Қала күнін мерекелеу қарсаңында мен бұл сұрақты әлеуметтік желідегі парақшама салып едім. Оған көп адамдар үн қосыпты. Анағұрлым өзгеше жауаптарды жариялаймыз.
Қазына, үш баланың анасы:
- Сапалы ойын алаңдары, сондай-ақ оларға лайықты күтім жасау жеткіліксіз. Бала кезімде балаларға арналған түрлі-түсті құмсалғыштар болатын, ондағы құм кез-келген балаға жететін. Оның үстіне алаң қазіргідей тақыр жерге немесе бетонға емес, құмды топырақтың бетіне салынатын. Әлдебір кроссфит-аймақ үшін 150 миллиондай теңге бөлінген деп оқыдым, ал балалар алаңына қашан осындай сома бөлінеді? Есіңізде ме, Сәтпаевтағы кеме пішіндес алаңды ашқан кезде бала түгілі, үлкендердің өзі дүрлігіп қалған еді. Мен өзім аузымды ашып, сұқтанып қарадым, бәлкім, сырт көзге бұл қорқынышты көрінген шығар.
Елена, декреттік демалыста:
- Маған жас ана ретінде, арба оңай өту үшін тротуарлар мен пандустарда түсетін көлбеу жер жетіспейді. Кейбір жерлерден жаныңды шүберекке түйіп, көлік жолының шетімен жүруге тура келеді. Мұндай сәттерде қалада мүмкіндіктері шектеулі жандарға қозғалу қандай қиын еді деген ойға қаламын.
Айтуар, таксист:
- Қаланың қожайыны жоқ.
Еркош, студент:
- Демалыс саябақтары жеткіліксіз. Осы жазда, мысалы, Жеңіс саябағында абажадай велосипедтерге, басқару пульті бар машиналарға, гироскутерлерге мінген демалушылар Мәңгілік алаудың алаңында ерсілі-қарсылы жүрді. Сатушылар шариктер, лизундар түріндегі уақ-түйек нәрселерді, ойыншықтарды жайып тастаса, жанында картоп чипсілеріне арналған май қайнап жатқан қазандықтар тұратын. Ешқандай қауіпсіздік шаралары жоқ, халық көп жүреді, біреу-міреу байқамай итеріп жіберсе... Жалпы, Жеңіс бағында тыныш болу керек, бұл белсенді демалысқа арналған орын емес қой.
Жеңіс, даяшы:
- Қалада тротуарлар жетіспейді. Бар айтарым осы.
Ильнур, студент:
- Мен Нұрсая ықшамауданында тұрамын. Бір жағынан, қаланың кеңейіп жатқанына қуаныштымын, ал екінші жағынан, ықшамауданнан орталыққа жету қиындық туғызады. АМУ-де таңертеңгі ауысымда оқимын, аязда тағы да 30-40 минуттап №4 автобусты күтіп тұратыным есіме түсіп кетсе, жабырқап кетемін. Автобус болса ештеңе емес, көбінесе “газельдер” жүреді. Кейбіріне бір сағат бойына бүгіліп тұруға тұра келеді. Мен сияқтылар жеткілікті, “газель” бірер аялдамадан кейін майшабақ салынған қалбырды еске түсіреді. Білесіз бе, Токиода метродағы адамдарды итеруші мамандық бар: формалы киімдегі адамдар лық толы вагондарды “нығыздайды” екен. Бізге де осындай қызметкер керек сияқты. Ал қара түтін будақтатып із қалдыратын ескі автобустар қала экологиясын бұзып жатыр. Қызық, олар қандай отынмен жүреді екен?
Милана, студент:
- Үйсіз-күйсіз жандарға көптеген дамыған елдердегідей панажай керек. Біз дамыған елміз ғой, солай ма?
Айко, маникюр шебері:
- Мен Қайырғали Смағұлов аллеясының маңында тұрамын, сол жерде балалармен жиі серуендеймін. Субұрқақтың күйі көңіл жабырқатады - ол өзінің маңызын баяғыда жоғалтып, шаңжинағышқа айналған секілді. Ол жерге тәрбиесіз жастар бос бөтелкелер мен басқа да қоқыстар тастайды. Осы жазда, қалада тек бірнеше бұрқақ қана жұмыс істеген секілді, қалғандары қаңтарылып тұрды.
Әлия, менеджер:
- Кеңістік! Көптеген балалар алаңы мен тұрақ алаңдарына жеке емханалардың немесе кеңселердің жаңа ғимараттарын салып тастаған. Рұқсат беретін қалалық билік қала құрылысы нормалары туралы ештеңе білмейтіндей әсер қалдырады.
Ернар, студент:
- Қалаға велосипед жолдары қажет. Мені мына мәселе мазалайды: оларды жабдықтаудың қандай қиындығы бар? Қазір Атырауда жолдар кеңейтілуде, тек автокөліктер үшін қолайлы жағдай жасалуда. Иә, әрине, велосипедші - жол қозғалысының толыққанды мүшесі, бірақ біздің құтырынған жүргізушілермен бір жолда жүру қорқынышты. Жағалауға келетін болсақ, жаяу жүргінші ауыр жарақат алған сұмдық жағдай көпшіліктің есінде шығар. Осыдан кейін жетіден кешкі он бірге дейін велосипедпен жүруге шектеу қойылды. Бұл өте қолайсыз, себебі жетіге дейін мен сабағымды оқимын, ата-анама көмектесемін, ал он бірден кейін, өкінішке орай, ұйықтағым келеді. Бұған балама жол бар: Сұлтан Бейбарыс даңғылы бойындағы велосипед жолы. Бірақ өзен толқындарының сыбдырын естіп, Жайық бойымен жүрген әлдеқайда жағымды екенімен келісерсіз.
Аружан, мұғалім:
- Мұнай астанасына тәрбиелі және жауапты азаматтар жетіспейді. Ең алдымен, өз мәдениетімізді тәрбиелеп, панасыз жануарларға және қарт адамдарға көмектесу керек, түкіріп, қоқыс тастауды доғару қажет. Сонда әркім өзін қадағала бастағаннан кейін, қала да айтарлықтай өзгеретінін көресіз.
Дайындаған Анастасия АЛЮШИНА
Автордың және мұрағаттан алынған суреттер