Атырау облысында соңғы екі аптада 4 адам суға кетті, ішінде 8 жасар қыз да бар. Ал жыл басынан бері 18 адам судың құрбаны болды, олардың жетеуі - балалар. Осы қайғылы статистика жыл сайын «тұрақты» артып келеді. Себебі не?
«АЖ» тілшісі Атырау аумағында кезекшілік атқаратын судан құтқарушылармен бірге жүріп қайтты. Өзеннің екі жағында да, «Атырау» ДСК алдындағы және Жилгородоктағы екі ресми жағажайдан басқа жерлерде де адамдар көптеп суға түсіп жүр. Құтқарушылар ескерту жасағанымен, бірі «қазір кетеміз, бұл жер біздің бала күннен шомылып жүрген жеріміз» десе, бірі арнайы жағажайлар үйлерінен алыс, суға түсу үшін қаланың бір жетінен екінші шетіне қалай барамыз деп уәж айтады.
«Батыс өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағы» ММ-нің сүңгуір құтқару бөлімшесінің бастығы Ербол БРАЛИЕВТІҢ айтуынша, суға кету оқиғаларының көпшілігі тыйым салынған жерлерде болған.
- Көпшілікке таныс қос жағажайда жыл сайын су астын тексеру жұмыстары жүргізіліп, шыны, тастардан тазаланып тұрады, басында құтқарушылар болады, қалқандар орнатылған, - дейді Е. Бралиев.
Роберт ГУМАРОВ, бас сүңгуір құтқарушы:
- Балықшы кентінің Жұмыскерге қарсы бетіне, Атырау-Ақпарат тұсына адамдар жиі суға түседі. Бұл жерлердің асты бетон, арматур мен темір терсекке толы. Тік жарлы жерлер жиі кездеседі.
Гүлнафис ТАҢБАЕВА, 103 жедел жәрдем қызметінің бастығы:
- Жағажайларға барғанда баласына ең алдымен ата-ана баскөз болуы тиіс. Суға батқан адам құтқар деп айқалайды ғой деп хабар күту қате түсінік. Тек жүзіп білетін адам ғана дыбыс шығара алады. Жүзу білмеген адам бірден батып кетеді.
Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ
Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор