Астанада 1-3 қазан аралығында өткен Дүниежүзілік мұнай кеңесі (ДМК) аясында ДМК президенті Тор ФАЙЕРАН, ҚР Энергетика министрі Қанат БОЗЫМБАЕВ, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Тимур ТОҚТАБАЕВ және KAZENERGY Қауымдастығы төрағасының орынбасары Ұзақбай ҚАРАБАЛИННІҢ қатысуымен баспасөз конференциясы өтті.
Қ.Бозымбаевтың айтуынша, Астанаға Еуропа, Азия, Африка, Солтүстік және Оңтүстік Америкадан 30-дан астам делегация: салалық мемлекеттік органдардың, трансұлттық компаниялардың өкілдері, мұнай-газ саласындағы жетекші әлемдік сарапшылар жиналды.
- Әлемдік нарықтағы тұрақсыздық, энергия тасымалдаушы бағаларының құбылмалылығы, әртүрлі геосаяси ахуал жағдайында біздің саламыз үшін ДМК маңызы бірнеше есе артып отыр. Кеңеске қатысушылар алдында осы қиын жағдайда мұнай-газ секторына инвестицияларды тарту міндеті тұр, - деді Бозымбаев.
Ол сондай-ақ, жақында Қазақстан мен Қарашығанақ акционерлері арасындағы дауды достық реттеу жөніндегі келісімге қол қойылғаны туралы еске салды. Бұл келісім бойынша Консорциум Қазақстанға 1 млрд 111 млн доллар төлейді.
Төлемдер үш кезеңде жүргізіледі: 2019 жылы 400 млн, 2020 жылы 500 млн және 2021 жылы 211 млн. Бұл қаражаттардың барлығы ҚР Ұлттық қорына түседі.
Сондай-ақ, тараптар коммерциялық шарттармен көмірсутек шикізаттарын жеткізу туралы - БҚО-дағы газ-химия кешенін дамыту үшін қазақстандық мұнай өңдеу зауыттарының жүктемесіне арналған конденсат пен табиғи газдың ықтимал жеткізілімдері туралы келісімге келді.
«АЖ» тілшісі Энергетика министріне Атырау облысындағы АЭА аумағында газ-химия кешенінің құрылысы туралы сауал қойды:
- Қазір қандай жұмыстар жүріп жатыр? Құрылыстың аяқталу мерзімі қандай?
- Бұл атап айтқанда, екі жоба жүзеге асырылатын арнайы экономикалық аймақ. Полипропилен бойынша - ол жерде құрылыс жүріп жатыр, тұрғындар қалашығы мен қойма орынжайы үшін қазықтар қағылуда. Бұл жоба қаржымен қамтылған. Жұмысты қытайлық China National Chemical Enginnering Co компаниясы, жедел басқаруды «ҚазМұнайГаз» жүзеге асырады - оның қызметкерлері Атырау МӨЗ-ын жаңғыртудан кейін босаған болатын. Ол жерде барлығы кестеге сәйкес жүріп жатыр, әзірге проблемалар көріп отырған жоқпыз. Полиэтиленге келер болсақ – Feasibility (ТЭН-ге дайындық) кезеңі жүріп жатыр, келісімшарт жасалған әлеуетті инвестор - Borealis - төрт ай бойы тендер өткізді, мердігер таңдалып алынды. Бірнеше айдан кейін техникалық-экономикалық негіздеменің нәтижесі болады. Одан кейін, жоспарға сәйкес, бірлескен кәсіпорын құрылады, қарыз қаражаты тартылып, инвестициялар салынады, жобалау жұмыстары жасалып, содан кейін ғана құрылыс басталады, яғни, бәрі кезең-кезеңмен жүреді. Құны 6,5 млрд доллар көлеміндегі ірі жобалар жүзеге асырылғанда олар бір жыл ішінде орындалмайды. Біз бұл 2024 жылға дейінгі уақытты алады деп ойлаймыз. Біз салалық көшбасшыларды шақырдық, олар бәрін ойдағыдай жасайды. Осы болашақ жобалардың Қазақстанның ІЖӨ-дегі үлесі өте жоғары болады - 1,5-тен 2 пайызға дейін. Сондықтан бұған өте мұқият кірісу керек.
«БІЗДІ ҮЛКЕН ҚҰРЫЛЫС КҮТІП ТҰР»
Жинақтамалы пікірталас барысында «Теңізшевройл» ЖШС Бас директорының орынбасары Мұрат МҰҚАШЕВ Келешек кеңею жобасының шеңберінде жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы қысқаша айтып берді:
- Қазір жоба жұмыс рельстеріне жетті, алғашқы модульдер Теңізге жеткізілді, яғни, логистикалық тізбек және жүк түсіруге арналған порттар - барлығы іске қосылды. Үшінші тынысты зауыт үшін алаңдар мен айдау қондырғылары әзірленді. Барлық бас мердігерлер анықталып, жұмылдыру жұмыстары басталды. Алдағы жылдары бізді үлкен құрылыс күтіп тұр. Біз құрылысты мерзімінде аяқтап, 2022 жылға қарай алғашқы мұнайды береміз деп үміттенеміз.
ТЕҢІЗДЕ ҚАШАҒАН ҒАНА ЕМЕС ЕКЕНІН ЕСКЕ САЛДЫ
NCOC N.V. басқарушы директорының орынбасары Жақып МАРАБАЕВ жинақтамалы пікірталас модераторы, HIS Ресей және Каспий өңірі елдерінің энергетика мәселелері жөніндегі басқарушы директоры Мэттью СЭЙГЕРСТІҢ өндірісті ұлғайту сатысында туындауы мүмкін қиындықтар туралы сұрағына жауап бере отырып, Консорциумның 2019 жылдың ортасында өндірісті тоқтатуды жоспарлағанын айтты:
- Біз қауіпсіздік, инжиниринг және логистика комбинациясының өте күрделі климаттық жағдайларда Қашағанды ең күрделі өнеркәсіптік жобалардың біріне айналдырғанын жиі айтамыз. Өндіріс көлемі 350 мың баррель деңгейге жетті. Сондықтан, біз «Болашақ» зауытында және D аралында 2019 жылдың орталарында белгілі бір жұмыстарды жоспарлаймыз. Бұл осы объектілердің толық жабылатындығын білдіреді және біз құрлықтағы ескі кен орындарын кеңейтуді бастаймыз, ол жерлерге өңдеу қондырғыларын орнатамыз. 2016 жылы өндірісті бастадық және бүгінде экспортқа 7,8 млн тонна мұнай, 5,6 млрд текше метр газ, сондай-ақ, экспортқа 880 мың тонна күкірт өндірілді.
Қашағаннан бөлек, бізде Солтүстік Каспий бойынша ӨБК-ға сәйкес игерілетін басқа да кеніштер бар. Қаламқас пен Хазар - оларда 70 млн тоннадан астам мұнай және 9 млрд текше метрден астам газ деңгейінде қор шығарылады. Қазір алғашқы инженерлік ізденістер басталды, компания 2019 жылы игеру бюджетінің жоспарын тиісті органдарға беруді жоспарлап отыр. Тағы екі кеніш - Қайран және Ақтоты – құрылымы бойынша Қашағанға ұқсас: күкірт мөлшері көп, қабаттық қысымы өте жоғары, өте тереңдікте орналасқан. Қазақстан Республикасы NCOC операторына барлық мүмкіндіктерді зерттеу үшін тағы бес жыл берді.
Кейінірек, NCOC баспасөз қызметі біздің өтінішіміз бойынша 2019 жылы Марабаев айтқан өндірісті тоқтатуға қатысты төмендегі түсініктемені берді:
«Нормативтік талаптарға сәйкес НКОК 2019 жылдың ортасында «Болашақ» зауытында және D аралында күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отыр. Күрделі жөндеу - техникалық тексерулер мен жабдыққа жоспарлы техникалық қызмет көрсету кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін әрбір 2-3 жылда қысқа мерзімге жұмыстың толық тоқтауы дегенді білдіреді. Бұл жұмыстар мұнай кен орындары игерілетін кез-келген жобада жүргізіледі және бірнеше аптадан аспайды».
«АЖ» анықтамасы:
Дүниежүзілік мұнай кеңесі - БҰҰ-на аккредитацияланған коммерциялық емес ұйым, оның мақсаты - мұнай-газ өнеркәсібінде негізгі мәселелерді талқылауға арналған жаһандық алаң құру. ДМК 1933 жылы Лондонда құрылды. ДМК мүшелері - бұл әлемдік мұнай мен газды өндіру мен тұтынудың 95%-нан астамын құрайтын әлемнің 65 елі.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ» меншікті тілшісі, Астана қ.
Суретті түсірген автор