Атырау, 25 қараша 20:00
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Айтуар би: «Хан халыққа ие болса, жерге халық ие»

7 601 просмотра


Таяуда «Атырау-Индер» трассасының бойындағы Махамбет ауданы Ортақшыл ауылының тұсында батыс өңірінің айтулы биі болған Айтуар Үсенұлына ұрпақтары мәрмәрдан ескерткіш белгі орнатты.

Айтуар би 1783 жылы Жайық өзені бойында дүниеге келген. Оның ататегі былайша тарқатылады: Кіші жүз Байұлының Беріш деген атасынан Байбақты, одан Әсілбас, Шақай, Құсылбас тарайды. Әсілбастан Себек пен Жаңбырша, Себектен Сары, одан Үсен. Үсеннен Айтуар би туған. Ел арасында Есет пен Айтуардың аты қосарлана айтылады. Себебі екі бас би Баймағамбет Сұлтанның ақылшы кеңесшісі болған екен.

Қара қылды қақ жарған, от ауызды, орақ тілді би атанған Айтуардың шешкен даулары ел арасында аңыз болып кең тараған. Оның бірі мынадай, Шеркеш елінің Тұрлан деген батырының ауылы Сарыкөл жайлауында көшіп келе жатып, шағын бір ауылдың өздерінен бұрын келіп қоныстанып жатқанын көреді.  Сөйтсе бұл Дәулетқали төренің көші болып шығады. «Бұл біздің жайлауымыз ғой» деген Тұрланның жігіттеріне ол  қамшы үйіріп, өктемдік танытады. Ертесіне  мұны естіген Тұрлан батыр ашуға мініп, Дәулетқалидың ауылына барып, «Төренің елі дегенді қайдан көрдің, төренің жері дегенді қайдан таптың» деп төрені ат бауырына алып, сабап тастайды. Қарадан таяқ жеген төре Орынбордағы Баймағамбет Сұлтанның бел баласы Әлеке правительге барып шағынады. «Төре - елі де, жері жоқ кірме» дегенге намыстанған Әлеке қару-жарағын асынып, шағын жасақпен аттанады. Елде үлкен сый құрмет көрсетілгеніне қарамастан Әлеке «Тұрланның қанын ішпей қоймаймын» деседі. Осы кезде мұздай қаруланған Тұрлан үйге кіріп келгенде бағанадан бері ашуға беріліп отырған төре сасыңқырап қалады. Сол жерде Айтуар би:

-Алдияр тақсыр, сізге бір сұрағым бар. «Қара жерге халық ие, қара халыққа хан ие» деген аталы сөз бар емес пе, сіз қайсысына иесіз?

-Әрине, төре тұқымы халыққа ие.

-Ендеше, хан ием, дұрыс айттыңыз. Халыққа сіз, жерге Тұрлан ие. Дәулетқалидікі зорлық.

Сөзден жеңілген Әлеке Дәулетқалиға көшін жайлаудан алып кетуін талап еткен деседі.

Ел аузында Айтуар би айтыпты деген осындай әңгімелер көп. Ол қазақ даласы Ресейге бодан болып, қара халық отаршыдан да, оларға қызмет еткен жандайшаптардан озбырлық өрген тар заманда ғұмыр кешті. Барымта, ұрлық, жесір мен жер дауы, зорлық-зомбылық және тағы басқа дауларға әділ шешім айтып, шешендік таныту оңайға соқпағаны анық. Өзі Баймағамбет сұлтанның қасында қызмет етсе де,  1836-1838 жылдары Исатай Тайманұлы басқарған көтерілісшілерге жасырын болса да қол ұшын беріп отырған. Мысалы, шағын қол Жайық өзеннен өткен соң, жазалаушы отрядты теріс бағыттап, Тайсойған жеріне аман жетуіне мұрындық болады.

Айтуар би 1856 жылы 73 жасында дүниеден озды. Оның бейіті Махамбет ауданы Ортақшыл ауылының солтүстік шығысқа қарай төрт шақырымдық жерге орналасқан «Алтын» қауымында (қорым мәдени ескерткіш болып танылған). Асқа жиналған көпшілік Айтуар би туралы жазбаларды кең тарату, зерттеу жұмыстары жүру қажеттігін, оның атын көшелерге беру керектігін айтты.   

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор 

8 қыркүйек 2018, 17:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.