«АЖ» редакциясына Атырау облысы Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округіне қарасты шаруа қожалығының жетекшісі Сәбит ҚУАНЫШҚАЛИЕВ қоңырау шалып, бірнеше жылқысының өлгенін хабарлады.
- Бұл жылқыларды несиеге алған едім, енді қалай қайтарамын? – дейді Қуанышқалиев. - Өткен жылы да мал қырылды, құлындар мен бұзауларды қоспағанда 12 жылқы мен 15 ірі қара өлді. Менің хабарламамнан кейін ауданға облыс әкімінің орынбасары Әлібек НӘУТИЕВ бастаған бір топ мамандар келді. Бірақ нақты не көмек берілетінін ашып айтпады. Құдықтар ластанды дейді, көшу керек дейді. Бірақ қайда барамыз? Әкімдер, ең болмаса, Құрманғазы ауданындағы немесе Батыс Қазақстан облысындағы иесіз қыстақтарды алып беруге көмектессе жақсы болар еді. Көшіп барған жеріміздегі өсімдіктер мен құдықтардың бүлінбегендігін лабороториялық зерттеуден өткізіп анықтап берсе дейміз
Облыстық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Мақсот МҰҚАНОВ ахуалға былай түсінік берді:
- Жылқының неден өлгені анықтаймыз. Судың сапасынан болуы мүмкін. Өткен жылы осы ауданға қарасты құмдағы оншақты құдықтан сынама алған кезде судың құрамында тұз бен ауыр металдардың болуы анықталды. Енді ол орыннан шаруа қожалықтары көшуі тиіс,-дейді ол.
- Өткен жылдың көктемі мен жазында Исатай ауданы Тұщықұдық ауылына жақын Айбас, Мыңтөбе және Үштаған елді мекендерінде 262 жылқы мен 224 ірі қара қырылды. Жылқылардың белгісіз өлімінің себебі кейін анықталып, сақау ауруы аталған болатын, ал ірі қаралар өлімінің себебі әлі айтылмады. Неге?
- Ірі қарада ауру белгілері байқалмаған. Ал неден өлгенін білмеймін.
Лаззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті және бейнежазбаны түсірген автор