«АЖ» Атырау қалалық №2 сотының төрағасы, судья Мирамбек НАҒАШЫБАЕВҚА «АтырауСуАрнасы» КМК-ның бұрынғы директоры Андрей ТАШЛЫКОВҚА және кәсіпорынның екі бөлім басшысына шығарылған үкімді түсіндіруді сұрады. Алғашқы тағылған айып бойынша оларға ұзақ жылдарға бас бостандығынан айырылу жазасы кесілуі тиіс еді, алайда сот соңында бәрі басқаша өрбіді.
- Андрей Ташлыковқа ҚР ҚК 188-бабы 4-бөлігі 2-тармағы (Сеніп тапсырған бөтен мүлікті иемденіп алу немесе талан-таражға салу), 361-бап (Лауазымды өкілеттілікті теріс пайдалану) 369-бап (Қызметтік жалғандық жасау) айып тағылды. Ал бөлім бастықтары Виталий ОЛЕЩЕНКО мен Гүлмира ОЖЫРАЕВА 189-баптың 3-бөлігі 1,2 тармағы бойынша қылмас жасады деп кінәланды. Сотталушылар, атап айтсақ, жеке кәсіпкерлермен жалған келісімшарт жасасу арқылы жалпы көлемі 45 млн 807 мың 312 теңге жымқырды деп айыпталды,- деді М. Нағашыбаев.
- Келтірілген шығын көлемі неге азайды?
- Тергеу кезінде көптеген қателіктер кеткені анықталды, яғни, сот процесі қорытындысына әсер ететін маңызды құжаттар қаралмаған. Сондықтан сотғандықтан, қайтадан экономикалық сараптама тағайындады. Сотқа сарапшы шақырылып, жауап алынғаннан кейін прокурор Ташлыковтан 361 және 369-баптар бойынша айыптауды алып тастады. Ал келтірілген шығын алдымен 27 млн 396 мың 533 теңгеге дейін түсіп, кейін 19 млн 458 мың 649 теңгеге дейін тағы да азайтылды.
- Виталий Олещенконың ісіне қатысты не айтасыз?
- Істі қарау кезінде Виталий Олещенко келтірілген шығын - 3 миллион теңгені төледі. Ол процессуалдық келісім кезінде ұсынылған жазамен келісіп, ақпан айында 5 жыл шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
- Гүлмира Ожыраеваның прокурормен процессуалдық келісімге келу туралы өтініші берді ме?
- Іс барысында Гүлмира Ожыраева прокурормен процессуалдық келісімге келу туралы бірнеше рет өтініш жариялаған болатын. Біз оны прокуратураға жолдағанымызбен, олар өзара келісімге келе алмады. Біріншіде ол бас бостандығынан айыру туралы жазамен келіспеді. Екінші жағдайда ісі Ташлыков ісімен тығыз байланысты болғандықтан прокурор келіспеді. Егер бұл өтінішті сот қанағаттандырғанда, оның ісін Ташлыков ісінен бөлек қарау керек еді. Бұл мүмкін болмады, өйткені бір эпизодта ол Ташлыковпен бірге ақша иемденген деп айыпталған еді.
- Ташлыков пен Ожыраеваға берілген жазаны, сәйкесінше, 1 жыл екі ай бостандығын шектеу және 2 жыл шартты мерзімге бостандығын айыру жазаларына түсінік беріңізші.
- Іс соңында екеуі де прокурормен процессуалдық келісімге келіп, оларға бір ғана эпизод бойынша айып тағылды. Яғни, Ташлыков пен Ожыраева тек қана 1 млн 894 мың 585 теңге қаржыны жымқырды деп айыпталды. Прокурор келтірілген шығынның азаюына және кейбір тағылған айыптардың алынып тасталуына байланысты 2 жыл бас бостандығын шектеу жазасын сұрады. Ташлыковтың уақытша ұстау изоляторында 9 ай 21 күн отырғанын ескеріп, 2 жылдан осы уақыт аралығы алынып тасталынып, ең соңында 1 жыл 2 айға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, үкім шығарылғанда Андрей Ташлыков пен Гүлмира Ожыраеваның қоғамға ешқандай қауіп келтірмейтіні, бұрын сотталмағандығы және отбасы жағдайлары ескерілді. Сонымен қатар, Ташлыковтың мемлекеттік марапаттары бар, бұл да маңызға ие. Бір айтып кетер жайт, сот қылмыстық қудалау органы емес, ол қосымша дәлелдер іздемейді. Прокурор айып тағады, адвокат қорғайды, судья заңға сәйкес бағасын береді.
Фархат ӘБІЛОВ