Домендік атаулар және IP-мекенжайларды басқару бойынша халықаралық корпорация (ICANN) 11 қазаннан кейін әлемдік ғаламтор жүйесінде іркілістер орын алуы мүмкін екенін ескертті. Оның себебі – домендік атаулар жүйесін (DNS) қорғайтын криптографиялық кілттерді ауыстыру. Бұл өзгеріске қазақстандық провайдерлер дайын ба? «АЖ» осы сұрақты «Қазақстанның Интернет Ассоциациясы» ЗТБ президенті Шавкат САБИРОВҚА жолдады.
- Біріншіден, дайын. Екіншіден, ICANN халықаралық корпорациясы айтып отырған криптографиялық кілттерді ауыстыру қорғалған DNS серверге жатады (DNSSEC). Сондықтан қорғалған DNS-серверлер қолданатын DNS-серверлердің иелері криптографиялық кілттерді ауыстыру бойынша жұмыстарды жүргізу керек, ал Қазақстанда қорғалған DNS-серверлерді күнделікті интернет-өмірде ешкім қолданбайды деуге болады.
- Бұл жаман ба?
- Жоқ, жаман емес, қорғалған DNS – хостинг-провайдерлер үшін үлкен жүктеме екенін түсінген дұрыс. Қорғалған DNS-серверлер (DNSSEC) негізінен мемлекет үшін аса маңызды құрылымдарда қолданылады. Мәселен, энергетика саласында – электр энергиясы ағымдарын басқаратын ақпараттық жүйені, сонымен қатар DNSSEС бір бөлігі болып табылатын инфрақұрылымды да міндетті түрде қорғау керек. Сондықтан KZ доменді аумағында қазақстандықтар үшін қандай да бір қиындық туады деп ойламаймын. Егер хостинг-провайдерлер қажетті жұмыстарды жүргізбесе, қорғалған DNS-серверлерді қолданатын шетелдік ресурстарға кіру барысында белгілі бір қиындықтар болуы мүмкін. Мысалы, Facebook-тің миллиардтан астам қолданушысы бар. Ол DNSSEС қолданады немесе Google сияқты үлкен ресурстар да осыған жүгінеді. Тағы да қайталаймын – олардың үлкендігі әрі мықтылығы соншалық, 11 қазанда бұл қиындықтарды болдырмау үшін материалдық әрі адами ресурстары жеткілікті.
- Халықаралық алыптардың жағдайы түсінікті. Өзімізге оралсақ. Мәселен, отандық еGov сайтын алайық, ол жерде бірнеше жүз мың қолданушы бар. Қиындық тууы мүмкін бе?
- Олай ойламаймын. ICANN шектеулер, жылдамдықтың азаюы орын алуы мүмкін екенін ескертеді. Кілттер ауыстырылып, DNS-серверлер дайын болғанша, белгілі бір шектеулер болуы мүмкін. Мысалы, сіз сайт жасадыңыз, DNS қостыңыз және таңертеңгі 9-да онлайнға шығамын дейсіз. Ал сайт 2-3 сағаттан, кейбіреулерде 24 сағаттан кейін іске қосылады. Немесе, мысалы, бір сайт сот шешімімен бұғатталып, қайтадан ашылып жатады. Міне, сол «ашылған» кезде барлық DNS-серверлер ол сайт туралы ақпаратты жаңартып болғанша белгілі бір уақыт өту керек. Сондықтан, кілттерді ауыстыру барысында іркілістер қысқа уақытқа созылады, бұл сол күні бәрінің астаң-кестеңі шығады деген сөз емес.
Тағы бір нәрсе: егер хостинг-провайдер өз тұтынушыларына қорғалған DNS-серверлер DNSSEС ұсынған болса, ол компанияның өзі ұсынатын қызметтеріне аса жауапкершілікпен қарайтындығын білдіреді.
Сәуле ТАСБОЛАТОВА, «АЖ»-ның Астанадағы меншікті тілшісі