Атырау, 25 қараша 20:54
 ашықВ Атырау -4
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Дала сұлуы туралы аңыз

Сурет
7 363 просмотра


Атырау облысының Қызылқоға өңірінде өзіндік тарихы мол көне мазарларды көптеп кездестіруге болады. Екі ғасыр өтсе де, қалыбын сақтап тұрған мына кесене - Секер сұлу мазары. Миялыдан 10 шақырым жерде орналасқан оның биіктігі - 10 метр.

Аттың қылымен, биенің сүтімен илеген тастан салынған мазар уақыт сынына ұшырап, төбесі опырылып, құлағанымен қабырғасы әлі мықты көрінеді. Мазардың айналасын қалың құм басқан. Көмескі тартқан арабша жазылған құлпытастар құлап жатыр. Әлқисса, ел аузында аңыз болған, адамдар келіп тәу ететін Секер сұлу кім еді?

Біз өңір тарихына қалам сілтеп жүрген Кәрім ТҰРДАҒАЛИЕВТІҢ еңбегіне сүйендік.  Секер сұлу - 1786 жылы Ойыл өңірінде дүниеге келіп, 15 жасында оқ жылан шағып жазым болған, Сегіз арыс Жауғашты Шеркеш Байсалдың қызы. Байсал мыңғыраған малы бар, өте бай адам болған.  Ел аузында малы қанша барымталанса да, Байсал да кеңдік танытып, ұрыларды жазалаған емес, қайта елемеуге тырысып, елдікті, бірлікті сақтауға күш салған деген аңыз бар. Байсалдың Ақбұлтыш пен Ақтомпыш деген екі әйелі болған. Екі әйелі де көрікті болса керек, дегенмен тоқалы Ақтомпыш өте ажарлы болған. Бәйбішесінің өкшесі қанамаған, ал тоқалынан Секер дүниеге келген. Ұлы да, қызы да сол болғандықтан бай перзентінің бетіне шаң тигізбей өсіреді. Сөйткен Секер үшке толғанда Жылыой бойын жайлаған Қосым Шеркештің атақты байы Ақшолақ құда түседі. Секерді Ақсейілге айттырғанда, ұлы бес жаста екен. Көркіне көз тоятын Секер басқаларға ұқсамайтын ақылы ерен, ат құлағында ойнаған шабандоз, он саусағынан өнері тамған балбармақ шебер, өнерлі босып өседі,- дейді жазбасында К. Тұрдағалиев.


Жасы он беске толғанда Ақсейіл қалыңдығын алмаққа келеді. Қыздың ұзатылу тойы өз қаза тапқан мазар орнында дүрілдеп өтеді. Бәйгенің өзіне жер-жерден жүйрік деген жүздеген ат келген.Үш күнге созылған тойда жұртшылық қазақтың түрлі ойындары, әдет-ғұрыптары сақталып, палуандар сайысы, айтыс, қыз қуу сияқты тартысты өнерді қызықтайды. Сәйгүліктер бәйгесінде өз руынан қосылған Саржағыл тұлпардың  соңында қалатынын, аттарды сынай жүріп, қайсысы озық келетінін әкесіне айтып береді. Сыншы қыздың сонда айтқаны дөп келіп-ті деседі. Үш күн той тойланып, төртінші күні бойжеткеннің көшін жөнелту түні Ақбұлтыш бәйбіше жаман түс көріп, шошып оянады. Түсінде Секер сұлу бір топ адаммен кетіп бара жатыр екен, сөйтсе қасындағылардың бәрі о дүниелік болған адамдар.

Бұл жайдан бейқам сұлу қыз Ойыл өзенінің жағасына барып серуендеп қайтпақшы болады. Өзенге шомылған Секер басқалардан бөлек жүзіп, бөлек киініп жатқанда сұлулығына қызыққан оқ жылан шағып алған деседі.  Сол жерде қанша әлсіреп жатса да, Секер қыз «мәйітімді отау тіккен жерге жерлеп, үстіме бейіт тұрғызып, отауымнын керегесін соның үстіне орнатсын» деп өсиет айтып кеткен екен.

 «Секерден кейін екінші Секер дүниеге келер деймісің?» деп құсаланған Ақселеу еліне барып қайтыс болады.

Кейінгі кезде махаббатта жолы болмай жүрген жастар мазар басына келіп, тәу етеді екен. Әсіресе, тамыз айының 14-інде келеді. Бұл Секердің қайтыс болған күні...   

           

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Суретті түсірген автор

27 тамыз 2018, 11:18

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.