Ресми статистика бойынша, Атырау облысында 14,9 мың жұмыссыз бар, оның 5200-і облыс орталығында тұрады. «АЖ» тілшісі бүгінде мұнай астанасында қандай мамандықтар сұранысқа ие екенін және дипломы бар түлектердің неліктен жұмысқа орналаса алмайтындығын сұрастырған еді.
- Біздің өңірімізде жұмыссыздық 4,9% деңгейінде. Жалпы ел бойынша алып қарайтын болсақ, бұл жаман көрсеткіш емес, - деп есептейді жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Ұлықбек ТІНӘЛИЕВ. – Біз үнемі жұмыссыздарға мемлекет қаржыландыратын түрлі әлеуметтік бағдарламаларға қатысуды ұсынамыз. Мысалы, «Еңбек» бағдарламасы бойынша қысқа мерзімді курстарға 1279 адам жіберілді, оның 319-ы кейін жұмысқа орналасты немесе «Бизнес Бастау» бағдарламасы бойынша 71 адам шағын несие алып, өз істерін ашты. Бұлар өз ісін жаңа бастаған бизнесмендер.
- Бүгінде қандай мамандықтар сұранысқа ие?
- Негізінен құрылыс секторы: дәнекерлеушілер, электр монтаждаушылар, тас қалаушылар, жүргізушілер, қосалқы жұмысшылар.
ЖОЛСЕРІК, КҮЗЕТШІ, ТАЗАЛАУШЫ
Абзал ТОҒАЙБАЕВ:
- Менің мұнайшы дипломым бар, бірақ мамандығым бойынша жұмыс таба алмадым. Түрлі мұнай компанияларына түйіндемелерімді жібердім, бірақ жауап келмеді. Енді ЖШС-лердің бірінде мамандығыма сай келмейтін жұмыс жасап жүрмін, жалақым жаман емес, бірақ оқыған мамандығыммен жұмыс жасағым келеді.
Аида, Х.Досмұхамедұлы атындағы Атырау мемлекеттік университетінің түлегі:
- 4-курстың соңында бізде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтті, бірақ ол жерден жұмыс табу мүмкін болмады. Университетті бітіргеннен кейін мемлекеттік қызметке жұмысқа тұрғым келген, бірақ ондағы жалақы мөлшерін білгеннен кейін ол ойымнан айнып қалдым. Қазір клинингтік компанияда жұмыс істеймін, 120 мың теңге жалақым бар. Өзіме жетеді, көлік алуға да жинап жүрмін.
Амангелді АЙЖАРЫҚОВ, колледж түлегі:
- Колледжде грантпен білім алдым, бірақ оқуымды аяқтаған соң, өкінішке орай, мамандығым бойынша жұмысқа орналаса алмадым. Қазір Теңізде күзетші болып жұмыс істеймін, табысым өте жақсы. Маған колледжден кейін құқыққорғау саласынан жұмыс ұсынды, бірақ 60 мың теңге өте аз ғой. Оған қалай күн көруге болады?
Азамат ҚАЙЫРГЕЛДІ, жолсерік:
- Жоғарғы оқу орнын бітіргеннен кейін үш ай бойы жұмыс іздеп таба алмадым, содан кейін даяшы болып жұмысқа орналастым. Сол кезде ағылшын тілінен білімімді жетілдіріп, әуе компанияларының біріне жолсерік болып жұмысқа қабылдандым. 600 мың теңге жалақы аламын. Досым қазір облыстық әкімдікте инспектор болып жұмыс істейді, алатын айлығы 70-80 мың теңге. Мен ондай жалақыға өмір сүре алмас едім.
"ТҰМАНДЫ" АЛЬБИОН
Ал ғаламторда шетелге жұмысқа шақыратын алаяқтар пайда болды. Атырау облыстық Полиция департаменті хабарлағандай, іскерлік байланыс орнату үшін алаяқтар "LinkedIn" әлеуметтік желісінің мүмкіндіктерін пайдаланып, жалған профильдер жасап, содан соң Ұлыбитаниядан табысы жоғары жұмыс ұсынады екен. Қаскөйлер өздерін ірі шетелдік компаниялардың кадрлар бөлімінің қызметкерлеріміз деп таныстырады. Қызығушылық білдіргендерге виза рәсімдеу үшін 1300-5000 фунт стерлинг жіберу қажеттігі туралы хабарлама жолдайды.
- Мұндай жағдайда өте сақ болу керек, - дейді Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Назымгүл ҚАЙСАҒАЛИЕВА. – Әдетте, аңғал адамдардан қылмыстық жолмен ақша алу тәсілі осындай болады.
Фархат ӘБІЛОВ