Атырау, 26 қараша 02:54
 ашықВ Атырау -1
$ 498.51
€ 522.84
₽ 4.81

Еңбектің зияны жоқ

2 681 просмотра


2002 жылы Халықаралық еңбек ұйымы  12 маусымды балаларды құлдыққа салу, ауыр, заңға қайшы жұмыстарға тарту сияқты бала еңбегін қанаумен күрес деп жариялады. Ал «қарапайым» жұмыстарға келсек, көп адамдар балаларды еңбекке үйрету – дұрыс деп есептейді.  

- Жолдасымыз екеуміз вокзал маңындағы дүңгіршікте пойыздан түскен жолаушыларға ыстық тағамдар мен сусындар сатып шағын кәсіппен айналысамыз. Жазғы каникул кезінде бұл кәсіпке оқушы ұлымыз да араласып, жолаушыларға балмұздақтар сатады. Пайдасын өзіне қалдырады. Баланың ерте еңбекке араласуына қарсылығым жоқ, еңбектің дәмін татып үйренсе келешекте ақсаусақ болмай, жалқау болмай өседі,- дейді мақаттық танысым.

«АЖ» тілшісі Атырау облыстық білім беру басқармасына сауалдар жолдады. Басқарма басшысы Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВТІҢ қолы қойылған жауап келді.

- Кәмелет жасқа толмаған баланы еңбекке араластырарда ата-ана алдымен қандай талаптарға мән беруі керек?

- Балалар он төрт жастан бастап, ата-аналарының рұқсатымен оқудан бос кезiнде денсаулығына және өсіп-жетiлуiне оңтайлы, баланың дене бiтiмiне, тәрбиесіне және психикалық жай-күйiне зиян келтiрмейтiн қоғамдық пайдалы еңбекке қатысуға, сондай-ақ мамандық алуға құқығы бар.

- Балалар еңбегі қалай реттеледі?

- 14 пен 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер үшін еңбек тәртібі аптасына 24 сағаттан аспауы тиіс (яғни күніне 4 сағат), 16-18 жасқа дейінгі қызметкерлер үшін - аптасына 36 сағаттан аспауы керек. Ал, оқу жылы кезінде қатар жұмыс істейтін білім беру мекемелерінің 14-16 жасқа дейінгі оқушылары үшін - күніне 2,5 сағат, ал 16-дан 18 жасқа дейінгі оқушылар үшін күніне 3,5 сағат болып белгіленген. ҚР «Еңбек Кодексінде» камелет жасқа толмағандарға  рухани дамуына нұқсан келтіретін жұмыстарды (ойын бизнесі, түнгі ойын-сауық мекемелерінде жұмыс істеу, өндіріс, ішімдік, шылым өнімдерін, есірткі құралдарын, психотроптық заттарды сату және тасымалдау) істеуге тыйым салынған.

Нұрбейбіт НҰҒЫМАНОВ

13 маусым 2018, 11:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.