Әлеуметтік желілердің бірінде Атырау тұрғындары пәтерлер мен подъездерде, әсіресе, бірінші қабаттарда бүргелердің толып кеткеніне наразылық білдіріпті. Өте ұсақ жәндіктер пәтерлерге жертөлелерден саңылаулар арқылы кіреді екен.
«Азаттық 5 «б» мекен-жайында өріп жүр. Қызымның үстінен қазір ғана қан сорған он шақтысын алдым. ПИК-ке хабарласқанмын, олар дезинфекциялауға ақша жоқ деп жауап берді, - деп жазады пәтерлердің бірінің тұрғыны.
«AЖ» тілшісі Азаттық, 5 «б» мекен-жайындағы үйге қызмет көрсететін ПИК-ке хабарласты. Ондағылар жәндіктерді дезинфекциялау міндеттері екенін, бірақ қаражаттың болмауына байланысты бұл жұмыс жүргізілмейтінін түсіндірді. Ал қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жыл басында әрбір ПИК өтініш беріп, дезинфекция қызметімен келісімшарт жасасуы тиіс, бұған қоса тұрғындар бұл қызмет үшін ПИК-ке қосымша төлеуі керек.
Алайда, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөліміндегілер басқаша ақпарат берді: бүргеге қатысты шағымдар көптен бері түсіп жатыр екен, тұрғындардың қосымша жарналарынсыз дезинфекциялау жұмыстары басталған.
Анастасия АЛЮШИНА
"АЖ" АНЫҚТАМАСЫ: Адам бүргесі (лат.Pulexirritans) оба қоздырғышын тасымалдайтын адамның, иттердің, кейде басқа жануарлардың қауіпті паразиті, сондай-ақ, кейбір гельминттердің аралық иесі болуы мүмкін. 1,6-3,2 мм ұзындықтағы бүргелер 30 см дейін биіктікке және 50 см дейін ұзындыққа секіре алады. Өмір сүру ұзақтығы - 513 күнге дейін. Аналықтар еден жарықтарына, жертөлелерге, шатырларға, індерге және ұяларға бірнеше жүздеген (500-ге дейін) жұмыртқа салады. Жұмыртқалау фазасы 2-10 күнге созылады, дернәсілдердің дамуы 8-ден 202 күнге дейін жалғасады, қуыршақ фазасы жағдайға байланысты 6-дан 239 күнге дейін созылады. Қан сору ұзақтығы - бірнеше секундтан 20 минутқа дейін.