгін бұл жерде ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілі де, облыс әкімінің орынбасары деңгейіндегі біздің жергілікті билік өкілі де жоқ. Бұл дұрыс емес.

Қалай болғанда да, тыңдау өткізілді. Атап өту керек, бұл бюджет қаржысына қаржыландырылған жоба бойынша өңірімізде алғаш рет өткізіліп отырған тыңдау. Бұдан әрі жергілікті билік оларды тұрақты өткізіп тұруды жоспарлап отыр.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА 

Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

12 қараша 2018, 17:19

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.