Атырауда қала әкімі Әлимұхаммед ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫНЫҢ жергілікті кәсіпкерлермен кездесуі өтті. Биліктің бизнеспен мұндай қатынас форматы да, айтылатын проблемалар да: жер мәселесі, монополистермен қарым-қатынас, төрешілдік кедергілер... дәстүрге айналған. Мэр «уақыт жоғалтпас үшін» бірден сұрақтардан бастауды ұсынды.
- Әзірге басқалар ойланғанша, көпшілікті мазалайтын мәселе туралы айтайын, бұл – жер мәселесі, - деп сөзін бастады облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Сәрсенбай ЖОЛДЫБАЕВ. – Биыл Жер кодексіне енгізілген түзетулерден кейін көптеген нюанстар туындады. Атап айтқанда, жер телімінің мақсатын өзгертуге байланысты. Бизнесмендер осыған қатысты әкімдікке жүгінген кезде, ұзақ уақыт жауап ала алмайды. Сөйтіп ісі де тұрып қалады, өзі де осы есіктердің табалдырығын тоздырып қарайған уақытын жоғалтады. Мемлекеттік органдардағы орындаушылардың біліктілігі өте төмен екенін тікесінен айтайын.
Ә. Құттымұратұлы:
- Иә, мұндай проблема бар, мен қазір осымен тығыз айналысып жатырмын. Жалпы мұндай жағдайда маған тікелей келулеріңізге болады, есігім әрдайым ашық. Тіпті, қабылдауға жазылмауларыңызға да болады.
Газ үшін 100 пайыз алдын ала төлем туралы сұрақтар да қойылды: биылғы жылдың мамырында «Атырау Жарыққа» алдын ала төлем жойылған секілді, ол қашан жойылады?
- Біз мәселені жергілікті деңгейде шеше аламыз ба? – деп сұрады Құттымұратұлы «ҚазТрансГазАймақ» АҚ филиалының директоры Мақсот ӘБУОВТАН. Ол маусымдағы облыс әкімінің бизнесмендермен кездесуі кезіндегі секілді жауап берді:
- Жоқ, біз шеше алмаймыз, алдын ала төлем ел бойынша қолданыста. Бірақ бұл мәселе қазір біздің бас кеңсемізде талқыланып жатыр.
Андрей КОРАБЛЕВ, «Былина» ҚБ:
- Біз Атыраудан ішкі туризмді дамытқымыз келеді, ескі қала музейіне арналған ғимарат туралы әлденеше рет жүгіндік, бірақ нәтиже жоқ. Жалпы сәулет ескерткіштеріне қатысты ахуал ауыр. Жарбосынов көшесінің бойындағы «Совдеп» ғимаратына «мемлекет қорғауында» деп жазылған маңдайша ілінген. Егер үй сондай күйде болса, оны кім және қалай қорғап отыр?
Әкім тарихи ғимаратты сақтау үшін «қажеттінің бәрін» жасауға уәде берді. Ол өз кезегінде кәсіпкерлерді көркейту мәселелеріне анағұрлым жауапты болуға шақырды:
– Бізде қала бойынша объектілер өте көп, сіздер ағаштар, гүлдер отырғызуыға тиіссіздер, бұл Атырау келбетін жақсартады.
Азамат ӨТЕБАЕВ, кәсіпкер:
- Ағаштар отырғызыңыздар дейсіз, біз әзірміз. Бірақ бізде 21-ғасырда ағаштар водовозбен суарылады.
- Бізде әуежай трассасының бойында тамшылатып суару жүйесі жүргізілген. Бірақ ол біздің топырақ үшін жарамсыз, тез тозады. Сондықтан қазір кәдімгі құбыр арқылы суару нұсқасын қарастырып жатырмыз.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттер мен видеоны түсірген Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ