27 тамызда Атырау облысы мәслихатының кезектен тыс 24-ші сессиясы өтті. Бірінші болып өңір басшысы Нұрлан Ноғаев баяндама жасауы керек болатын, алайда әкім қалада болмағандықтан, оның сөйлеуін келесі сессияға қалдырды. Облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Айдар НҰРАЛИЕВ қазір жергілікті бюджеттің кіріс бөлігінің болжамы 267,2 млрд теңгені құрайтынын хабарлады.
- Үнемделген қаражатты бұрын басталған инвестициялық жобаларды жалғастыруға және аяқтауға бағыттауды ұсынамын.
Әрі қарай бас қаржыгер мұнайлы астанадағы тұрғын үй құрылысына қаражат мемлекеттік құнды қағаздарды сату арқылы қарызға алынғандығын айтты. Осылайша барлығы 2,8 млрд теңге алынып, оның екеуі 2017 жылы кредиторларға қайтарылған, қалғанын қайтару мерзімі – 2019 жыл. Алайда қарызды ерте қайтарса, облыстық әкімдік басқа жобаларға жол ашар еді.
Бұдан бөлек, үнемделген 1 млрд 787 млн теңгеге келесі жобаларды қаржыландыру ұсынылды: Балықшыдағы жылу желісінің құрылысы – 323,4 млн, сол жердегі жылу орталығының құрылысы – 351,3 млн, Нұрсая ықшамауданындағы жылу жүйелерін дамыту бойынша жұмыстар – 542,9 млн.
Тасқын суға қатысты жағдайдың күрделілігіне байланысты 100 млн теңгені Құрманғазы ауданындағы бөгеттер құрылысына бағыттау шешілді. Атыраудағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығының құрылысына 428,7 млн теңге аударылды. Қаржыгерлер облыс бюджетінде сумен қамту ұйымдарын субсидиялауға 135,5 млн теңге, жаңадан ашылған әлеуметтік нысандардың материалдық базасы мен қызметкерлерінің жалақысы үшін 114,2 млн теңге қарастырған.
Күн тәрітібіндегі қорытынды сұрақ бойынша «Атырау облысындағы жерүсті су көздеріндегі су ресурстарын пайдалану бойынша төлемақы мөлшерін бекіту туралы» тақырыбында табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қадыржан АРЫСТАН баяндама жасады. Оның айтуынша, «суға салынатын салық» бұрыннан бар. ҚР Салық кодексі қабылданған соң оны салықшылар алатын. Алайда биылдан бастап ескі тәртіпке қайта оралды. Мәслихат Жайық, Ойыл, Сағыз, Ембі, Қиғаш өзендері мен Каспий теңізінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін бекітті: тұрғын үй-коммуналдық қызметтерге (мың шаршы метрге теңгемен) – 143, жылу энергиясын қосқанда өнеркәсіп үшін – 817, ауыл шаруашылығында – 115,1, тоған шаруашылығында – 111,3 және су көлігі үшін – 27,8 теңге.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген: Фархат ӘБІЛОВ