Сәтсіз аяқталған төңкерістің 2 жылдығына орай Түркияның Баспасөз және ақпарат басқармасы әлемнің 20 елінен келген, оның ішінде Қазақстан да бар, 100-ден астам журналиске арнап баспасөз турын ұйымдастырды. Бұл сапардан алған ең үлкен әсерлерім – 2 жыл бұрын 15 шілдеде Босфор көпірінің маңында әскерилердің оғына ұшып, танк астына түсіп қаза болған 251 адамның әрқайсысының есімі аталған кезде «бурда!» (осында!) деп айқайлаған миллиондаған адам, әр жерге ілінген «15 temmuz`u unutma» («15 шілдені ұмытпа») деген жазуы бар плакаттар, желбіреген байрақтан қызыл теңізге айналған 15 миллион халқы бар Стамбул.
Баспасөз турының алғашқы күнінде, яғни, 14 шілдеде, Түркия Баспасөз және ақпарат басқармасының бас директоры Мехмет АКАРДЖА брифинг өткізді. Оның айтуынша, жақында мерзімінен бұрын өтізілген сайлау ел тарихында маңызды кезеңге айналған. Нәтижесінде президент Режеп ЕРДОҒАН өте ауқымды өкілеттіктерге ие болды. Сонымен қатар, ол, өз ойынша, Түркияның демократиялық құндылықтарына қатер төндіретін FETO ұйымының қызметіне тоқталып өтті.
Брифингтен кейін журналистер Стамбулдағы мигранттар мен босқындарға көмек көрсету орталығына барды. Орталық 1995 жылы құрылған, бүгінде оның филиалдары Түркияның 47 провинциясында жұмыс істейді, онда 1300-ден астам адам - әлеуметтік және медицина қызметкерлері, отбасылық кеңесшілер, психологтар, тілдік жаттықтырушылар, еріктілер еңбек етеді. Орталық өз отанында саяси, діни және нәсілдік себептермен қудалауға ұшыраған, соғыстан қашқан түрлі елдің адамдарына көмек көрсетеді. Түркия қабылданған босқындар саны бойынша әлемде көш бастап тұр. Бүгінгі күні ол жердегі әрбір жиырмасыншы адам - мигрант.
Жалпы таныстырылымнан кейін журналистерге орталықтың жұмысымен танысып, бәрін өз көздерімен көруге мүмкіндік берілді. Ғимараттың өзі ескі әрі тар екен, бірақ 4 қабатқа түрлі профильдегі кабинеттер сыйып тұр: медициналық және психологиялық көмек, балалар бөлмелері, компьютерлік курстар, тіпті, гомосексуалдарға арналған жеке кабинет те бар. Ғимараттың қабырғаларына балалардың салған суреттері мен орталыққа келушілердің өздері түсірген фотосуреттері ілінген. Орталықты аралап шыққаннан кейін балалар бізге шағын концерт қойып берді Біз олардың өнеріне тәнті болдық. Олар күнделікті киімдерімен жүр, қонақтар келеді деп, мерекелік салтанатқа сай киінген еш жасандылықты байқамадық.
Келесі күні, 15 шілдеде кешке қарай журналистер қазір «15 шілде Шейіттер көпірі» деп аталатын Босфор көпіріне бет алды. Оларға болып жатқан шараларды қадағалау үшін арнайы орын дайындаған. Біз де ұмытылмас көрініске куә болдық: қалың көпшілік үлкен экранда екі жыл бұрын қаза болған отандастарының суреттері көрсетіліп, аты-жөні аталған сайын «Бурда!» деп айқайлап, еске алып, құрмет көрсетумен болды. Көкжиек қайтадан ұлттық байрақтарының алқызыл түсіне боялды. Толқытатын көрініс.
Содан кейін Режеп Ердоған сахнаға көтерілді. Ол ұзақ әрі әсерлене сөйледі, оның әр сөзін халық гуілмен мақұлдап, әлсін әлі бөліп жіберді. Ол сөзін былай аяқтады:
- 15 шілде – бұл ұлттың жаңару күні. Түркияда әскери төңкерістер кезеңі біржола аяқталды. Енді ешкім де біздің халқымыздың тыныштығын бұза алмайды. Ал жаңа саяси жүйе елімізді нығайтып, бүкіл әлемге танытады.
15 шілде Түркияда Демократия мен ұлттық бірлік күні ретінде атап өтіледі.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді және бейнежазбаны түсірген автор
Атырау-Стамбул-Атырау