Атырау, 26 желтоқсан 13:00
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Олардың үйі сол жақта

3 648 просмотра

Өз тағдырларын шетелдік азаматпен байланыстырған қазақстандық арулар тақырыбы неге екені белгісіз, көптің талқысына түсіп, елеңдететін жағдай. Бірден мәселенің соңына ақырғы нүктесін қойғым келеді: бұл мақала арандату да, санаға ой салу да емес. Маған және басқа да, оның ішінде ештеңеге сенбейтіндер мен біздің сайттағы сыншыларға  отандастарымыздың, айталық, басқа елге кеткен кешегі бір аулада бірге өскен бойжеткеннің жат жұртта қалай тұрып жатқандығын білу қызықты деп ойлаймын. Олардың барлығы да шетелден ханзада іздеген емес, олар жәй ғана өз сүйіктілерін күтті. Сөйтіп, мұхиттың ар жағынан бір-ақ шығуы олардың кінәсі де еңбегі де емес. Мен оларға шағын ғана сауалнама жолдап, еркін  жауап берулерін өтіндім.

АВСТРАЛИЯ

Любаның  Австралияда тұрып жатқанына жыл жарымнан асты, бірақ, ол азаматтығын әлі ауыстыра қойған жоқ: «Әзірге ештеңені ауыстырмаймын, алдымен бұл жерде өзімнің мәңгілік қала алатындығыма көзімді жеткізуім керек!»

Квинсленд штатындағы Брисбенде тұрамыз, ­ол Австралияның оңтүстік-шығысы. 

Австралияға кетем деп ешқашан ойлаған емеспін! Саяхатқа деген өзімнің қызығушылығым болса да, дәл осы ел ешқашан мені қызықтырмаған екен. Ол өте алыста, тарихы бай емес, кенгуру, жалпы жануарлар әлемі мені тартқан емес.  Алайда, бір адамды кездестіріп, ұнатып қалған сәт туды. Сөйтіп, жаңа Зелендиялық Хайденге тұрмысқа шықтым. Менен бір жас үлкендігі бар, Қазақстанда бизнес жүйеде менеджер болып жұмыс жасады. Бір-екі жыл Қазақстанда тұрып, біз осында көшіп келдік. Көшіп келу, орналасу, жалпы жаңа өмірді бастау қашанда оңай болмайды ғой, сондықтан да өмірімінің осы кезеңі мен үшін әлі де қиын  болып қалды. 

Бастапқыда масаттандық.  Австралия –  мұхитты кеңістігімен, үлкен ерекше саябақтарымен, өзен, аралдарымен табиғаты керемет ел. Айналамның сұлулығы мені сиқырлап тастағандай болады. Біздер әр демалыс сайын мұхит жағалауына барамыз, жазда суға жүзіп, күнге қыздырынамыз, қыста қыдырып, таза ауамен демалуға шығамыз. Толқындарға қарап, қаланың шуылынан бір кезек демаламыз. Атыраудағы -30 градусқа жететін аяз бен желдің қасында мұндағы жыл маусымын қыс деп атауға аузың бармайды. Бұл жердегі 10-20 градус жылылық керемет. Таудың басындағы  және алыстағы қардан басқаны жергілікті халық ешқашан көрген емес. Сенің Ресейден екеніңді білген кездегі қойылатын сұрақтардың кең тараған түрі: «сен қарды көрдің бе?» Сол сәттерде жаз бен нағыз қыстың қандай болатындығын білетін бізді мақтаныш кернейді.

«Ресейденмін» дейтінім кездейсоқтық емес, көп нәрсені түсіндіріп жатудан қашудың амалы деуге болады. Көпшілік австралиялықтар үшін «Қазақстан» атауы ештеңе айтып тұрған жоқ. КСРО тарихы мен жағрафияның қысқа курстарын оқуға тура келеді. Оларға «Ресейден келген болып көріну арқылы банкте, дүкендерде, мейрамаханаларда 15 минут уақытыңды үнемдеуге болады. Ал Қазақстан туралы естігендер болса, көпшілік жағдайда: «А, Борат!» дейді. Мен бұл фильм туралы ұмытып та кеттім. Қарап отырсаңыз, бәрі де өтпелі нәрсе болғанымен, неге екені белгісіз, Борат көптің есінде сақталған. Оның біздің елді танытқаны анық. Білімді және көп елдерде болған адамдар әрине, мұның әзіл екендігін жақсы түсінеді. Бірақ, бір таңғаларлығы, бұл фильмді деректі фильм ретінде қабылдағандар да бар, ал оларға ештеңені түсіндірудің қажеті жоқ. Бұл жердің халқы өте ашық, тез тіл тапқыш адамдар. Бөтен адаммен арадағы әңгіме алдымен ауа райынан, көңіл-күйден басталады, одан әрі күнді қалай өткізгенің, кешкі асқа қандай жоспар бар екендігін міндетті түрде сұрайды, тек содан кейін ғана іске көшеді.

Бейімделу… Бұл мен үшін әлі өтіп жатқан процесс. Австралия –  өркениетті ел, бірақ, өздері олай есептемейді, ештеңеге көңілдері толмайды. Бірақ мен үшін бәрі жаңа: барлығы онлайн бойынша. Кез-келген есепшотты үйде отырып интернет арқылы төлеуге болады, жергілікті «Атырау-Жарыққа» барудың қажетілігі жоқ немесе аулаға келетін водоканалдың көлігін күтудің қажеті жоқ. Дәрігерге жазылу, көлік жүргізуден емтихан күнін белгілеу, театрға не киноға билет сатып алу, мейрамханаға тапсырыс беру... барлығы онлайн! Мұхиттың сұлулығы мен қуаттылығына масаттану сезімі түсінікті, дегенмен, бұл жердегі супермаркеттердің кереметтілігі бастапқыда мені қатты сүйсіндіргені анық. Жаңа піскен жеміс-жидек пен көкөністің сапасы мен саны да көзді қуантады. Ет, құс, балық өнімдерінің түрлілігі де таңдай қақтырады. Тауық пен жұмыртқаны енді мен тек «free range» сатып аламын, яғни, фермадан, онда тауықтар еркін жүгіріп, шөбін жеп жүреді. Ондай азық-түліктер қымбат тұрады, өйткені, оларда дәрумендер көп. Бұл енді біздегі үйде өсірілетін сияқты, бірақ, оны дүкеннен сатып ала алмайсың ғой. Ұзақ сақталған сүтті сатып алмаймын, тек сақталғанына бір-екі күн ғана болған сүтті аламын.

Бара-бара шетелдік өмірдің кереметтілігіне бойың үйрене бастайды, алғашқыда сені таңдай қақтырғанның бәрі әдеттегідей нәрсеге айналады, құдды солай болуы тиіс секілді. Сөйте жүре өзіңнің туған үйіңнен алыста екендігіңді ұмытпайсың, анаңды сағынасың. Онлайн жеткіліксіз болып, скайп күнделікті байланыс құралына айналды.  Қызықты күндерде құрбыларыңмен сыра ішкен кештер есіңе түсіп, бойыңды сағыныш кернейді. Үйде қалғанның бәрі: туғандарыңның махаббаты мен жақындығы, оны сен әрине, бірге жүргенде сезінбейсің, бағаламайсың, кез-келген сәттегі арқа сүйейтін құрбыларың, өз туған қалаңда жүргенде болатын сенімділік, қандай жағдай болмасын қасыңнан табылатын жақындарың... Оның бәрін айтып жеткізу мүмкін емес. Мұның орнын мұхитпен не болмаса керемет дүкендермен алмастыра алмайсың. Алайда, шетелдікке тұрмысқа шығар алдында бұл сенің жасаған  өз таңдауың. Бұл жағдайдың да өз қызығы мен шыжығы бар. Осындай қадамға барар алдында басқа елге бірге аттанып бара жатқан адамыңның қаншалықты сенімді екендігіне жүз пайыз көзіңді жеткізуің керек. Және оның бастапқыда саған күйеу ғана болып қоймай, жақсы дос, жақын отбасың, сенің жаңа өмірдегі жол бастаушың екендігін сезінуің керек.  Егер ол осы үш рөлге дайын болса, алға бас! Австралияда жылжымайтын мүлік қымбат. Әдетте, үй мен пәтерді салым ретінде, яғни, жалдауға беру үшін сатып алады. Қала маңындағы орталықтан 5 шақырым жердегі үш жатын бөлмесі бар үйлер $500-700 мың тұрады  және ғимараттың жағдайына қарай қымбаттай береді. Мұнда салынғандарына орташа есеппен 50 жыл болған ескі үйлер, оларды «old queenslander» (штат атауына байланысты) деп атайды, міне, солар қымбат бағаланады. Олар ағаштан салынған және үлкен ауыз үйі бар. 5 шақырым жердегі осындай үйлер  $300-500 мың тұрады. Мұхитқа не өзенге жақын болса жылжымайтын мүліктің бағасы жағдайына қарамастан 200 мыңға қымбат болады.

Барлық еуропалық маркілі машиналар бізге қарағанда кем дегенде 10 мың долларға қымбат. Біз бәрінен бұрын жапондық көлікті таңдар болсақ, таңдау аясы кең, бағалары да қонымды келетінін айту керек. Бұл жерде машина қолданыс құралы. Мектептен кейін жұрттың бәрі машинаға отырады. Барлық кеңселер, мейрамханалар, дүкендер орналасқан орталық және адамдар тұратын, мектептері бар қала маңындағы үйлер бар. Онда бәрі тып-тыныш, балаларды тәрбиелеуге қолайлы жер. Сондықтан да көліксіз болмайды. Пойыз, автобус, су көліктерінің (қала өзен үстінде орналасқан) жақсы жүйесіне қарамастан барлығы машина мінеді. Айтпақшы, бұл Атырау үшін керемет болған болар еді!

Енді асүйге келейік. Дәстүрлі австралиялық тағам – бұл барбекю. Ол мерекелерге орай, кейде демалыс күндері, кез-келген жағдайларда жасалады. Олардың көпшілігінің ауласында барбекю пісіретін құрал тұрады. Ал пәтерде тұратындары оны балкондарына орналастырады. Ол да біздегі жаздың ыстығында сырамен жеген кәуапқа келеді, тек техникалық детальдарында ғана айырмашылық бар.

Австралия, өздеріңіз білесіздер, иммигранттар елі. Өте интернационалды, онда әлемнің кез-келген халқының асханасы бар мейрамхананы таба аласың. Бірақ, не қазақ не орыс мейрамаханалары жоқ. Бауырсақ пен ет асын сағынамын. Өзім пісіре алмаймын. Үйде жүргенде ет жегім келсе, құрбыма қоңырау шалам, оның тәтті бауырсағы, ет асы бәрі тәтті болатын. Мұнда жүріп мен Алматыдан келген бір қызбен таныстым, оған ет асшы деймін! Ол: жылқының еті жоқ,- дейді. Бәлкім кенгурудің етінен? Сөйтіп күлкіге батамыз.

Сөз соңында – жұмысқа тоқталайық. Біздің алған біліміміз бұл жерде жұмыс табуға аса көп мүмкіндік бермейді. Маған  Шлюмбержеде жасаған жұмыс тәжірибем көмектесті.  Үлкен мұнай өндіруші австралиялық компаниядан қоңырау шалып, бірден 2-3 түрлі бөлімге сұхбатқа шақырды, бірақ, мен тек бір ғана сұхбатқа қатыстым. Сол жерге жұмысқа орналастым. Бұл жерде нақты іс тәжірибесі мен білім бағаланады.

ҰЛЫБРИТАНИЯ

Жанар мен  Марк құрдастар, екеуі де 40 жаста. Ол Британияға осыдан 4 жыл бұрын кеткен болатын. Қазір олар үйлерін сатып Австралияға қоныс аудармақшы, онда «климат жақсы» дейді. Олардың ортақ балалары жоқ, Жанардың алғашқы некедегі 15 жасар баласын тәрбиелеп отыр. Марк Әділжанды туған баласындай қабылдады, ол да оны сыйлай біледі. Әке деп атамайды, бірақ олардың  арасында достық қарым-қатынас бар, тіпті олар кейде Жанарға қарсы «достасып» жатады.

Мен әлемді аралап үлгердім десем болады, дегенмен де сауда орталықтары мен супермаркеттерді көргендегі ең бірінші әсер ерекше болады. Күйеуім маған супермаркетті мұражай аралағандай аузын ашып жүретін адамды бірінші рет көрдім деп күледі. Ал шопинг! Алғашқы кезде күн сайын жұмысқа барғандай бардым, кейін оған демалыс күндерім қосылды. Енем менің жол бастаушым, жүргізушім, аудармашым болды. Мен олардың диалектісін мүлдем түсінгенім жоқ. Онда машинасыз жүру мүмкін емес. Біз әдемі Англияның солтүстік-шығысында орналасқан village ауылында тұрамыз. «Мисс Марпл» деген сериал естеріңізде ме? Кинодағы тура сол ауыл: есіктерді құлыптамайды, бір-бірімен үнемі амандасады. Жарты жылдан соң мен де бәрімен амандаса бастадым. Гүлдер отырғызып, иттерге балаға қарағандай күтім жасауды үйрендім. Әрине, туғандарым мен жақындарымды сағындым. Бірақ, қатты қиналғаным жоқ. Біріншіден, өзің осындай таңдау жасаған соң, қиналудың қажеті не, екіншіден, ондай күндер туған жоқ. Құдайға шүкір, телефон, скайп бар. Мұның бәрін мен ұзақ мерзімді демалыс секілді сезінемін, өйткені, жыл сайын мұнда келіп тұрамын. Көшіп барғаннан соң бір жылдан кейін «кеңестік» қыздармен таныстым: белоруссиялық және ресейлік қыздар. Институтта бірге оқыған менің құрбым менің күйеуімнің досына (бізді таныстырған солар болатын, бірақ олар бізден кейін үйленді) тұрмысқа шықты. Марктің тағы бір досының әйелі Атыраудан. Мен онымен Британияда таныстым. Біз жиі басымызды қосып, менің күйеуім айтқандай, «коммунистер кешін ұйымдастырып», мәнті, тұшпара дайындаймыз. Бастапқы кезде визаның кесірінен жұмыс жасай алмадым. Жұмысты тек 2 жылдан кейін ғана таптым. Шеврон жобасында жұмыс жасаған тәжірибеме қарамастан мені неге жұмысқа алмады: 1. мен сол кезде машина жүргізе алмадым – жақын қала бізден 7 миль жерде. Автобус тығырықтан шығар жол емес. Қатты жауын немесе қар болғанда олар тоқтап қалады. Ешкімге сенімсіз қызметкер керек емес; 2. Мен шетелдікпін. Адамның түр-түсінде тұрған ештеңе жоқ деген еуропалықтардың сүйікті ұраны барлық жерде бірдей емес; бәлкім, бір жерлерде жұмыс жасап жатқан болар, бірақ менің жағдайымда емес. Біздің арамызда менің акцентім болды. Барлық сұхбаттарда маған сенде perfect English (жақсы меңгерген ағылшын тілі) тілі дейді, бірақ, мен ОЛАРДЫҢ ағылшын тілінде сөйлей алмадым. Сол үшін мені ресепшен ретінде де жұмысқа алмады.

Британияның бір түкпірінде маған жұмыс табуға қазақ тілі көмектеседі деп кім ойлаған! Менің күйеуім жұмыс жасайтын компания атыраулық филиалдан келген қызметкерлерді Англияға оқуға шақырған, оларға ағылшын-орыс-қазақша білетін аудармашы 2 айға керек болды. Біздікілер кетіп қалған соң мені уақытша бөлімге көмектесуге қалдырды. Кейін келісім-шарт ұсынды. Мен өз жұмысымды жақсы көремін, ұжымымыз тату, жұмыстан өзіме құрбылар таптым. Британдықтар дос бола білетін жандар екен. Қазір мен өзімді шетелдік  ретінде сезінбеймін. Қашанда басқа жақтың шөбі көк болып көрінеді. Шынында да Атырауға қарағанда көктігі басым. Мұны барлық жағынан да айтуға болады. Бірақ мені таңдандырған да біраз нәрселер бар. Айталық, олар ыдысты қалай жуады. Қазір менің күйеуім бәрін біледі: ыдысты жуып, көбігімен төңкере салмай, шаю керек, аяқ киіммен үйде жүруге болмайды, керісінше, аулада шұлықпен не жалаңаяқ жүруге болмайды... Біз күйеуім екеуміз қатармыз, сондықтан да оны қайта тәрбиелеу қиын болмады.

Екінші бір таңданғаным, олардағы медицина. Бізде медицинаны жамандай береді ғой, ал мен біздің дәрігерлерімізге алғыс білдірер едім. Әрине сөз жоқ, ондағы құрал-жабдық жоғары деңгейде, сервис те жоғары. Бірақ, оларда сенің айтқан шағымыңа бір ғана рецепт жазып береді: парацетомол, бұл олар үшін тыныштандыратын дәрі. Біздің 65 жастағы көршімізді бірнеше күн кеудесіндегі сырқат мазалады, ол клиникаға барды, онда оған парацетомол жазып берді, ал сол күні түнде ол инфаркт алды. Қазір мен де клиникаға баруды қойып, өз бетімше емделемін.

Үй. Біз тастан салынған үйде тұрамыз. Оның қаланғанына 200 жылдан астам уақыт өткен, сәулеттік құндылығы бар, мемлекет қорғауында. Біз үйдің сыртын мемлекеттің рұқсатынсыз өзгерте алмаймыз. Шамамен 100 шаршы метр  250 мың  фунт (шамамен $400 мың)  тұрады. Көрші қалада дәл осындай үйлер тастан салынбағандықтан 2 есе арзан тұрады.

Асүй. Мен ағылшын, кеңестік және қазақтың да ұлттық тағамдарын пісіре беремін. Күйеуім мәнтіні, тұшпараны, палауды, бәлішті ұнатады. Оның өзі де жақсы дайындайды. Мен өзіммен бірге мәнті пісіретін ыдысымды ала кеттім. Өйткені, буға пісіретін ыдыста мәнті тәтті шықпайды. Ал ет асы олардың етінен жасалмайды. Дегенмен етті пісіремін. Ол да дәмді шығады. Англияда жылқының еті жоқ. Бірақ күйеуім Белгияға барғанда әкеліп тұрады. Алайда, ол онда қымбат екен, шамамен бір келісі 30 еуро тұрады. Қазақ тағамдарын дайындауға  тырысқаныммен, әрине,  анамыздың қазысы мен сүр етіне ештеңе жетпейді. 

ҚЫТАЙ

Нурияның жасы  27-де. Оның шетелде тұрғанына 10 жыл болды, ол мектептен кейін Англияға оқуға аттанды, одан келген соң көп ұзамай Қытайдың іскерлік астанасы Шанхайға кетті. Жартылай ирландиялық, жартылай испандық Киано есімді күйеу жігіті 37 жаста. Және бүгін газет шығатын күні Стамбулда олардың тойы өтпекші. Қазақстандық не испандық қонақтарға бұл салтанат үшін визаның керегі жоқ. 

Мен өзім табиғатымнан көшіп-қонып жүргенді ұнатамын. Бала күнімнен мені жаңа бір нәрселер тартатын. Менің шетелдік тілге деген қызығушылығым болды. Жаңалықтарда көбіне Қытай туралы жиі айтылатын, бұл қандай ел деген оймен мен қытай тілін үйренуді жөн көрдім. Көп ойланбастан Шанхай университетіне құжаттарымды тапсырдым. Үш айдан соң 2006 жылдың басында  сол жерде болдым.

Сол кезде Бейжің олимпиадаға дайындалып жатты, ал Шанхай бүкіләлемдік Экспо көрмесіне дайындалды. Құрылыс қаланың барлық көшелерінде жүріп жатқан еді.

Бастапқыда бәрі қызықты болатын. Көпшілігі таңдандырды, қызықтырды, кейде тіпті, тыжырынған да кездеріміз болды. Әрине, өзің тұратын ел туралы жаман сөз айту әдептілік болмас, дегенмен біздің менталитетіміздің арасы жер мен көктей. Олар көздерін алмастан қарауға шаршамайды. Мен әзірге үндемей тұрғанда олардың қызығушылығы туады, қалай аузымды ашам, солай  акцентім мені бірден сатып жібереді. Олар да сол сәтте маған тесіле қарап, басымнан аяғыма дейін көзбен тінтіп, менің қайдан келгенімді білуге асығады.

Бұл жерде болғаныма жеті жыл болса да мен әлі  күнге үйрене алмай келемін. Қазақстан туралы бұл жердегілер аз біледі.  Оннан бір-екеуі ғана сіздер КСРО -ның бөлігі болдыңыздар ғой, сіздермен қарым-қатынасымыз жақсы дегендей бастарын изейді.

Менің ойымша осындай себептермен шетелдіктер Қытайда қытайлықтармен дос болып көрмеген болар. Біздің де достарымыз жоқ. Жақсы да қайырымды достардың арқасында жан-жағыңа мән берместен өмір сүре бересің. Дегенмен, жақсы жақтары да көп. Маған әсіресе, кешке қарай үлкендер мен қарттардың көшелер мен қала саябақтарына жиналатындығы ұнайды. Ән салады, билейді, аэробикамен және тайчимен айналысады. Подъезд алдында мұңайып отырған қарттарды көргеннен қытайлықтар секілді көңілді егде адамдарды көріп көңілің көтеріліп қалады.

Басында бәрі де қиын болды, енді ғана жеңілдеп келе жатқан сияқты. Мен қытай тілінде сөйлеймін, сондықтан да маған аудармадан қиындықтар жоқ.

Шанхай көз алдымызда өзгеріп келеді. Университеттегі менің достарым және бұрын осында тұрғандар мұндай өзгерістің болғанын айтады. Жаңадан үлкен көшелер, аудандар пайда болуда. Адамдар барған сайын көбейіп барады, әсіресе жастар жағы, бір-бірімен ағылшын тілінде сөйлеседі, оларға балабақшада үш жастан бастап ағылшын тілі үйретіледі және олардың мұғалімдері қытайлықтар емес, шетелдіктер. Шанхай интернационалды, барлық елдің өкілдері тұрады. Халықтың саны  23 миллион адамды құрайды, ал ресми мәліметтер бойынша шетелдіктердің саны 200 мыңнан асады.

Менің әңгімем басқалардікіндей емес, өйткені мен олар секілді күйеуімінің еліне кеткенім жоқ, екеуіміз де бұл жерден емеспіз. Екі жыл оқығаннан кейін университетті бітірген кезде өзімнің болашық күйеуімді кездестірдім. Ол Испанияда туған. Өзімнің саяхаттап жүрген жартымды таптым десем қателеспеймін. Ол да мен секілді көшпенді жан. Қазір Шанхай біздің үйіміз. Біз осы жерде кездестік, осы жерде тұрамыз, тойдан кейін қайтып ораламыз. Кім біледі, бәлкім біздің балаларымыз да осы қалада дүниеге келер. Болашақта қайда барамыз? Оның бәрі күйеуімнің жұмысына байланысты. Зейнеткерлікке жеткенде Испанияға барып, қарттығымызды сонда өткіземіз деген де жоспар бар. Бірақ, оған дейін әлі талай жылдар өтер, алдағы өміріміздің қалай өрілетіні, тағдыр бізді қайда тоғыстырары  белгісіз. Өмірдің өзі жұмбақ, бәрі бірдей ойлағаныңдай болмайды және ол сонысымен қызықты. Үйімді сағынамын, жиі барып тұрамын. Қазір аз да болса үйренгендеймін. Қазақстанда тұрмағаныма 10 жыл болды. Қазақстанда тек 2-3 апта ғана туысқандарым мен жақындарымның қасында өткіземін. Қазір мен өз туысқандарым мен Кианоның жақындарын бір жерден көретіндігіме қуаныштымын. Біздің отбасымыз ақыры Стамбұлда кездеседі, бұл керемет қой!

Жұмыс.Жақсы білім, қытай тілін білу және ең бастысы кәсіби тәжірибе. Жақсыны іздеу керек және оны ақырында табуға болады. Бұл жерде адамдармен танысып, сөйлесу, араласу, қалада не болып жатқанын біліп отыру маңызды. Бұл жерде біздің мұнайлы астанаға қарағанда аз төлейді, оның есесіне өмір сүру қолайлы, қызықты және бәрі арзан.

Өмір нарқы.  Шанхай – қарама-қайшылықтар қаласы. Мейрамаханада 25 мыңға да 2 000 теңгеге де тойып тамақтануға болады. Оның бәрі әмияныңыздың қалыңдығына қарай. Дүкен аралау да, баспана құны  және жалпы басқалары да сол сияқты. 

Тағам. Әр түрлі асхана бар. Алайда, қытайдың тамағы түрлі тұздықтар құйылған ащы тағам деп қателеседі. Қытай тағамдары әр алуан. Қытай көптеген провинцияларға бөлінгендіктен, олардың әрқайсысының өз ас мәзірлері бар. Біз  Хунань және Юннань провинцияларының ас мәзірін ұнатамыз. Жалпы, қандай мейрамханаға баруды және қандай тағам түрін таңдауды білсеңіз болды, қытай тағамы – бұл өте дәмді. Мен үйде де тамақ дайындаймын, кулинария сабақтарын алдым, олардың тағамдарын өзімізге бейімдеп әзірлей аламын.

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА

16 тамыз 2012, 00:50

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.