Атырау, 25 қараша 18:29
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қашағанның қысымы

Сурет
3 175 просмотра


NCOC N.V. компаниясы Қашаған кен орнын Тәжірибелік-өнеркәсіптік игеру жобасының №2 толықтыруының алдын ала қоршаған ортаға әсерін бағалауы (ҚОАБ) бойынша қоғамдық тыңдау өткізді. Осы секілді міндетті іс-шаралардағы таныс көрініс: қызу талқылау жасалып, ұйымдастырушылар жергілікті экология белсенділері тарапынан, академик Мұфтах ДИАРОВ пен «Глобус» экологиялық-құқықтық бастама орталығының директоры Галина ЧЕРНОВАДАН наразы сұрақтар мен ескертулер алды. 

ЕКІ АЙДАУ СОРҒЫСЫ ЖЕТІСПЕЙДІ

Бастапқыда №2 Толықтыру мәнін NCOC N.V. компаниясының денсаулық сақтау, еңбек  және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі директоры Н.В. Ермек МАРАБАЕВ сипаттап берді:

- 2016 жылғы 26 қыркүйекте теңіздегі D кешенінде мұнай өндіруді бастағанымыз баршаға аян. Оны өндіру көлемі артып келеді. Шикі газды қабатқа айдау үшін екі компрессор іске қосылды, бұл мұнай өндіруді тәулігіне 210 мыңнан 350 мың баррельге дейін арттыруға мүмкіндік берді. Қолданыстағы жобаны толықтырып, бүгінгі күні жұртшылыққа жүгінуге себеп болып отырған нәрсе - жоба бойынша қарастырылған қабаттарға газды айдау көлемі жеткіліксіз болып шықты. Осының салдарынан біз 370 мың баррель көлеміндегі жоспарлы өндіріске қол жеткізе алмадық және қолданыстағы 4 айдау ұңғымасымен қол жеткізе алмаймыз. Қазір компания қорға тағы екі айдау ұңғымасын салу мүмкіндігін қарастыруда, сол кезде өндіріс 386 мың баррельге дейін артады. Тағы бір өте маңызды мәселе: бұл кезде негізгі жобада белгіленген атмосфераға шығарылатын шығарындылар көлемі асып кетпейді.

Елена ПЕТУХОВА

Содан кейін алдын-ала ҚОӘБ бойынша «SED» ЖШС экологиялық зерттеулер департаментінің директоры Елена ПЕТУХОВА негізгі баяндаманы оқыды:

- Бұл жобаның шешімі тек теңіз кешеніне қатысты. №2 толықтыру жаңа объектілердің құрылысын немесе жаңғыртуды қарастырмайды - бұл қолданыстағы 4 ұңғымаға қосымша ретінде 35 пайдалану ұңғымасының 2-уін айдау ұңғымыларына ауыстыру туралы болып отыр. Әртүрлі көрсеткіштер бойынша қоршаған ортаға әсер ету болмашы деп болжануда.

Петухованың сөзіне қарағанда, ластанудың негізгі «үлесі» D аралының алауына тиесілі және ол әлі де нормаға сәйкес келеді.

- Қысқа мерзімді шығарындылар кезінде қамыс қопасында ластаушы заттардың максималды концентрациясы 0,7 шекті рұқсат етілген концентрациядан (ШРК) аспайды – бұл D аралынан солтүстікке қарай 28 шақырым жерде орналасқан экологиялық сезімтал аймақ; тұрғын аймақта 0,4 ШРК – бұлар теңіз кешенінен 69 шақырым жерде орналасқан Дамба мен Амангелді ауылдары. Теңіз объектілері үшін санитарлық қорғау аймағының (СҚА) белгіленбейтіні белгілі. Бірақ кез келген жағдайда жоғары және төмен қысымды алауларда газ өртеудің регламенттік режимінде - ластану аймағының мөлшері 3,5 км-ден аспайды. Құрлықтағы кешеннен ластануының максималды ықтимал қашықтығы - 6,9 км, ал СҚА - 7 км болады. Итбалықтар аралы Шығыс Қашағаннан оңтүстік-батысқа қарай 200 км-де орналасқан және осы өндірістік алаңдардың шығарындылар аймағына кірмейді.

 БАСТАПҚЫ ЖҮЗ ЖЫЛДА ҚИЫН БОЛАДЫ

Арман ХАЙРУЛЛИН

Талқылау басталды, алғаш болып Атырау тұрғыны Арман ХАЙРУЛЛИН сөз сұрап, сұмдық цифрларды атады:

- Егер бұл жоба мақұлданса, онда бес жыл ішінде атмосфераға, су мен жерге кемінде бір миллион тонна ластаушы зат шығарылады. Неліктен олардың адамдарға қалай әсер ететінін зерттемейсіздер? Ал өтемақы туралы мәселеге келсек: компания жергілікті тұрғындардың денсаулығын ескеріп, науқастардың емделу ақысын төлеуге міндетті.

Бұл сұраққа NCOC N.V. экологиялық жобаларды игеру бөлімінің бастығы Тимур ЖАНТАЕВ жауап берді:

Тимур ЖАНТАЕВ

- Біздің басты критерийіміз - ШРК нормативі және ол асып түспейді...

- Сіз жалпы шоғырланбалы әсер туралы айтып беріңізші, - деп Мұфтах Диаров оның сөзін бөлді.

Муфтах Диаров пен Галина Чернова

- 2011 жылы бізде СҚА-ның негіздеме жобасы болды, биыл ол қайтадан жасалып, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мақұлдады. Онда шоғырланбалы әсер, яғни орташа жылдық концентрациялар бағаланды. Бізде концентрацияның барлық түрлерінің динамикасы ШРК-дан төмен және өсу байқалмайды.

- ШРК нормативі КСРО дәуірінен бері қолданылып келеді және ол ғылыми негізделген. Сондықтан, егер бәрі осы норма шегінде болса, онда бізге қандай талап бар? – деді Марабаев әңгімеге кірісіп. - Болашақта экологиялық талаптар қатаңырақ болатынын жоққа шығармаймын. Егер Денсаулық сақтау министрлігі «ШРК-ны қатаңырақ жасайық» десе - біз бағынамыз, осы нормаға сай келетін нұсқаларды іздейміз. Халыққа төленетін өтемақы – бұл өндіріс қалдықтары мен нақты сырқаттар бойынша денсаулықтың нашарлауы арасында тікелей байланыс бар екені дәлелденсе ғана мүмкін болады. Миллион тоннаға келер болсақ: сіз мұның шартты мән екенін түсінуге тиіссіз - ережелерге сәйкес біз жобаға экологиялық тәуекелдердің ең жоғары бағаларын енгізуге тиіспіз.

М.Диаров:

- ШРК нормативінің қашан болса да өзгеруі неғайбыл, бұл дұрыс. Бірақ сіздер екі нәрсені ескермей отырсыздар: біріншіден, желдің жылдамдығы мен бағыты, екіншіден, шығарындылар жиынтығы. Сіздер ШРК-мен формальды түрде сәйкес болып отырсыздар, ал АМӨЗ бен ТШО одан бірнеше есе асып түседі, тұтастай алғанда экология қатты зардап шегеді. Ал ауаға қанша көміртегі, азот шығарылып жатыр, олардың радиусы қандай? Бұл деректер қайда?

- Біз барлық, соның ішінде күкірт диоксиді бойынша жиынтықтар көрсетілген слайдты ұсынамыз. Біз бұл көрсеткіштен бірде бір рет асқан жоқпыз.

- Неліктен желдің жылдамдығын ескермедіңіздер? – деп Диаров басылмады. - Сіздің жоба бойынша алаулар шамамен 100 жылдай тәулік бойы жанып тұрады. Сіздер Атырауды улайсыздар. Әрі қарай: 2014 жылы «Болашақ» зауыты тоқтап қалмас үшін атмосфераға өндіріссіз 20 мың тонна газ шығарылды. Осылайша сіздер «Жер қойнауын пайдаланудың нормативтік құқықтық актілері туралы» ҚР Заңын, «Мұнай туралы» Заңын, сондай-ақ, «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Заңды бұзып отырсыздар. Онда «Апатты жағдайларды қоспағанда, алауларда  ілеспе және табиғи газдың жағылуына тыйым салынады» делінген. Сіздерге заң бұзу құқығын кім берді?

Тимур Жантаев:

- Газ жағуға үш жағдайда ғана рұқсат етіледі: апатты жағдай, ұңғымаларды сынау және технологиялық шарасыз жағу. Біздікі – үшінші жағдай және ол жабдықты іске қосу-реттеу процесімен байланысты.

«КЕЛІП, ЕҢ БОЛМАСА БІР САҒАТ АУА ЖҰТЫҢЫЗ»

Рафхат АЙТЕКЕШОВ, Қарабатан тұрғыны:

- Мен зейнеткермін, Қарабатанда 40 жылдан бері тұрамын. Онда 26 отбасы тұрады, бірақ жартысы тыныс алу қиын болғандықтан Атыраудан жалға пәтер алып, кетіп қалды. Сіздер жел факторын еш ескермейсіздер. Ол шығыс жақтан соғып тұрған кезде, біз үйден шыға алмаймыз, бүкіл терезе мен есіктерді жауып тастаймыз, өйткені шірік жұмыртқаның иісі шығып тұрады. Адамдардың басы айналады, жүректері ауырады. Малдың бәрі ауру, шөптердің бетін күмәнді нәрсе қаптаған. Оның үстіне, Қарабатан арқылы күкірт тиелген вагондар өтеді - күніне 70 вагон. Біз мемлекет есебінен көшіруді сұраған едік, бірақ нәтиже болмай отыр.

Қарабатанның тағы бір тұрғыны ауылдасын қолдады:

- Бастапқыда «Болашақ» зауытынан ешқандай зиян болмайды деп бізді сендірді. Ал енді өздеріңіз келіп, ең болмаса бір сағатқа осы жердің ауасын жұтып көріңіздер. Сол кезде түсінесіздер. Мен тіпті уақытын да айта аламын - 23-24 сағаттан кейін және таңғы сағат 4-те. Иістен тыныс алу мүмкін емес. Бұл тек Қарабатанға ғана емес, 409-разъезд, Ескене бекетіне де қатысты. Күнде оянған сайын, малымыз аман ба екен, адамдар тірі ме екен деп алаңдаймыз. Мұның бәрін біліп, көріп отырғанымызға кінәлі емеспіз.

Консорциум командасынан NCOC N.V. компаниясының қоршаған ортаны қорғау жөніндегі менеджері Асқар ЕРМЕНТАЕВ жауап берді:

Асқар ЕРМЕНТАЕВ
- Мен жақын маңдағы ауыл тұрғындарының өтініштері бойынша Атырау облыстық әкімдігі ұйымдастырған комиссияға қатыстым. Осы сұрақтар мен шағымдардың барлығына жауаптар берілді. СҚА төңірегінде 4 жақтан бізде қоршаған ортаны бақылайтын қосымша станциялар бар, олардың мәліметтері тек бізге ғана емес, «Қазгидрометке» де түседі, олар тексеріліп тұрады. Қарабатан, Ескене жақта ШРК асқаны тіркелген жоқ. Егер сенбесеңіздер осы станциялардың деректері әкімдікке түседі, өздеріңіз тексерулеріңізге болады. Күкіртке келер болсақ: иә, вагондар өтеді, бірақ экологиялық нормалар бұзылмайды.

- Егер адамдардың денсаулығына теріс әсері бар деп есептесеңіздер, экология департаментімен бірге бағдарлама әзірлеп, осы фактілерді тексерейік, - деп әңгімеге араласты Марабаев. – Бір бірімізге түсіністікпен қарауымыз керек, сіздерді бірлесе жұмыс жасауға шақырамын.


Тыңдау барысында Ермек Марабаев академик Диаровқа Каспий итбалықтарының проблемасы бойынша көмек сұрады: - Бізге ғалымдармен бірлесіп итбалықтарға қатысты не болып жатқанын зерттеу керек. Өйткені біз олардың саны – ересектерінің де, күшіктерінің де азайып бара жатқанын байқадық. Бұл жерде көп фактор бар деп болжанады: Жайық пен Еділ суларының ластануы, теңіз деңгейінің түсуі, Солтүстік Каспий тұздылығының артуы, гендік деңгейдегі проблемалар... Біз зерттеу жұмысына ақша бөлуге дайынбыз – тек бізге ақылды бастар қажет.

БІЗДЕ ЫСТЫҚ, ОЛАРДА ҚАЛЫПТЫ

«Глобус» экологиялық-құқықтық бастамалар орталығының жетекшісі Галина ЧЕРНОВА:

- Сіздер «Қазгидрометтің» көп жылғы деректеріне сілтейсіздер, бірақ оларда Атырауда 4 пост бар, ал теңізде – бірде-біреуі жоқ. Сіздің деректеріңіз бойынша, жазда қаладағы орташа температура 25-27 градус, ал іс жүзінде ол 40-қа дейін жетеді, сонда бұл қалай? Мұндай ыстықта химиялық реакциялар, әрине, басқаша, анағұрлым шапшаң жүреді. Тағы бір сұрақ: екі ұңғыманы қалайша қайта бейіндейсіздер? Бұл күрделі технологиялық процесс қой.

- Сұрақтар өте көп, біз оларға жауап беруге үлгермейміз, - деді Марабаев. - Айтылып өткендей, жаңа ұңғымалар бұрғыланбайды, қайта бейімдеудің өз технологиясы бар, біз бұған 6 айда әзір боламыз. Бұл айтарлықтай шығынды жоба. Біз таза техникалық бөлік қызықты болмайтын шығар деп ойладық, егер сізге қажет болса, материалдарды ұсынамыз, бізде бәрі бар.

- Өз сұрағымды қайталаймын: сіздер неліктен газ жағуға салынған тыйым туралы ҚР заңдарын бұзып отырсыздар? -  деп академик Диаров қайта орнынан тұрды.

- Алаулар жанып тұрды, әлі де жанады, бұл «Болашақ» зауытын қауіпсіз пайдалану шарты. Газ бізге ұнағандықтан жанбайды, бұл өндірістік қажеттілік. Бұл бізге де тиімсіз ғой, өз ақшамызды жоғалтамыз. Бұл жобаға көп қаражат жұмсалды, бізге оны «қайтару» керек, - деп Марабаев адал жауап берді. Оның сөзін Жантаев толықтырды:

- 2017 жылы біз 6% газ жақтық, біртіндеп азайтып келеміз. Мақсатымыз – 2021 жылы 2%-дан көп жақпау: сол кезде іске қосу-реттеу жұмыстары аяқталады да өндіріс артады. 25-27 градус ауа температурасына келер болсақ, түрлі дереккөздерден алынған мәліметтермен салыстырып, тоғыспалы тексеру жүргіземіз.

Академик микрофоннан кетпеді:

- Адам өмірге бір ақ рет келеді. Бізде онкология, туберкулез көрсеткіштері жоғары екенін, ал медицинаның төмен деңгейде екенін білесіздер, шипажайлар, демалыс үйлері жоқ. Бұған кімді кінәлаймыз? Сіздер бұдан шығатын жол табуға тиіссіздер, әйтпесе болмайды.

Ермек МАРАБАЕВ

- Бұл кездесу осындай бағытта өтеді деп жорамалдаған едім. Шынымен де, бір шара алу керек. Сондықтан бірлескен іс-қимыл бағдарламасын әзірлеуді ұсынамын. Әріптестерімді оны біздің табиғат қорғау жоспарына енгізіп, компания бюджетінде ескерулерін сұраймын, - деп сөзін түйіндеді Марабаев.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

Суретті түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ


1 қазан 2018, 12:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.