Атырау, 26 желтоқсан 13:28
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Қолыңды тарт кеудеден!

5 620 просмотра

«Мен сіздің газетіңіз арқылы Атыраудың қыз-келіншектерін, апа-сіңлілерімізді, қыздарымызды алдын-ала сақтандырып, қорғап қалғым келеді! Бұл сорақы жағдай менің басымнан тал түсте стоматолог дәрігердің қабылдауында отырғанда  орын алды.

Мен емдеуші стоматолог дәрігердің сексуалдық озбырлығының құрбанына айналдым. Маған қазір болған жайды баяндаудың өзі ұят. Бірақ, кейбір жайттар заңды жағынан маңызды болуы мүмкін деп ойлаймын.

Емдеу процесі кезінде стоматолог менің бетімді сипап, алақанын кеудеме салды да, жыныс мүшесін менің қолыма үйкеледі. Мен үлкен әйелмін және әдейі тиісуді денеге жәй тиіп кетуден айыра аламын. Бірден  кабинетті тастап, көрсетілген стоматологиялық қызметі үшін ақысын төледім де шығып кеттім. Мен сол жерде ұрыс-керіс шығарсам, мұны қызметіне ақша төлегісі келмегені деп бағалар еді. Үйге оралысымен, стоматологияға хабарласып, басшылығына шағымдандым.  Маған стоматолог өзінің кінәсін мойындап, кешірім сұрауға дайын деп жауап берді.  Бірақ, кешірім сөздерін одан ақыры естімедім.

Мені шамдандырған бір факт - белгілі клиника өздерінде патологиялық ауру белгісі бар маманның жұмыс істейтінін білсе де, ешқандай шара қолданбай отырғаны. Менің басымдағы жағдай қол жүгіртумен ғана бітті. Одан бөлек, мен өзімді қорғай аламын. Ал менің орнымда жас келіншек болса не болар еді?

Мен әйелге тал түсте, әжептәуір жерде, медицина клиникасында ұрынатыны ойыма да кірмейтін. Және, осындай жағдайда әйелдер қалай әрекет ету керек? Өздерін заңды тұрғыда қалай қорғау керек? Біздің қоғамда ондай әрекетке әйелдердің өздері итермелейді деген пікір қалыптасқаны құпия емес қой?»

Әйгерім.

Бұл шетін мәселеге біз түсіндірме беруді адвокат Гүлсім САБЫРОВАДАН сұраған едік:

- Сексуалдық озбырлық немесе сексуалдық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған кез-келген әйелде қорқыныш сезімі пайда болады.

Және оның ұзақ уақыт психологиялық зардабы болуы мүмкін. Өкінішке орай, зардап шеккендердің көбісі құқыққорғау органдарына арыз бермейді. Мұны олар дұрыс түсінбейді және өздері соған итермеледі деп санайды деп ұғады.

Көбіне-көп ақпарат тарап кете ме деп қорқады. Мұндай жағдайға тап болған әйелге мен өзін-өзі ашық түрде қорғаудан қорықпау керек деп кеңес берер едім. Жағдайды елемеу, қорқыныш немесе бір шешімге келе алмаушылық жағдайды күрделендіріп жібереді. Зорлықшылар сексуалдық озбырлықтың құрбаны өз әрекеттеріне қарсы келе алатынын жиі тексереді.

Егер әйел қарсы келмей немесе байбаламға салынса, зорлықшы өзіне жармасып жатқанда да күлбілтелеп қалады, тойтарыс береді деп сенеді. Сондықтан, сексуалды озбырлықтың алғашқы белгісін байқаған сәтте-ақ батыл әрекет ету керек. Қорлау әрекетін тоқтату үшін «Доғарыңыз!» деген сөзді қатаң айтудың өзі жарап қалады. Бас тарта сала, оған көзіне тіке қарап, одан көзіңізді алмаңыз!

Әрі қарай болып жатқан жағдайға қатысты ақпаратты есте сақтаңыз. Өзіңіздің мобильді телефоныңызды алуға қорықпай, телефоныңызды видео немесе аудио жазба режиміне қосып қойыңыз. Бұл заңмен тыйым салынбаған.

Алдағы неше түрлі жанжалдан қашу үшін болып жатқан жағдайды видеоға түсіріп жатқаныңызды ашық ескертуіңізге болады. Әдетте мұндай қадам олардың естерін жиғызады. Егер қолыңызда жазатын құрал болмаса, кабинетке өзіңізбен бірге келген таныстарыңызды немесе осы мекеменің қызметкерлерін болмаса жәй ғана бөгде адамдарды шақырудан қысылмаңыз. Оларға солардың көзінше емді жалғастырғыңыз келетінін түсіндіріңіз – бұл заңмен тыйым салынбаған.

Егер сіз өзіңізді ренжіткен адамды жауапқа тартқыңыз келсе, мұны айғақтық базасыз дәлелдеу қиын. Заң бұзушы өзінің кінәсін ерікті түрде мойындауы және кешірім сұрап, өзінің тәртібін өзгертуі екіталай. Бірақ, сіз батыл кіріссеңіз, онда куәгерлердің көзінше басшылыққа болған фактіні айтып бересіз. Болған жайды оқиға басталғаннан не және қашан болғанын, сол кезде қасыңызда кімдердің тұрғанын, кімнің не деп айтқанын, не істегенін қағаз бетіне түсіресіз. Бәрін де барынша анық, толық жазып алыңыз.  Жазбаңызың көшірмелерін жасаңыз. Жазбаша талабыңызды басшыға қол қоятын жеріне дейін қалдырыңыз. 

Әрі қарай полицияға жазбаша арызбен жолығып, әкімшілік істі қозғатуға жұмыстаныңыз. Егер сіз полициядан ештеңеге қол жеткізбесеңіз, прокуратураға барыңыз. Сіз алдағы уақытта ар-ұжданыңыз бен абыройыңызды қорғау туралы және моралдық залалдың орнын толтыру туралы шағымыңызбен азаматтық сотқа жолыға алатын болуыңыз үшін сізді жәбірлеуші адам заңмен бекітілген тәртіпте, яғни сот қаулысымен айыпты деп танылған болуы керек.

Көлікте, жұмыста және жалпы күнделікті өмірдегі сексуальдық озбырлық көрсету – кең таралған мәселе. Алайда, мен қандай да бір сот ісін мысал ретінде келтіре алмаймын. Біздің қоғамда сексуалдық озбырлыққа тап келген әйелдер бұл жағдайдан өз бетінше шығуды қалайды да ешқашан да сотқа жүгінбейді.

Егер денеңізге еркіңізден тыс қол салу фактісі сексуалдық зорлық-зомбылыққа айналса, онда мұнда қылмыстық жазалау ісінің белгілері болғаны. Мұндай жағдайда құқыққорғау органына міндетті түрде арызбен баруыңыз қажет. Егер қандайма бір дене жарақаты кездессе, медициналық сараптама жүргізуді талап етіңіз. Егер полиция сізді медициналық сараптамаға жіберуден бас тартса, өзіңіздің дәрігеріңізге немесе емханаға жолығыңыз.

Дәрігерге болған жайды айтып беріңіз. Бұл туралы қорытындыда болғанына қол жеткізіңіз. Сараптама өткізерге дейін жуынбаңыз, киім ауыстырмаңыз. Киіміңіз бен денеңізде дәлелдер болуы мүмкін. Оларды фотоға түсіріңіз. Сіздің ісіңізбен әйел адам тергеушінің айналысқанын өтініңіз. Егер заң бұзушы сізді қорқытса немесе арызыңызды қайтарып алуыңыз үшін ақша ұсынса, бұл туралы тез арада тергеушіге немесе прокуратураға хабарлаңыз. Егер бұл мүмкін болса, көрсеткен қоқан-лоққысын немесе ұсыныстарын диктофонға жазып алып, куәларды тауып алыңыз. Прокурордан істің құпия түрде жүргізілуін талап етіңіз.

Тергеу ісі мен соттың істі қарауы мұндай қылмыстық істер бойынша өте ұзақ уақыт алады. Осы уақыттың ішінде сіз әрине, қорқыныш, қорғансыздық, жалғыздықты сезінесіз. Депрессияға ұшырап, өзіңізді кінәлі санап, өзіңізге кейитін кездер болады. Сізде қылмыстық істі әрі қарай да тергеу қажеттігіне күмәнмен қарайсыз. Бірақ, сіз өзіңіздің ешқандай да кінәлі еместігіңізді, заңды бұзған қылмыскер, ал жауапты  сіз емес, ол екенін есте сақтауыңыз тиіс.   

Тәжірибе жүзінде жұмыс істеп келе жатқан адвокат ретінде айтарым, өкінішке орай, Атырауда жыныстық дербес құқықтық озбырлыққа байланысты қозғалған қылмыстық істердің саны жыл сайын тек көбейіп отыр.

Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА

16 тамыз 2012, 00:39

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.