Атырау, 2 қараша 19:38
 бұлттыВ Атырау +11
$ 488.11
€ 530.09
₽ 5.01

Жәрдемге зәру жандар

6 162 просмотра

Осыдан үш жыл бұрын бізде облыстық оңалту орталығы ашылды. Бұл республикадағы мүмкіндігі шектеулі адамдар үшін барлық жағдай жасалған типтік ғимараты бар бірден-бір мекеме. Орталық қаржыдан тапшылық көріп отырған жоқ. Жыл сайын облыстық бюджеттен 78-80 млн теңге бөлініп отырады. Бірақ, соған қарамастан  жергілікті мүгедектер облыстан тыс жерлерде ем алуды қалайды. Өкінішті-ақ!

ҮШ ЖЫЛ БҰРЫН...

-  Орталық ашылған кезде бізге «аспандағы айды уәде еткен болатын» - дейді бірнеше жыл бұрын бақытсыз жағдайдың нәтижесінде І-топ мүгедегі болған  Людмила ШАРИПОВА. – Орталық ашылған бойда мен сол жерге бардым. Бірақ, онда электрофорез бен массаждан басқа ештеңе болған жоқ. Тренажер залы бар, бірақ, ол да мүгедектерге емес, спортшыларға есептелген. Менің қолыма массажды 5 минуттан жасады: бірінші күні бір қолыма, екінші күні екінші қолыма жасады. Қарап тұрсаңыз, бұл деген қорлау ғой, мүгедек үшін үйінен күнде бару, киімін шешіп, қайта кию - үлкен еңбек емес пе?!  2010 жылы мен астаналық ғылыми нейрохирургиялық оңалту орталығындағы оңалту бөлімшесінде емдеу курстарынан өттім. Онда барлық ем-домды бір күнде қабылдап үлгермейсің. Биылғы жылы біз атыраулық  мүгедектер тобы тағы да Астанаға бару үшін анықтама жинақтағанбыз, бірақ, бізге ол жақтан қабылдамаймыз деген жауап келді. Оңалту орталығының меңгерушісі Атырауда өз оңалту орталығының барын және бюджет қаржысын біздер үшін босқа шығындаудың қажеттілігі жоқ екендігін айтты. Алайда, мемлекет бұл жерде де біздер үшін  ақша шашып жатқан жоқ. Біздің орталықта қаржының бөлініп отырғандығына қарамастан,  буынды емдету үшін ешқандай жабдықтар да, ем шаралары да жоқ. Қаржыландыру бойынша олар  2008 жылдан бастап орталықты толық жабдықтап болуға тиісті  болатын.

Дені сау адамдарға есептелген тренажерларға қатысты жағдай туралы біз өткен жылы жазған едік. Сол кезде орталықтың басшылығы тәжірибелерінің жоқтығын сылтау етіп, қандай құрал-жабдықтар сатып алу керектігін білмегендіктерімен ақталған еді.

Біз бүгінгі өзгерістерді көру үшін орталыққа аттандық.

ҚАЗІР

Облыстық оңалту орталығы Привокзальный ауданында орналасқан. Сырты мен ішінде кең пандустары бар, лифтісі, арнаулы екі орынды палаталары мен әжетханалары бар жеке үш қабатты ғимарат. Орталық бір күнде 50-ге дейін пациенттерді қабылдай алады.  2009 жылдан бері аудандық науқастарды қабылдауға арналған 20 төсекті қонақ үйлік типтегі стационар жұмыс істейді. Ал өткен жылдың 1 қаңтарынан бастап қалалық пациенттерге - 15 жастан бастап І, ІІ және ІІІ-інші топ мүгедектеріне  арналған 35 төсекті күндізгі стационар ашылды.

Қалалықтарға арналған күндізгі стационар 3-4 сағатқа дейін жұмыс жасайды, түскі және бесіндік ас беру қарастырылған. Емдеу курсының орташа ұзақтығы  – 15-20 күн. Облыстық оңалту орталығының директоры Имантай ХАРИСОВТЫҢ айтуынша, бүгінгі күні күндізгі стационарда 20 адам емделуде. Ол жерде мүгедектер қандай ем түрлерін қабылдайды?

ФИЗИОЕМДЕЛУ

Физиотерапиялық емдеу шараларының тізбесіне жылумен, токпен, парафинмен, лазерлік терапия, массаж және инемен емдеу кіреді. Бес минуттық массажға тоқтала кетсек: орталық директорының айтуынша, аяқ-қолға жасалатын массаждың орташа ұзақтығы  – 10-15 минут.

Сумен емдеу шаралары – бассейн, аяққа жасалатын гидромассаж,  Шарко душы, айналма және өрлеме душ, су асты массажына арналған ванна.

Жарылғасым ҚУАНЫШЕВ (суретте) Атырауға Индер ауданынан келген. Инсульт алғаннан соң ІІ-нші топ мүгедегі болды. Оған дәрігерлер жазып берген ем шараларының ішінде аяққа гидромассаж алу бар.

-  Мен емді тек екінші күн ғана алып жатырмын, сондықтан да оның нәтижелері туралы ештеңе айта алмаймын. Бұл емдік шара жақсы екен. Маған жалпы орталықтың өзі ұнайды, – дейді  ағай.

Статистика бойынша облыстық оңалту орталығы пациенттерінің көпшілігі - инсульт алғандар, сондай-ақ, балалар церебральды сал (БЦС) диагнозы, омыртқа жарақаты және буын ауруларымен сырқат адамдар. 7 айдың ішінде оңалту курсынан 239 қалалық және 345 аудандық мүгедектер өткен.  Айтпақшы, бұл жерде стационарлық емнен басқа, амбулаториялық ем де алуға болады.

ҚҰРАЛ-ЖАБДЫҚТАР

Өткен жылы оңалту орталығы «Атлант» костюмін немесе ғарышкер костюмін сатып алды. Ол БЦС және инсульттен кейінгі науқастарға арналған, яғни, олардың қозғалыс дағдысын дамытуға көмектеседі. 

-  Мұндай костюмде науқас қай-тадан жүруге үйренеді, костюм үріледі, адам құлап қалады деп қорықпауға болады, – дейді И. Харисов. – Біз әрқайсысы 600 мың теңге тұратын екі өлшемді - бірі әйелдерге, екіншісі ерлерге арналған екі костюмді сатып алдық.

Сондай-ақ, өткен жылы орталық арқа және аяқтың бұлшық еттерін нығайту  үшін оксоцикл – велотренажер және қол-аяқтың бұлшық еттері үшін монопед сатып алды. Бұл жабдықтардың барлығы да Ресейдікі, екі  оксоцикл және монопед 4 млн теңгеге шықты.

Оңалту орталығын қаржылан-дыруға келетін болсақ, орталық басшысының айтуынша, жыл сайын облыстық бюджеттен 78-80 млн теңге бөлінеді екен.

- Ақша ғимаратты қамтуға, алғашқы медициналық көмек көрсету үшін дәрі-дәрмектер алуға жұмсалады. Қымбат тұратын препараттар тізбеге кірмейді, – дейді Харисов.

- Қандай жаңа жабдық алуды жоспарлап отырсыздар?

- Қазақстанда арнаулы оқу орталықтары жоқ. Мәселен, бізге «Атлант» костюмі мен екі велотренажёрді сатып алуға Татарстанның мамандары кеңес берген еді. Не сатып алу керектігін өзіміз интернеттен қарап жатырмыз. Әзірге нақты жоспарымыз жоқ.

- Жергілікті мүгедектер астаналық оңалту орталығын мақтайды...

- Мен өзім онда болып көргенім жоқ, сондықтан да ештеңе айта алмаймын. Республикадағы бірінші типтік орталық бізде. Астанада, айталық, олар қосалқы жалғанған ғимаратта орналасқан.

- Мүгедектермен жұмыс істеу үшін жәй ғана дәрігер болу аздық ететін болар, сіздер мамандарды қайдан іздейсіздер?

-  Мамандар, әсіресе, дәрігерлер жағы бізде қиындау. Өйткені, олар бізде аз ғана уақыт жұмыс жасайды да шетелдік фирмаларға кетіп қалады.

ТҮЙІНДЕМЕ ОРНЫНА

Орталық босап қалғанға ұқсамайды, дәлізде науқастар, біреулері өз бетімен, енді біреулері мүгедек арбасымен жүріп келеді.  Олардың барлығы да оңалту курсынан өтуге келген. Жоғарыда келтірілгендердің барлығы (емдеу шаралары, құрал-жабдықтар) бүгінгі таңдағы орталықтың мүгедектерге ұсынатын қызметтері.  Оны сауатты қолдану барысында жаман болмайды деп ойлаймын. Орталық басшылығына ТМД елдеріндегі әріптестерімен арада мықты байланыс орнату қажет сияқты. Өйткені, заманауи құрал-жабдықсыз  және білікті мамандарсыз әлемдегі ең таңдаулы деген ғимараттардың өзі сұранысқа ие бола алмай қалады.

Сәуле ТАСБОЛАТОВА

Суретті түсірген автор

16 тамыз 2012, 00:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.