Атырау, 26 желтоқсан 12:56
 бұлттыВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Көліктен келген кесапаттар

4 302 просмотра

72 мың халқы бар Жылыой ауданында жол-көлік оқиғалары жиілеп барады. Жергілікті тұрғындар жантүршігерлік апаттардың салдарын жүргізушілердің кінәсі ғана емес, жергілікті жол полициясы инспекторларының жұмысының нашарлығынан деп есептейді.

ҮШ АЙДА 11 АДАМ ОПАТ БОЛДЫ

Құлсары қаласында биыл мамыр, маусым, шілде айларының ішінде 11 адам жол-көлік оқиғасынан қаза тапқан. Олардың ішінде 3 және 9 айлық сәбилер мен 8 жасар өрімдей қыз, сондай-ақ, 1 жол полициясының инспекторы да бар.  

- Бізге жедел көмекке жүгі-нушілік былайғы емделушілерден бірнеше есеге өсіп кеткен. Осы жылдың алты айында жол апатына ұшыраған 34 адам ауруханаға әкелінді. Олардың ішінде көз жұмғандар саны - 10 адам,- дейді Жылыой аудандық аурухананың бас дәрігері Тахуадин ҚЫДЫРБАЕВ.

«ОЛАРДЫҢ ЖҰМЫСЫ ӨЗБЕКТЕРДЕ»

Біз Аэропорт ықшам ауданының тұрғыны С.АЛДАМЖАРОВТЫҢ қолы қойылған хатын алдық. Оның айтуынша, жергілікті МАИ бөлімшесінде тамыр-таныстары барлар қала көшесінде білгенін істейді.  

- Қалталы азаматтар мен оның балаларының жүгенсіз кеткені сондай, жаяу жүргінші немесе жылдамдықты тежеу белгілеріне пысқырып қарамайды. МАИ қызметкерлері оларды тоқтатуға қорқады, ал жоспарды орындау үшін жергілікті таксистерге қырғидай тиеді. Машиналарын қараңғылап (тонировка) жүретін де құқық қорғаушылардың өздері. «Беркад» базарының қасындағы тұруға болмайды деген белгінің қасында клиент жинағанымыз үшін әрқайсымыздан 500 теңгеден талап етеді. Бар күнкөрісіміз соған қарап тұрғандықтан амалымыз қайсы. Тек Атыраудан келген МАИ қызметкерлерінің ғана тістері өтіп, байсымақтардың үстінен хаттама толтырып, айыппұлдар төлетеді. Сонда Құлсары қаласындағы тәртіпті қалыпқа келтіріп тұруы үшін атыраулық инспекторларды шақыру міндет пе? Жергілікті инспекторлар не істейді сонда? Олар қала сыртындағы машинасының салонын адамға тиеп алған өзбек жүргізушілерден ақшасын алып, жөніне қоя береді. Міне, қаладағы жол бойындағы тәртіптің келбеті осындай,- деп жазады С.Алдамжаров.

«БҰЛ ӨТІРІК!»

Жылыой аудандық жол полициясы бастығының уақытша міндетін атқарушы Нұрсипат ҚАПСАЛИХОВ мұнымен келіспеді:

- Сіздер сонда мұндай хатты жариялай бересіздер ме? Ондағы айтқандардың бәрі өтірік. Ешкім ешкімнен ақша алған емес. Заң бәріне ортақ және инспекторлар өз жұмыстарын дұрыс атқарып жүр,- дейді Н. Қапсалихов.

- Өзбектердің жол ережесін бұзуы мен ішімдік ішкендерді жою үшін ставкалар белгіленген дейді?

- Мүмкін емес, пара алу фактісі тіркелген жоқ.  

30 ЛИТРЖАНАРМАЙ НЕГЕ ЖЕТЕДІ?

Аудандық ІІБ-і жол полициясы қызметкерлерінің басынан өткен проблемаларды айтуды ұмытпады. 2012 жылдың қаңтар-ақпан айларында ауданда лицензиясы бар наркологтың болмауына байланысты ішімдік ішкен жүргізушілерді анықтау мүмкін болмаған. Бір қызығы, сол уақыттарда бірде-бір жол оқиғасы тіркелмеген.

Одан бөлек, аудандық жол полициясының басшылығы өткен жылы 2 радардың алынғанын және жол полициясы инспекторларында көлік жетіспейтінін әрі барының өзі тозығы жеткенін атап өтті. Ал күніне берілетін 30 литр жанармай жұқ болмайды. 

- Қалада бағдаршамдар жоқ, жол белгілері жетіспейді. Бұрын мектептердің тұсында жол кедергілері (лежачий полицейский) бар еді. Бір қала тұрғыны машинасын зақымдап, сотқа беріп, олардың көбі сот шешімімен алынып тасталды. Өйткені ол белгілер дұрыс салынбапты. Бүгінде аудан бойынша сырттан келгендерді есептемегенде 14 100 автокөлік бар. Қалада көлік көбейді, сондықтан бейнекамералар әбден қажет,- дейді Жылыой аудандық ІІБ бастығының орынбасары Азат МИНТАЕВ.

Ал Жылыой ауданы әкімінің орынбасары Ізбасар ЕЛТЕЗЕРОВ қаладағы жағдайға қатысты былай деп комментарий берді:

- Жасыратын түгі жоқ, расында да жол жүру ережесінің қалыпты деңгейде болмауынан адамдар өмірмен қоштасуда. Жүргізушілер де кінәлі, дегенмен жол полициясы испекторларының жұмысы ақсап кеткені анық. Бұл жөнінде аудандық әкімдікте қаралып, полицияға жауапкершілігін арттыру мақсатында жаңа міндеттер жүктелді.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

16 тамыз 2012, 00:27

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.