Сотталғандардың түрмеден шыққаннан кейінгі туындайтын мәселелері мен оларға үкімет тарапынан көрсетілетін қолдау көмектер туралы Атырау облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің УГ-157/11 мекемесінде (әйелдер колониясы) өткен жиында айтылды. Басқосуға кезінде есірткі заттар сатумен айналысқаны үшін ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылған 45 жастағы Тәжікстан азаматының шартты түрде мерзімінен бұрын босатылуы себеп болды.
2010 жылы ол бұрынғы Қылмыстық кодекстің 259-бабының ең ауыр тармағымен сотталып, 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Аса ауыр қылмыс жасаған оған мерзімінен бұрын шартты түрде босатылуы үшін жаза мерзімінің жартысы өтуі керек, міне сол уақыт та келіп жетті.
Бастапқы төрт жылын Алматы облысындағы Жауғашты әйелдер колониясында өткізіп, сол түрмеде жүріп сәбилі болады. Осыдан кейін қызын интернатқа тапсыртып, өзі Атырауға ауыстырылады.
- Мақсатым бұрын жіберген қателіктерімді қайталамай тұрақты жұмысқа орналасып, қызыммен бірге өмір сүргім келеді, - дейді кейіпкер.
Басқосу барысында әр түрлі әлеуметтік сала мамандары сотталып шыққан азаматтарға қандай көмек көрсетілетіні туралы айтты.
Нұрзада САҒЫНҒАЛИЕВА, УГ-157/11 мекемесінің бастығы, әділет майоры:
- Қазір әйелдерді түзету мекемесінде 198 адам жазасын өтеуде. Олардың ішінде ең ұзақ мерзім алғаны 23 жылға сотталған қыз. Биыл 22 адам жазасын толық өтеп бостандыққа шығады. Оларға, әрине, қоғамға еркін сіңіп кетуі үшін қиыншылықтар туындайды. Бұрындары бізден босап шыққандардың тең жартысы көп ұзамай қайтадан түрмеге оралатын еді. Қазір жағдай өзгеріп жатыр. Түзету мекемесінде пилоттық жоба жүзеге асып жатыр. Жобаның мақсаты - бостандыққа шығуға бір жыл қалған жазасын өтеушілерді бостандыққа бейімдеу.
Дина АБИШЕВА, Атырау облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бас маманы:
- Қазір жұмыспен қамту мекемесінде облыс бойынша алпысқа жуық түрмеден босап шыққан адам және провация бойынша 200 дей адам тіркеуде тұр. Жазасын өтеп келгендерді бірінші кезекте жұмысқа орналастыру деген қағида жоқ. Дегенмен, біз олардың қолайлы жұмысқа орналасуына, үйі болмаса, белгілі тұрағы жоқ азаматтар үйіне орналастыруға қолдау көрсете аламыз. Мамандығы болмаса, кез-келген жұмысшы мамандықтарға тегін оқып шыға алады. Сонымен бірге жылына бір рет материалдық көмек те қаралған.
Нұрғаным ҮМБЕТҚАЛИЕВА, №7 емхана басшысының орынбасары:
- Түзету мекемесінен босап шыққаны туралы хабарлама түскеннен кейін оның мекенжайы бойынша үйіне барамыз. Толық медициналық тексерістен тегін өтуіне жағдай жасаймыз. Кез-келген жазасын өтеп шыққан адам өзінің мекенжайы бойынша жақын жердегі емханаға тіркеліп, тегін медициналық көмек ала алады.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Суретті түсірген автор