Атырау, 25 қараша 18:37
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Каспийдің арғы бетінде

Сурет
4 592 просмотра


Пәтерімдегі шаң басқан кітап сөрелерін сүртіп жүргенде Джузеппе Боффтың «Истории Советского Союза» жинағының бірінші томына көзім түсті – шамасы, бір кездері атамнан алған болуым керек.

Беттерін ақтара отырып КСРО құрамына кірген елдердің тізімін көрдім, арасында Әзірбайжан да бар. Кенет басымда «Мына тұрған жер ғой, теңіздің арғы бетінде, қызығатын ел!» деген ой жылт етті. Жұмыстан бір аптаға сұрандым да, әрлі-берлі «Атырау-Ақтау-Баку» бағытына 96 мың теңгеге билет алдым. Бұған бар-жоғы бір-екі минут уақытым кетті.

ӘУЕ АЙЛАҒЫ

Кез келген елмен танысу әуежайдан немесе вокзалдан басталады емес пе. Әзірбайжанның әуе қақпасы, шынымен, керемет екен. Бакуге келген туристердің көпшілігінің бұл әуежайға «сұлулығына» қарай басқа әуежайлардың арасынан бірінші орын беретіні бекер емес. Өз рейсіңді күту еш шаршатпайды: өте әдемі, ерекше әрі жайлы. Бір жақсы жері – ғимарат ішінде дизайнерлік жиһаздары бар түрлі кафелер орналасқан ағаштан жасалған арнайы аймақтарды аралап жүріп уақыттың қалай тез өткенін байқамай қаласың.


ВАЛЮТА

Туристің ең бірінші жұмысы – ақша айырбастау. Сапар алдында теңгені долларға ауыстыратынымды түсінгенде көңілім құлазыды, себебі, курстың шарықтап кеткенін білесіздер. Алайда интернет құтқарды: ұшып келген кезде әуежайда теңгені әзірбайжан ақшасы - манатқа тиімді курспен айырбастауға болатынын білдім. Сонымен қатар мультивалюталық картаны да қолдануға болады, яғни, кез келген банкоматтан сол елдің ақшасын түсіріп аласың. Мен солай жасадым: тамаққа, қыдыру мен көңіл көтеруге 316 манат түсірдім, ол біздің ақшамен 70 мың теңге көлемінде. Айтпақшы, бакулықтардың орташа айлық жалақысы биыл 3,7 пайызға өсіп, 542 манатты құрады – шамамен, 120 мың теңге.

Бірден айтайын, 316 манат бір аптаға әзер жетті, қолымда естелікке кішкентай тиын ғана қалды.


ТІЛ

Жергілікті халықтың көпшілігі, әсіресе, үлкендер орыс тілін жетік біледі. Дегенмен, сіз қай тілде сөйлесеңіз, сол тілде жауап беретінін де байқадым, мәселен, ағылшын тілінде. Егер сізге әзірбайжан тілінде сөйлесе, жаныңыздан орыс тіліне аударатын адам табыла кетеді.

НАН, ЕТ ЖӘНЕ АНАРЛАР

Супермаркеттер мен дүкендерде мен ең алдымен апта сайын «АЖ» кестесіне шығатын азық-түліктерге назар аудардым.

Бидай нанының бір бөлкесі біздің ақшамен 66 теңгедей. Етті негізінен арнайы дүңгіршектерден сатып алады. Сиыр етінің бір келісі 2 400 теңге болса, қой еті – 2 650 теңге. Бакулықтар еттің мұндай жоғары бағасына наразы, себебі, көрші Армения мен Грузияда сиыр еті теңгеге шаққанда 1 550 тұрады.


Жемістерге келсек: алма - 169, апельсин – 439, банан – 453, алмұрт – 359 теңге. Тұрғын үйлердің ауласында өсетін анарлар 329 теңге тұрады.

Көкөністер: бір келі қызанақ үшін 300 теңге, қияр үшін 200 теңге төлейсіз. Майлығы 1,5% сүт литрі 230 теңге шамасында.

Егер кафеден тамақтансаңыз, қала ортасында бір адамға 6 мыңның шамасында ақша төлейсіз. Ал құрбым екеуміз тұрған ауданда түскі ас пен кешкі ас біраз арзанға шықты, ал бәлішке ұқсас әзірбайжандық кутабтарды қарның тойғанша жеуге болады. Піскен інжірлердің келісі 1000 теңге, ал мен жақсы көретін орман жаңғағының да бір келісі сол шамада.


КӨЛІК: ЖАНАРМАЙ, ЖОЛ АҚЫСЫ

Баку тұрғындары автобустар мен метроға мінгенді жөн көреді, кей жерде фуникулерлер де бар. Халықтың көпшілігінің өз көлігі бар, себебі, жанармай бағасы төмен – АИ-95 литрі 131 теңге.

Қоғамдық көлік түнгі 23.00-ге дейін жүреді, автобустар көп күттірмейді, жол ақысы 50 теңге. Автобустардың көпшілігі таза, біздегідей қара түтін будақтаған, тот басқан автобустар жоқ. Uber мобильді қосымшасы болмаса қиын – жолай ұстаған такси өте қымбатқа шығады.

Жолдардың басым бөлігі төрт жолақты және әрқайсысының өз жылдамдық режимі бар. Жолдары тегіс, ешқандай шұңқыр жоқ.


БАЙЛАР МЕН КЕДЕЙЛЕР

Бакуге барғандар төбесі көк тіреген биік ғимараттарға, кең бульварларға, таңғажайып субұрқақтар мен сансыз брендті дүкендерге таң қалумен болады. Егер мені бұл жерге көзімді байлап әкелсе, бұл Араб әмірліктері деп ойлар едім. Әр бұрышта AstonMartin тұрса, жол бойында жалтыраған Bentley мен Porsche көліктері зулап жүр.


Айтпақшы, біз тұрған үй Гейдар Әлиев Орталығынан бір шақырым жерде еді. Орталық көбікті алып толқынға, әдетте ғарыш туралы фильмдерде көрсетілетін ғарышқа ұшатын аппаратқа немесе марсиандық ғылыми лабораторияға ұқсайды. Ирандық-британдық сәулетші Захи Хадидтің жобасымен салынған ғимарат ауқымдылығымен әрі күрделілігімен әсерлі. Ғимараттың сыртқы келбетінде бұрыштар мен түзу қабырғалар жоқ, бір-біріне жалғасқан шексіз ақ панельдер ландшафтпен ұштасып жатыр.

Сәулетті ғимараттардың көпшілігі Әзірбайжанның Каспий қайраңындағы мұнай мен газ өндіруден және оларды экспорттаудан түскен табысына салынған. Әрине, бір қарағанда бәрі әдемі, алайда елмен жақырынырақ танысу үшін қаланың ешкім бара бермейтін шет жағына да шығып көру керек.

Шет жақтардағы шағын көшелерге бұрылғанда көзге Бакудың өзге келбеті келеді. Арнасынан асқан қалдық ыдыстарын қаңғыбас иттер мекендеп алған. Тұрғын үйлердің сылақтары түсіп жатыр. Кей аулаларда жарық пен балалар алаңдары да жоқ. Хмм... Таныс жағдай.


КІЛЕМ ӘЛЕМІ

Ұшақта әуекомпаниясының журналын ақтарып отырып, әзірбайжандық кілем тоқу өнері туралы мақалаға көзім түсті. Кілемдерге бұрыннан қызығатынмын, сондықтан бір күннен кейін бірінші экспонатты көрген кезде қуанғаннан шыңғырып жібердім. Есалаң құсап барлық кілемді суретке түсірумен әлек болдым.

Кілемдер музейі әзірбайжан ұлттық мәдениетінің қазынасы болып табылады. Оның қорында 14 000 кілем, кесте, киім, мыс тиындар мен зергерлік өнердің үлгілері бар. Музейді табу қиын емес, орталық жағалаумен жүре берсең, алдыңнан оралған кілемге ұқсас ғимарат шығады. Музейдің іші де қиғаштай жасалған, экспонаттардың да орналасуы ерекше. Музейден мені күшпен сүйреп шығарғандай болды – енді аз уақытта кілем безгегі басталады деп қорықса керек.


ЕСКІ ҚАЛА

Егер музейдегі барлық кілемді алып кеткім келсе, Ичери – Шехер деген ескі қалада (Никулин, Миронов, Папанов түскен атақты «Бриллиантовая рука» фильмін түсірген жер) бүкіл көшеде сатылып жатқан дүниенің бәрін кәдесый ретінде тор сөмкеге салып алғым келді. Бұлар асүй жабдықтары, киім, бас киім, түсіншелер мен тағы да басқа дүниелер.

Ескі қалада кедейлер тұрады дейді, дегенмен мен осы жерде тұру үшін астанадағы биік үйдегі пәтерімді еш ойланбастан ауыстыра салар едім. Ұзын, бірақ тар көшелердің ғажайып ауаны, үйлердің көне келбеті, жүзім шырмауығымен жабылған балкондар, балалардың күлкісі, шай ішіп отырған мейірімді ақсақалдар, зәйтүн ағаштары – бұлардың барлығы сүйсіндіріп, жаныңа ерекше жайлылық сыйлайды.


ҚЫЗ МҰНАРАСЫ

Ескі қалаға Қыз мұнарасы үшін де міндетті түрде бару керек. Оның айналасында аңыздар өте көп. Ең танымалы - өз қызына ғашық болған әмір оған үйленбекші болады. Әкесін ойынан айныту үшін ол мұнара салып беруін және оның құрылысы аяқталғанша күте тұруын өтінеді. Құрылыс аяқталғанша әкесі өз ойынан бас тартар немесе о дүниеге аттанар деп ойлайды. Алайда олай болмады. Мұнара дайын болғанда қыз оның ұшар басына шығып, төменге секірген. Ханшайым құлаған тасты «Пәк қыз тасы» деп атап кеткен екен және көпке дейін ол жерге қалыңдықтар гүл шоғын қоятын болған.


Мұнараға барудың сәті түспеді, себебі, кезектің шегі көрінбеді. Бірақ мен көңілімді түсірмедім, себебі, шолу дөңгелегінен қаланы жоғарыдан тамашалап үлгерген едім.

ЖЕЛ ӨТІНДЕ

Бакудің өзінде сіз Каспий теңізіне түсетін жағажай таппайсыз. Жақын деген жағажайға жету үшін 3 сағат автобуспен жүресің. Немесе біраз ақша жұмсап таксимен барасың.

Жағажайлардың көпшілігі қатты әрі салқын желімен ерекшеленеді. Жағада жатып, күнге қыздырыну мүмкін емес – жан-жақтан құм ұшады. Бірақ көңіліңіз түспесін – көгілдір теңіздің жағасында көбіктенген толқындарға қарап, жан рахатын сезінуге әбден болады.


ӘРКІМНІҢ ҚАЛАУЫ БАР

Алған әсерімді қорытындыласам, Әзірбайжан міндетті түрде баратын елдердің қатарына кіреді. Әсіресе, заманауи әлем мен ескі дүниенің қатар тұратынын сүйетіндер үшін. Ертерек билет сатып алсаңыз, сапар қалтаға қатты соқпайды. Мен өз басым жол ақысына, тамақ, қыдыру, кәдесыйлар мен экскурсиялар үшін 165 мың теңге жұмсадым. Әрі тәтті інжір жеп, жып-жылы теңіз толқындарына қарап отырғаныңда бір сәтке материалдық жағын ұмытасың...


Анастасия АЛЮШИНА 

Суретті түсірген автор

17 қыркүйек 2018, 10:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.